Дүбірлі көкпар сайысы өтті
Қожакент ауылында Қызылорда облысының 85 жылдығы, Жаңақорған ауданының құрылғанына 95 жыл толуы қарсаңында және Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік еңбек ері Исатай Әбдікәрімұлының 100 жылдығына арналған ұлттық көкпар сайысы өтті.
Көкпар сайысының ашылу рәсімінде аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков құттықтау сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Саналы ғұмырында Сыр бойының ғана емес, тұтас қазақ елінің өрлеуіне белсене атсалысып, барлық ақыл-ойын, бай тәжірибесін аянбай жұмсап, парасаттылығымен халықтың жүрегінде жатталған Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов екенін біз әркез мақтанышпен айтамыз.
Бүгін біз Исатай Әбдікәрімовтің 100-жылдық мерейтойын туған елінде атап өту арқылы, игілікті істерін бүгінгі ұрпаққа жеткізуді өзіміздің елдік парызымыз деп санаймыз.!-деді мәслихат төрағасы.
Сайысқа Астана қаласы, Қызылорда, Түркістан облыстарынан келген 700-ге жуық көкпаршылар қатысып, бақтарын сынады.
Нәтижесінде Астана қаласынан келген көкпаршы, Түгіскен ауылының тумасы Наурызқожа Әмзеев атбегі Әнуарқажының атыменен "Lada granta" автокөлігінің жеңімпазы атанды.
Жайылмалық Бағдат кәсіпкердің атыменен түркістандық көкпаршы Бағлан Жәрменовке бір өгіз бастаған тоғыз сыйға берілді.
Ең көп салымға қол жеткізген көкпаршы Талап елдімекенінен келген Нұрлыбек Асқаров.
Қожакент елдімекенінен Маралбек Әмзеев бір салым салған болатын.