ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР ШЫРШАСЫ ӨТТІ
Жаңа жыл – үлкенді-кішілі барша адамның асыға күтетін мерекесі. Жыл сайын дәстүрге айналған мүмкіндігі шектеулі балаларға қуаныш пен көңіл-күй сыйлауды мақсат еткен осындай Жаңа жылдық шырша кеші бүгін М.Көкенов атындағыаудандықмәдениетүйінде "AMANAT" партиясы, Жаңақорған аудандық филиалы мен Жаңақорған ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өтті.
Оған мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінен қызмет алатын балалар қатысып, қуаныш пен шаттыққа бөленді.
Думанды кеш балалардың ертегілер еліне саяхат жасауымен басталды. Кеште көңілді сайқымазақтар мен әр түрлі жануарды сомдаған мәдениет үйінің өнерпаздары жиылған балалардың көңілін бір серпілтіп тастады.
Жаңа жылдық шараға "AMANAT" партиясы, Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Семсер Асенов балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтады.
Осыдан кейін қуаныштан бал-бұл жайнаған балалар өнерлерін ортаға салды. Балалардың бірі ән айтса, енді бірі өлең шумақтарын мәнерлеп оқыды. Ал кештің басты кейіпкерлері Аяз Ата мен Қарша қыз балалардың әрқайсысына сыйлықтар таратты.