№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Дала академигі


Ғылымға ендірген жаңалығын алдымен өздері кеңінен кәдеге асырған ауыл еңбеккерлерінің Керімхан Егізбаев ағамызға шын пейілімен еншілеткен атақтың үлкені осы. Халықтың берген бағасынан артық не бар?


Еңбекпен жетіліп, бойда бар ай­рықша қабілеті айдарынан жел естіріп, ой-қиялының өркенін кеңге жайқалта алған жүрегі кең ғалым ағамыз бейнет пен береке өзектесе өрілген өмір толқынында желіп жүріп жетпіс бестің желкенін бағындырғанын өзі байқамай қалыпты.
Оның себебі бар. Ешқашан есіл уақытын қарақан басына сарп етіп көрмеген еңбек адамы жалғаннан еншілеген ерекше болмысы – еркіндікті қамал етіп, бар саналы ғұмырын үміт пен күдік кезек алмасып, түбінде нәтижеге қауыштырған ғылым көк­жиегіне нартәуекелге арнапты. Оған өзі еш өкінбейді. Өйткені осынау жолда төгілген маңдай тері маржан жемісін беріп, маң даласының молшылық дәулетін келешектің де игілігіне жа­рар төлтума жаңалықтарымен еселей түскеніне ел куә.
Халықтың ортақ мүддесі жолында үлгілі еңбегімен танылған тұлға туралы кеңінен әңгімелесек, ол төмендегіше өріледі.
Егізбаев ең алдымен пешенесіне туып-өскен жеріне басшылық ету нығметі бұйырған екі азаматтың бірі. Ол кездері саясат солай ма, аудан­ның басшылығына кадр өзге жақ­тан тартылды. Жаңақорған аудандық атқару комитеті төрағасы болып қыз­мет атқарған Зұлпыхар Мұсаханов­қа, Керімхан Егізбаевқа келгенде осы қағиданың қағыс қалуы, ол да бір тағдырдың тартуы.
Жаңақорған ауданының терри­ториясы ертеде 8 болыстық болған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін бұл кеңістік Жаңақорған ауданы болып қалыптасты, негізгі халық шаруашы­лығы мәселесі аудандық Советі атқару комитеті қарауына өтті.
Түгіскен суармалы массивінің иге­рілу мәселесі туралы Қонаевтың қа­был­дауында болған Зұлпыхар Мұсаха­новтың ұсынысы қабылданып, орта­лық комитеттің арнайы шешімінен кейін тың жатқан алқапта қызу тірлік басталды. Магистральді Келінтөбе қазіргі Мұсаханов атындағы канал, басқа да үлкенді-кішілі ішкі каналдарды қазу, магистральді К-1 және К-2 қашыртқыларын салу, жер бедерін күріш ауыспалы егісіне бейімдеп тегістеу қолға алынды.
Тұрғын үйлер, клуб, мектеп, аурухана, дүкен құрылыстары жүрді. Осы жылдары 10 елді мекен бой көтеріп, 7 шаруашылық құрылды. Зұлмат жылдары Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстанға ауа көшкен жергілікті халық қайтып үйірін тауып, бас біріктіріп,Түгіскен алқабын түлетуге ынта-жігерімен кірісіп кетті. Бүгінде 140 мың гектардан аса суармалы жер арнайы инженерлік жүйеге келтіріліп, 40 мыңға жуық халық өсіп-өніп жатыр.

Жаңалық атаулы жанашырлықтан туады


Ауылда туып, еңбек етіп, еңсесі биік белестерді бағындырған Керімхан аға ғылым жолына қалай келді?
Әкесі Егізбай мен анасы Нәуетек колхозда жұмыс істеді, екеуі де коммунист болды. Соғыс басталғанда майданға аттанған әкесі снайпер-атқыш болып, елге 1946 жылы бір-ақ оралған. «Қызыл Жұлдыз», «1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» орденімен, 6 жауынгерлік медальмен марапатталған. Жүгері дақылын мол егіп, ВДНХ-ның құрмет медалімен марапатталған.
