Көшбасшылыққа тәрбиелейді

Көшбасшылық – бұл басқаларға ықпал етіп, оларға дұрыс бағыт көрсету қабілеті. Көшбасшы – топты немесе қоғамды белгілі бір мақсатқа жетелейтін тұлға. Оқушылардың көшбасшылық дағдыларын дамыту – олардың болашақта жауапты, батыл, шығармашыл, және тиімді шешімдер қабылдай алатын азамат болып өсуіне ықпал етеді.
Жаңақорғандағы Оқушылар үйінде осындай қасиеттерге тәрбиелей алатын «Көшбасшы» үйірмесі бар. Жетекшісі Мархабат Еркінбайқызы көптеген жылдан бері қызмет етіп келеді. Көшбасшы үйірмесінде он баламен, кәсіби білім негізінде жаңаша жобалау арқылы көшбасшылық қабілетін дамыту және бірлескен мақсат жетістігіне қол жеткізу үшін қажетті қасиеттер қалыптастырудың жолдарын таныстыру, тұлғаның қоршаған ортадағы жүріс тұрысы, мәдениет дәрежесі туралы, көшбасшылыққа тән қасиеттерін зерттеу, белсенділіктерін анықтау, өмірлік өзін-өзі анықтауда көмек көрсету мақсатында жұмыс атқарады.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесі академиялық білім берумен бірге, оқушылардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отыр. Оқушылардың көшбасшылық дағдыларын дамыту, жасөспірімдердің көшбасшылық қасиеттерін ілгерілету – заман талабы. Ол – жас өркеннің болашақта тек білімді ғана емес, сонымен қатар жауапкершілікті, батылдықты және ұйымдастырушылық қабілеттерді бойларына сіңіруіне ықпал етеді.
Жаһандану заманында көшбасшылық қабілеттердің маңызы ерекше артып отыр, себебі көшбасшы тұлға болашақ қоғамның басқарып, прогреске жетелейтін негізгі күші бола алады. Көшбасшылық дағдыларын дамыту – болашақта табысты болудың кепілі, әрі ол оқушылардың қазіргі өмірінде де маңызды рөл атқарады. Оқушы көшбасшы бола отырып, өзіндік көзқарасы мен пікірін білдіріп, өз ортақ мүдделерін қорғап, топта жұмыс істеу дағдыларын меңгереді. Мұндай дағдылар мектеп қабырғасында игерілген болса, оларды өмір бойы қолдануға мүмкіндік береді.
Көшбасшылық жоғары тұрған басшылық орындарға ие болу дегенді білдірмейді. Ол күнделікті өмірде, топтық жұмыс кезінде, сыныптастармен қарым-қатынас кезінде де маңызды рөл атқарады. Мектеп кезеңінде көшбасшылық қабілеттері дамыған оқушы болашақта түрлі салаларда, соның ішінде бизнес, ғылым, мәдениет және саясат салаларында маңызды рөл атқара алады.
Міне, үйірменің мақсаты мен маңызы осында жатыр. Бүгінгі бала болашақтың бағыт-бағдарын түзейтін көшбасшы бола алады. Ол осы дағдылардан құралады.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