Әкім шыршасы балақандарға қуаныш сыйлады
Биыл аудан әкімінің шыршасы аудан орталығындағы №289 орта мектебінде өтті. Бұл жаңа білім ошағы 2024 жылдың 15 қаңтарында пайдалануға берілген болатын. Қазір мұнда 450 оқушы білім алуда. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында озық білім сапасымен танылған оқу ошағында ұйымдастырылған әкім шыршасына келген аудан мектептеріндегі үздік оқитын және сайыс жеңімпаздары, көп балалы отбасыдан шыққан 30 балаға аудан әкімінің арнайы сыйлығы табыс етілді. Аудан басшысы Мажит Самитұлы жас толқынға төмендегіше тілегін жеткізді.
– Мемлекетімізде әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалған. Соның нақты дәлелі, қазірде қала мен ауыл мектебі арасында айырмашылық жойылып келеді. Сондықтан осындай қамқорлықтың аясында сабақты жақсы оқуға тиіссіңдер. Әрбір оқушы – жеке тұлға. Ол өзінің жаны сүйген ісімен айналысуға талаптануы керек. Сонда жақсы жетістіктерге жетесіңдер.
Мектеп қабырғасында оқу, білім алу – міндеттілік. Сендердің иықтарыңда тұрған тағы бір міндет – ол өзіңді табу, өмірдегі жолыңды табу, мақсатыңа жету. Заман күнде өзгеруде. Бұл білім алу парагдимасына да жаңаша мазмұн дарытып, мамандану бағытында да терең ізденісті қажет етеді. Соның арасынан өз жолыңды табу, сайып келгенде, сендердің жеке өмірлеріңе ғана емес, жалпы еліміздің мықты болашағына да қажет құндылық. Өйткені табысты қоғамның, кемел келешектің кілті сендердің қолдарыңда, – деді ол.
Әкім шыршасында балалардың қуанышын бөліскен арнайы топ құрамында аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек, аудандық білім бөлімі басшысы Нарымбет Көлжанов, ел ағаларының қатысуында жас түлектер мәз-майрам көңілде шыршаны айналып Аяз атаны ортаға алып би биледі. Жаңа жылға шашуларын ортаға салды.
Мектеп директоры Ұлан Әбдібекұлы білім ордасында 26 оқушының аудандық олимпиадада жүлделі орыннан танылғанын айтты. Ол ұжым атынан білім ошағындағы 20 аз қамтылған отбасының балаларына сыйлық үлестіріп, үйден оқытылатын 4 балаға жұмсақ ойыншық тарту етті. 2 отбасыға азық-түлікпен жәрдем көрсетілді.
Баян ҮСЕЙІНОВА