Жауынгер әке өнегесімен кішкентайынан тал бойына қайратты мінез жамап өскен ұл-қыздарының барлығы әр салада бір-бір тұлға десек жаңылыспаймыз.
Солардың белортасында еркін өскен ұлан №55 Бірлік орта мектебінде оқыды әрі бір мезгілде механизатор мамандығын меңгеріп шықты. Талабы тас жарған жалын жүрек кеңшарға жаңадан келген МТЗ тракторын тізгіндеп тап-тұйнақтай тірлігімен ерте көзге түседі. Жас жігіт Қауық учаскесіндегі жүгері өсіру звеносына жетекшілік етеді. Осындағы қарауына бекітілген 50 га жүгеріден жылма-жыл жоғары өнім алған нәтижемен көзге түседі.
1968-1670 жылдары ГДР - дағы Потсдам қаласында әске­ри міндетін өтеп оралады. 1972 жылы Алматы қаласындағы мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсіп, оны 1977 жылы үздік дипломмен бітіріп, мемлекеттік комиссия шешімімен осы институттың аспирантурасына сынақсыз қабылданады. Бірақ туған ағасы Жарылханның қайғылы қазаға ұшырауына байланысты ата-ана жанына келуіне тура келеді. Сөйтіп, 1977 жылдан Келінтөбе кеңшарында бөлімше агрономы, бас инженер-гидротехник, одан әрі Түгіскен кеңшарының бас агрономы болып қызмет атқарады. Оның үздік еңбегі ескеріліп, Жаңақорған аудандық партия комитеті ауылшаруашылығы бөлімінің нұсқаушылығына жоғарылатылды.
1981 жылы КПСС орталық комитетінің шешімімен агроөнеркәсіптік бірлестіктері құрылып, Керімхан Егізбаев аудандағы бірлестік бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ал 1985 жылы КПСС 23 сьезі атындағы кеңшарды басқаруға жіберіледі. Осы кездері істің көзін терең білетін білікті маман экономикалық әлеуметтік көрсеткіштері кейіндеп, басшылары қызметтік және қылмыстық жауапкершілікке тартылып, көш соңында қалған шаруашылықты екі-үш жыл ішінде рентабельдігін 178 пайызға жеткізіп, республикада алдыңғы орынға шығарады. Сол кездегі ҚР ауыл шаруашылығы министрі В.П.Моторико баяндамасында совхоздың жетістіктеріне арнайы тоқталып көпке үлгі етеді.
Бұл кездері елдімекенге 25 мың түптен аса саялы ағаштар егіліп, ауылішілік 20 шақырым көшелерге тас жолдар салынды. Артезиан қазылып, ауызсу мәселесі шешімін тапты. Ауыл ішіндегі арықтар қайта жөнделіп, жаңадан салынып, совхоз орталығы аяқсумен толық қамтамасыз етілді.
50 орындық екі қабатты емхана мен аурухана бой көтерді.Орталық қырман қайта жаңғыртылып, кеңшар арнайы ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіретін шаруашылыққа айналды.
Ол шаруашылықты жүргізу механизміндегі техно­голиялардың барлығын дерлік ғылыми негізделген салаға ауыстырды. Сегіз танапты күріш ауыспалы егісігіндегі күріш дақылының орналасу үлесін 87,5 пайызға негіздеп, өнімділікті 45-50 центнерге, күздік бидайды 60 центнерге, арпаны 45 центнерге, жүгеріні 65 центнерге, жоңышқаны 200 центнерге көтеріп, еңбекшілер табысы 3-4 есеге дейін өсті. Жүгерінің сабағын ылғал күйінде майдалап, одан «корнаж» сүрленген дән жасалынып, ол ірі қара малының бордақылау мерзімін қысқартып, өніміділігін 1,5 есеге дейін көтерді. Жоңышқаны тайлап (престеп) жинау тоқтатылып, қуатты комбайнмен ұсақталып жиналып, тиімділігі орасан зор табыс әкелді.
