№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Экотуризм – экономиканың өзегі

Экотуризм – экономиканың өзегі


Туризм – ел экономикасына пайда әкелетін, кіріс кіргізетін сала. Әсіресе, елдің ірі мегаполистерінде туризмнен түсетін табыстың көлемі жыл сайын артпаса кеміген емес. Бірақ бұл саланың Қазақстанда әлі де кемшін тартып тұрған жағдайы бар. Басқа өңірді айтпағанда, Сыр елінің туризм саласына тың серпіліс керек. Бізде экотуризм саласын дамытуға арналған тарихи орындар мен әсем табиғат жетіп артылады. Тау мен тасы, құмы мен шөбі, өзен мен көлінің өзіндік келбетіне, тұмса табиғатының көркі мен ажарына таңырқамау мүмкін емес. Тек оны туризмге айналдыруға қамқор көзқарастың кемшін тартып тұрғаны рас. Бұл тақырып туралы талай сарапшылар мен тарихшылар тереңірек зерделеп, туризмді табыстың көзі, тарихты тірілту және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу деп бағалап, мінберлерде мәселе етіп көтеріп келеді.


Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қыз­меті хабарлағандай, елімізге келетін шетелдік туристердің географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Саяхатшылардың ең көбі Ресей Федерациясынан келген – 186,1 мың адам. Қытайлық туристер екінші орында – 69 918 адам. Үшінші орында Үндістаннан келген туристер (53 695 адам) тұр. Үздік бестікке Түркия (30 312) және АҚШ (19 597) саяхатшылары кірген.
– Әсіресе Үндістан, Түркия және АҚШ сияқты елдерден келетін шетелдік туристер санының артуы Қазақстанның әлемдік туристік картада тартымды бола түскенін аңғартады. Біз туризм инфрақұрылымын дамытып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшыларға қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз», – деді Туризм индустриясы коми­тетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Экологиялық туризм – туристік индустрияның ең жылдам дамып келе жатқан секторы, оның үлесіне әлемдік туризмнің 25%-ы тиесілі. Дүниежүзілік туристік ұйымға сәйкес экотуристер саны жыл сайын 20%-ға артып келеді. Таза және бүлінбеген табиғи объектілері көп Қазақстан экотуризмді дамыту үшін зор әлеуетке ие. Этномәдени туризммен үйлескен қызықты табиғи ландшафттар, бірегей экологиялық соқпақтар, тіпті ең талғампаз туристерді де бей-жай қалдырмайды.
Экотуризм ұғымы әлемдік туризм индустриясында 1990-жылдары қалыптасты. Чикагода өткен Халықаралық саяхат көрмесінде Дүниежүзілік туристік ұйым сарапшылары туризм саласына екпін берген мемлекеттерді: «Саяхаттайтын жердің жағдайы нашарласа, пайдаң азаяды» деп ескертті. Сол көрмеде табиғат аясына саяхаттауға негізделген «жасыл туризм» тренді бастау алып, дамыған елдердегі туристерді бірден орап әкетті. Қазірде көптеген мемлекеттер экотуризмді табиғатты қорғау және жергілікті аймақты дамыту құралы деп таниды. Міне, бұл бағытта біздің елде қолға алынатын шаруа шаш етектен. Табиғат ғана емес, дала төсіндегі киелі жерлер мен көркем жерлер де экотуризмге таптырмас құрал.
Жалпы туризм саласына инвестиция тарту өте өзекті мәселе. Бұл тақырыпта ірі компаниялар ғана емес, жекелеген кәсіпкерлер де көз жүгірте бастады. Оған дәлел, Түркістан облысы мен Шымкент және Алматы қаласындағы табиғат аясынан бой көтеріп жатқан демалыс алаңдары. Инвестиция тарту жөнінен озықтар қатарында Түркістан шаһары тұр. Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 47,5 млрд теңгені құрады. Өз кезегінде, 2024 жылы жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы сомасы 35,6 млрд теңгені құрайтын 37 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Айта кету керек, 2023 жылы облыстың туризм саласына 53,5 млрд теңге инвестиция тартылыпты.

