Даярлық сыныбы – дамудың баспалдағы
Білім негізі – мектепалды даярлық сыныбында қалыптасады. Яғни, бұл кезең әрбір бүлдіршіннің үлкен өмірге алғашқы баспалдақ саналады. Бала балабақшадағы алаңсыз қолпынан белгілі бір деңгейде естиярлыққа қадам басады. Сауат ашу сабақтарына кіріседі. Сондықтан мектепалды даярлық сыныбының берері мол.
Даярлық сынып тәрбиешісінің міндеті шәкірттерін жан-жақты дамыта тәрбиелеуі керек, ал, мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің жаңа стандартын басшылыққа алу бала санасына үлкен серпін береді. Баланың қимыл-қозғалысы жеткілікті болғанда ғана денесі қалыпты дамиды. Сыныпта өткізілетін ертеңгілік жиындар, шаттық шеңбері, сергіту жаттығулары осы талаптарды көздейді. Ойын әрекеті барысында балалардың ой-өрісі қалыптасып, сан қырлы іс-әрекеттері дамиды. Осы мақсатта «Түлкі мен қоян» тақырыбында сабақ өткізіп келемін. Ондағы мақсат баланың сөйлеу қабілетін дамыту. Әр оқушы өз ойын ортаға салып, емін-еркін пікірін білдіре алады.
Осындай түрлі тақырыптарды қамту балалардың бойында қоршаған ортаға деген қызығушылық сезімін қалыптастырады. Өз ойларын ашық, еркін білдіруге үйренеді. Бұл үшін сауат ашу, тіл дамыту сабақтарында жаңа технология элементтерін көптеп пайдалану маңызды. Баланың дұрыс сөйлеуі және ана тілінде қарым-қатынас мәдениетін дамыту, ана тілінің дыбыстарын танып, дұрыс айтуды үйрету, оқуды меңгерту – басты мақсатымыз. Адамгершілік құндылық бағдарын, мінез-құлық нормасын, тәртіптік ережесін халықтық салт- дәстүр үлгісінде қалыптастыруды да естен шығаруға болмайды.
Баланың тұлғалық дамуын, мінезін тәрбиелеумен қатар жан-жақты болып өсуін қадағалау маңызды. Баланың мектепке даярлық кезеңі – оның жаңа жағдайға әлеуметтік психологиялық бейімделу мезгілі болып табылады. Даярлық сыныптың негізгі міндеті – баланың бастапқы жеке басын қалыптастыруды қамтамасыз ету, оның қабілетін анықтау және дамыту. Баланың бастапқы жеке басын қалыптастыруға, яғни балаларды мектепке бейімдеуіміз қажет.
Мектепке бейімделу кез-келген мектеп жасындағылар және даярлық сынып тәрбиеленушілері үшін ерекше маңызды. Себебі, баланың бастапқы іс-әрекетінің түрі өзгереді, бала тап болған әлеуметтік топ өзгереді. Бала тек қана сыныбына ғана емес, жалпы мектебіне, мұғаліміне, сондай-ақ мұғалімнің өзі жаңа оқушыларына бейімделуіне тура келеді. Әдетте, бұл процесте қиыншылық балабақшаға бармаған, әсіресе отбасындағы жалғыз өскен балаларда кездеседі.
Алғаш еңбек жолым балабақшадан басталып, қазіргі таңда №110 мектеп-лицейінде еңбек етіп келемін. Бастауыш сынып мұғалімі ретінде мектепалды даярлық тобының бала болашағына берері мол екенін айтқым келеді.
Ақбөпе ТӨЛЕПБАЙ