Осы жетістіктердің түп негізінде іс басындағы азаматтың іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетінің еректігі өз алдына, ғылыми потенциалының қуаты да ерекше екпін берді. Жүрген ортасында алған білімді тәжірибеде ғылыми түрде дәйектеуімен ылғида жоғары жетістікті еншілегенін ескерген ғалым оны одан әрі ұштап, жетілдіре түсу мақсатымен Алматыдағы Академик В.В.Вильямс атындағы Қазақ ауылшаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білімін жалғап, сегіз танапты күріш ауыспалы егістігінің барлық қыр-сырын зерттеуге кіріскен. Нәтижесінде, күріштің «Авангард» сортын, «Венгрия» жүгерісін, Польшаның шығарған гибридтерін, Өзбек ақ жүгерісін, жоңышқаның жетісулық жергілікті сорттарын аудандастырып егу тәсілін меңгерді. Аудан шаруашылықтарының барлығы осы сорттар мен гибридтерді егуді қолға алды. Сегіз танапты күріш ауыспалы егісінде күздік дақылдар егудің , өсірудің технологиясын дүние жүзі бойынша алғаш рет ғылыми түрде зерттеп, дәлелдеп, алғаш рет практикалық түрде өндіріске енгізді. Бұл еңбек кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылды. Суды үнемдейтін және мол өнімге қол жеткізген бұл ғылыми зерттеу күріш дақылы тарихындағы бірден-бір тәсіл болып қабылданып, ғалымның еңбегі жанды. Қазіргі таңда бұл әдісті дүние жүзіндегі күріш дақылын егетін елдердің барлығы пайдаланып, іске асырып келеді.
Егізбаевтың шаруашылықты басқару тәсілдеріндегі еңбектері ескеріліп 1990 жылы Халық депутаттары Жаңақорған аудандық Советі атқару комитететінң председательдігіне сайланды.
Тоқсаныншы жылғы қайта құру кезінде басшылық қызмет атқару ешкімге оңай болмаса керек. Осы кезеңдері ауданда 6 орта мектеп, 1 орталау мектеп, 2 бастауыш мектеп пайдалануға берілді. 11 елді мекен арасына тас жолдар салынып, үлкен автотрассаға қосылды. Әсіресе, Қосүйеңкі елді мекеніне барар жолда көлік қатынасы қиын болды. Қыс-көктем қар-жаңбырлы күндері ең қуатты деген К-700 тракторының өзі батпаққа батып жолаушылар жаяулап жетіп жүрді. Жол салу мәселесі қанша рет көтерілгенімен іске аспай келді.
Халық депутаттары Жаңақорған аудандық кеңесі атқару комитететің төрағасы болып сайланған Керімхан Егізбаев жұмысты осыдан бастады. Қосүйеңкі мен Қыраш елді мекеніне қарай тас жол төселді. Ауданның барлық елді мекендеріне барар жолға тас төселіп, асфальттанды.
1992 жылы Үкіметтің арнайы жарлығымен атқару комитеттері таратылып іскер басқарушы іргелі шаруашылық Келінтөбе совхозына директорлық қызметке жіберілді.
Ол 1994 жылдан бастап ғылыммен тікелей айналысу мақсатында «Ғылыми-өндірістік «Агротехнология» корпо­рациясын ұйымдастырып, осы күнге дейін ғылыми өндірісті ұштастыра жүргізу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ғалым азаматтың әсіресе мал шаруашылығындағы жаңалықтары бір төбе. Бұрын қолданбаған ірі қараның ет бағытындағы Америкалық «Санта-Гертруда» асыл тұқымды ірі қараны облыс бойынша алғаш рет жерсіндіріп, оның басын 400 басқа жеткізді. Репродуктор шаруашылық ретінде осы тұқымның өгізшелерін Қазақстан Республикасының басқа өңірлерне сатып, мал басын асылдандыратын көбейтуді іске асырып келеді.