Ауданның әлеуеті

Жаңақорған ауданы шипалы батпағы, ыстық суы, құнарлы жерімен ғана емес, тұмса табиғаты бір бөлек қазыналы тауымен де танымал. Қарт Қаратаудың баурайындағы әрбір төбе мен тасын түрте қалсаңыз тіл бітеді. Жаңақорғанның Швейцариясы саналған Жаманбай батыр ауылынан кенге бай Шалқияға дейін аралыққа көз тастап қарасаңыз қандай тамаша табиғатты көресіз. Қазақтың ғасырлар бойғы сан қилы тағдырының куәсі болған тау-тастың келбеті кім-кімді болса да қызықтыратыны анық. Осындай байлықты неге туризм орталығының бір бөлігіне айналдырмасқа?
Әрине, бұл оңай шаруа емес, дегенмен, жарнамасын жарқыратып, сұлулығын суреттей алсақ туристер келетініне шүбә жоқ. Бірақ оған біздегі ахуал, яғни қызметтік сервис дайын емес. Екіншіден, инфрақұрылымның нашарлығы үлкен кедергі. Біздегі отандық туризмнің бағын байлап отырған себептің бірі – бағаның қымбаттығы. Нақтырақ айтқанда, қонақ үй қызметі мен межелі маршруттар өтемі шет мемлекеттен бірнеше есе жоғары. Жақында елдегі маркетингтік сараптамалық зерттеу орталығы ауқымды мониторинг жүргізді. Орталықтың қорытындысы бойынша Қазақстанның бәсекелестік басымдылығы: таңғажайып мәдениетінде, бай табиғи әлеуетінде экотуризм екендігі анықталды. Яғни, тарихи-мәдени, сауықтыру туризмімен айналысуға мүмкіндік мол. Рас, бізде тамсана тамашалайтын, жалықпай көрікті жерлерді аралайтын орын жеткілікті.
Сан ғасырдан сыр шертетін тарихи, мәдени ескерткіштер тағы бар. Ең басты мәселе – осындай тұмса табиғатқа, тарихи таңғажайыпқа құмар шетелдік туристерді қызықтыра һәм тарта білу. Әрине, туризм – тек таныстыру не тартудан тұрмайды, ол қыруар табыстың қайнар көзі. Жақында Мемлекет басшысы Жетісуға барған сапарында экологиялық туризмді дамытуды тапсырған еді. Қора шатқалына туристерге көлікпен баруға қолайлы жағдай туғызу туралы да баса айтқан. Сол мақсат шеңберінде өңірде Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолға жөндеу жүргізу жоспарлануда. Одан да бөлек ілкімді істер қолға алынуда екен
Хош. Ауданда туризмді дамыту үшін қайтпек керек? Біріншіден. Шетелден не отандық инвестор тарту керек. Тартылған инвестиция есебінен туристтік маршруттың инфрақұрылымын, сауықтыру кешенін, стандартқа сай қонақ үй мен мейрамханасын салу. Екіншіден, туристік нысандарды маркетинг саласында жандандыру, яғни, үш тілде жарнамалау жағына баса назар аудару. Үшіншіден, туризммен айналысатын кәсіпкерлерді тарту үшін мемлекет тарапынан белгілі мөлшерде жеңілдетілген салық түрін ұсыну. Қорыта айтқанда, туризмнің түпкі мақсаты – келген қонақты күтіп, тайқазанға табыс түсіру. Келесі жолы қайта келетіндей әсерде қалдыру. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні туристің де туризмнің де тілін ұқсаң – табыстың көзі. Тек табыс көзі ғана емес, әлем қауымдастығы алдында Қазақстанның беделін биіктетеді.
Жаңақорған ауданында туризм саласы бойынша 18 субьект тіркелген. 5 шипажай, 2 балалар лагері, 8 қонақ үй, 3 демалыс орны. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі бойында жалпы құны 2 млрд 556 млн. теңгені құрайтын 6 жол бойы қызмет көрсету кешендері - В санатындағы 4, С санатындағы 2 жол бойы қызмет көрсету кешендері жұмыс жасап келеді.
Өңірімізде көркем жерлерді жеке кәсіпке айналдырып, табыс тауып отырған азаматтар жоқ емес. Мәселен, Шиелі ауданындағы “Бәйгеқұм” демалыс орны маусымдық кезеңде әжептеуір қазынаны толтырады. Бізде де байбағландар жетеді, осы кем-кетіктің орнын толтыруға неге болмайды? Тау бөктерінен зәулім ғимарттар салып, керемет демалыс орнына айналдырса жемісі де аз болмас еді. Бұл жөнінде әкімдікте талай талқылау болуда, бірақ қалталы азаматтар үйреншікті төрт түлікті көбейтіп, мемлекеттен тегін субсидияны алуға дағдыланып алған.
