ӨКІЛЕТТІ БИЛІККЕ ОТЫЗ ЖЫЛ
Мемлекеттік биліктің бірден – бір бастауы – халық. Қоғамды демократияландыру жұмысында жергілікті өкілді органдар, яғни мәслихаттар халық билігінің негізгі формасы ретінде, өздерін көрсете білді. Тәуелсіздігімізбен бірге толысып, ел мен биліктің арасында алтын көпір орнатып, елмен етене, жұртпен жұмыла қызмет еткен мәслихат депутаттары өздеріне жүктелген міндеттерімен қатар сайлаушыларының аманатын жүзеге асыру жолында және еліміздің әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуы үшін, қажырлы еңбек етіп келеді. Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік шарада халық қалаулыларының мәртебесі биіктей түсті.
Салтанатты шараны аудан әкімі Мажит Самитов ашып, құттықтауын жеткізді. Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемовтің экран арқылы мерекелік тілегі тыңдалды. Кезек марапаттауларға жалғасты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқан бұрынғы және қазіргі шақырылымдағы мәслихат дапуттарына ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошановтың, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің, ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіптің құттықтаулары табыс етілді. Қызылорда облысының Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың шешімімен «Шиелі жарығы» ЖШС Жаңақорған аудандық филиалының директоры, аудандық мәслихат депутаты Жасұлан Амалбеков ауданның «Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Аудандағы барлық шақырылымындағы мәслихат депутаттары, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, кент, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен мекеме қызметкерлері қатысқан салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопыбеков сөз алып, жергілікті өкілетті органның қоғамдағы орны туралы баяндады.
– Мәлихат тарихына зер салсақ, 1993 жылдың 10 желтоқсанында «Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Бұл заң Қазақстан Республикасының жоғарғы Кеңесімен жергілікті мемлекеттік органдардың құрамын және атауын өзгертіп қоймай, облыс, аудан, қала аумағындағы халықтың өкілді органы – мәслихат депутаттары жиналысын қалыптастырды. 1994 жылдың 7 наурызында жергілікті билік органдары – мәслихаттарға алғашқы сайлау өткізілді. Міне, биыл тарихи кезеңдерді артқа тастап, мәслихатқа 30 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында 8 рет сайлау өткізіліп, халық өз таңдауын жасады. Бірінші шақырылымда аудандық мәслихаттың құрамы 25 адамнан болып, алғашқы сессиясын 2 сәуір 1994 жылы өтті, – деді.
Бірінші сайланған аудандық мәслихаттың қызметі еліміздегі терең қайта құрулар мен, атқарушы және өкілді органдардың жаңа құрылымын қалыптастыру кезеңімен тұспа тұс келді. Аудан бюджеті 19 млн теңге болып бекітілді.
Тарихи 30 жылдың ішінде мәслихат депутаттары елдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуы үшін маңызды 2500-ге жуық шешім қабылдаған. Атап айтқанда, аудан бюджетін бекіту және оның тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қадағалау, шаруа қожалықтары мен шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселелері өзекті. Сондай-ақ, жұмыспен қамту, алымдар мен салықтарды белгілеу, халық денсаулығын сақтау, зейнетақы мен балаларға төленетін жәрдемақылардың төленуі, бюджет кірістерін молайту, қоршаған ортаны қорғау, ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын арттыру, отандық және шетелдік инвесторлар арқылы инвестиция тарту бағытында нақты жұмыс жасап келеміз. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға жеке шаруашылық жүргізу үшін мал, тұқым сатып алуға, жекеменшік іс ашуға, кәсіптік оқудан өткендерге әлеуметтік көмек көрсету ережелерін бекітуде халық қалаулылары ізденісті іс-қимыл танытты.
«Ауызсу» бағдарламасын іске асыру үшін сметалық жобалау құжаттарынан үнемделген бос қаржыны бағыттау, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, жас мамандарды шақырту және оларды тұрақтандыру, қоғамдық тәртіпті нығайту, учаскелік полиция қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру басты назарымыздан түскен емес. Бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық өнімдерін жетілдіру, шаруа қожалықтарының несие алуымен қатар лизингтік әдіспен техника алуға көмектесу жолға қойылды. Жергілікті жолдарды жөндеу, ауылдарды абаттандыру мәселелерін шешуде атқарушы билікпен қоян-қолтық жұмыс істеу нәтижесінде көп жетістікке қол жеткізілді.
Мемлекеттегі қоғамдық-саяси жағдайдың жетілдірілуіне байланысты ірі саяси реформалар жүзеге асырылуда. Осыған орай, Мемлекет басшысының 2013 жылғы №55 Жарлығына сәйкес, ауыл әкімдерін сайлау аудандық мәслихат депутаттарының құзырына берілді. Сайлаудың өз деңгейінде өтуіне ел ертеңіне бейжай қарамайтын әрбір халық қалаулысы аса жауапкершілікпен атсалысты. Ауыл әкімдерінің алдағы жұмысында ашықтықтың болуы маңызды болғандықтан, әкімдер сайлау алдында бағдарламаларын таныстырудан бастады, ал депутаттық корпус сұрақ қоя отырып, үміткердің сауаттылығын да ескере отырып, өз қалауларын жасады.
Билік пен халықтың арасында ортақ мәмілеге жол ашып, қоғамдық шараларға қамқорлығын аямай, ел алдында беделі артқан кешелі-бүгінгі халық қалаулылары марапат мінберінен табылды. Солардың қатарында Сәулебек Дүйсебеков, Тұрдалы Қалдыбаев, Рақымбаба Құтыбаев, Мәжит Балқожаев, Жаңабек Тұрлыбеков, Әсемкүл Тілеубергенова, Баянбек Халжанов, Әбутәліп Сүйіндіков, Құлмағамбет Исаханов, Алмасбек Нәлібаев, Сәулебек Ысқақов, Әлібек Нәлібаев, Хазіретәлі Тұрсын, Бақытжан Абдуллаев, Есдәулет Сейілов, Сауранбек Елеуов, Әбусаттар Мырзабаев, Ғабит Үйсінбаев, Молдахмет Ибрагимов, Қуандық Қарақожаев, Әбдіхан Шайхов, Еркінбек Сапарбаев, Сермұхамед Оразгелдиев, Зағипа Әбжалелова, Бағлан Ерімов, Изатулла Үсенов, Бақыт Берділлаев, Данияр Досантаевтар «Мәслихатқа – 30 жыл» төсбелгісін кеудеге тақты.
Мерекелік шараның соңы облыс және аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты. Жас әнші Айсұлу Әбдінің орындауындағы «Сыр елім» әні, «Тұран» триосының орындауындағы «Кең дала» әні жүрекке жетті. Сондай-ақ, «Ақбикеш» би тобының биі көңілімізден шықты. Жас өнерпаздардың күй тартысына халықтың ыстық ықыласы артты.
ТҮЙІН. Ел аманатын арқалап, оны өз мезгілінде жоғары жауапкершілікпен атқарған халық қалаулылары әрқашан көптің құрметіне бөлене бермек. Мәслихаттың 30 жылдық тарихында өзінің ел алдындағы жауапкершілігін адал атқарып, ел мүддесін бәрінен биік қоя білген жерлестердің мерейі арта беруін тілейміз.
Мақпал МАРҚАБАЙ