«Ғылым жетістігіне сүйенбей жұмыс істеу – кетпеніңді тасқа шапқанмен бірдей» деп түсінеді. Ол әсіресе дәнді дақылдар саласындағы селекция ғылымымен нақты айналысқан тұлға. Көптеген күздік бидай, арпаның жаңа сорттарының қосымша авторы, сонымен қатар облыстағы негізгі дақыл – күріштің «Айкерім атты жаңа сортының авторы болып саналады. «Ай Керім» сортының егістіктегі жоғарғы өнімділігімен, 100 пайыз шынылығымен айрықша екенін барлығы мойындайды. Өнім сапасының жоғары болуына сай егіс көлемі жыл санап ұлғайып келеді.
Ол 2000 жылдың 7 қарашасында ел Президентінің қабылдауында болып, Оңтүстік аймақтың суармалы егістік жағдайына тарихи бетбұрыс жасалуына жол ашты. Тарқатып айтар болсақ, суармалы судың көлеміне тәуелді Қызылора облысының және Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара, Отырар, Түркістан аудандарының алдағы кезеңде өмір сүру тағдырын шешетін «Көксарай» су қоймасын салу жөніндегі ұсынысы қолдау тапты.

Сөйтіп, Үкіметтің арнайы зерттеуінің нәтижесінде 2001 жылы 27 сәуірде «Көксарай» су қоймасының құрылысын бастау жөнінде Президенттің шешімі шықты.
«Көксарай» су қоймасы салынып пайдалануға берілді. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт қойма ел үшін қызмет етіп келеді. Оның тиімділігіне нақты көз жетті. Қойма «Көксарай су реттегіші деген атпен тарихта қалды.
2000 жылдан кейін де талай рет су таппшылығы, мұз жылжуы кезеңіндегі топан су апатынан «Көксарай су қоймасы халықтың, мал-жанның аман қалуына үлкен пайдасын тигізді. Осы қоймадан қосымша келетін 2,0-2,5 млрд м куб су алаңсыз өмір сүру мүмкіндігін туғызды. Оның үстіне көктемде су тасқынынан қорғану үшін қолданылатын іс-шараларға бөлінетін бірнеше миллиардтаған қаражаттың үнемделуіне жол ашты.
Қазір Керекең Көксарай су реттегішін қайта рекон­струкциялап, қайта жөндеп, оның сыйымдылығын 3,0-3,5 млрд м кубқа жеткізуді биліктің назарына салып келеді. Суармалы егістің негізгі күре тамыры Келінтөбе магистральді каналы жер бедеріне сай Сырдария өзенінен жоғары орналасқандықтан, өзен бойымен аққан судың көлемі 250 м куб секундтан кем болса,канал тиісті суармалы суды ала алмайды. Кемінде ағыс көлемі 350 м куб секундтан кем болмауы крек. Ал ондай су көлемін ұдайы алып тұруға жоғары сағада орналасқан қоймалардағы су көлемі жетіспейді.
Жаңақорған ауданының егін шаруашылығы суармалы су деңгейі Сырдария өзенінде төмен болған жағдайда үлкен қиыншылыққа әкелетіні белгілі. Керекең осы күрделі мәселені аудан, облыс басшылары мен министрліктің алдына ұдайы қойып, осы мәселе толығымен орындалса деп армандайды.
Жетпіс бес жылдық белестің басты қағидасы осындай.
Туған жеріміздің тұлғалы азаматының еңбектері орынды бағаланып, 1981 жылы «За трудовую доблесть» медалімен, 2016 жылы «Ауыл шаруашылығы үздігі» медалімен, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық және 30 жылдық медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2007 жылы Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы атағын алды.
Ол 2002 жылдан бері «Ауыл» ХДПП партиясының Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы. Келінтөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Отбасында жары Айзада екеуі 4 ұл-қыз өсіріп, тәрбиеледі. Олардан 16 немере, 3 шөбере көрді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
16 қараша 2024 ж. 382 0