Жалпы туризмге қатысты шешімін таппай отырған мәселелер біздің ауданда аз емес. Бұл жайында аудандық спорт және туризм бөлімнің әдіскері Сүндетбек Ахметов нақты жауап берді.
– Ауданда белгіленген туристік маршруттардың бірі Ақүйік ауылдық округінің оңтүстік шығысында 25 шақырым қашықтықта орналасқан «Қатын қамал» үңгірі. 2021 жылы «Қатын қамал» үңгірін туристік орынға айналдыру мақсатында 25 шақырым жол салу жоспарланып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсыныс жолданған болатын. Алайда, бұл мәселе бүгінгі күнге әлі шешімін тапқан жоқ. Сонымен қатар, Қаратау сілемдеріндегі ежелгі таңбалы тастар, Бесарық өзенінің шатқалындағы ежелгі адамдардың жазған петроглифтері ерекше қызығушылық тудыруда. «Таңбалы тасқа» Жаманбай батыр ауылдық округінен ары қарай 20 шақырым жол салынып, қолжетімді болып жатса ауданымызда туризмнің дамуына өз үлесін қосары сөзсіз. Бұл ретте, Жаманбай батыр ауылдық округінің басшылығы сол тау етегінде кәсіптерін жүргізіп жатқан кәсіпкерлердің кәсібін жандандыру мақсатында төменгі пайызбен несие алуларына сүйемелдеу жұмыстарын жүргізсе, – дейді сала маманы.
Туризмді дамытуға не кедергі? Бірінші кезекте, инфрақұрылым екені айтпаса да белгілі. Сын көтермейтін сервис жайы да осы санатта. Әлбетте, туризм дамуының бірден-бір жолы – қонақ үй бизнесін дамытып, халықаралық брондау жүйесіне көшу, әрі қонақ үйлерде онлайн төлем жүйесінің (POS-терминалдар) қарастырылғаны жөн емес пе? Әсіресе, халықаралық стандарттарға сай болуы маңызды мәселе. Ұлы Дала өркениетінің орталығы болған Сығанақ шаһарының өзі неге тұрады?
– Шыны керек, біздің ауданның әрбір тауы мен топырағы жазылмаған дастан, айтылмаған тарих. Табиғаттың тосын сыйлары таусылар емес, біздің аудан нағыз экотуризмге лайықты деп бағаланғаны қашшан. Ескі қалашықтар мен тау етегіндегі таңбалы тастар, үңгірлерге саяхат жасау қазақтың өткенінен сыр шертіп тұрады. Айта берсек, туризм саласына сай келетін дала табиғатын әлем сахнасына шығару өте көп жұмысты қажет етеді, – деді тарихшы Әлімжан Ержанов.
Туризмді дамытуға ынталы кәсіпкерлер бар ма? Ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраны кеңінен танымал ету мақсатында этноауыл құрып, экотуризмді дамытып, табиғат аясында балық аулау, атпен серуендеу, қымызшұбат ішіп демалатын маусымдық демалыс орнын ашу – перспективалы жоба. Осы бағытта Ақүйік өзені бойынан этноауыл құрсам деп жүрген кәсіпкер бар. Ол – Нұрболат Әшіров. Оның бұл бизнесіне жолдың сапасыз болуы қолбайлау болып тұр. «Қаратаудың қойнауының табиғаты тұнып тұр. Таутасының сыры тереңде. Өзені қандай десеңші?! Адамдар рухани демалып, сергіп қалады. Сондықтан этноауыл құрып, демалушыларға жағдай жасасам деген ой бар. Бұған толық мүмкіндік те бар. Себебі жаз мезгілінде Ақүйік өзенінің бойында арысы Қызылорда қаласынан, берісі Шиелі, Жаңақорған ауданының тұрғындары келіп демалады. Кейде өзен жағасынан орын таппай қаласыз. Келушілерге сервистік қызмет көрсетіп, табыс табуға болады. Алайда жол мәселесі мен электр жүйесі оңтайлы шешімін таппағаны қиындық туғызады» – дейді кәсіпкер.
Айта берсек, бұл саланың болашағына үлкен бастама мен жарқын жобалар керек. Ол үшін мемлекеттен бөлек, жақсы инвесторлар да қажет. Бұл алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа, тек табиғаттың тылсым сырлары, сұлу ажары келбетімізге көрік беріп тұрғанда табыс тауып, ел әлеуетін көтеріп алғанға не жетсін...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
19 қараша 2024 ж. 105 0