Жастар нашақорлыққа қарсы
Жастардың әлеуметтік жағдайы, оның ішінде нашақорлыққа қарсы күрес қазіргі қоғамның басты мәселесіне айналды. Осы бағытта қабылданып жатқан шаралар мен келелі кездесулер жастарға көбірек көңіл бөлініп жатқанының айғағы. Апта ортасында Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде облыс әкімдігі мен облыстық прокуратураның бастамасымен жарияланған «Нашақорлыққа қарсы бір айлық акциясы» аясында студенттермен кездесу өткізілді.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, аудандық прокуратураның аға прокуроры Берік Байсбаев және аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов қатысып, жастардың ой-пікірін тыңдады. Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов қазіргі уақытта нашақорлық қоғамдық ауқымдағы маңызды мәселе болып тұрғанын атап өтіп, жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сондай-ақ, аудандық прокуратураның аға прокуроры Берік Байсбаев жат қылықтардан сақтануға үндеп, оған қылмыстық жауаптылық бар екеніндігін түсіндірді. Сонымен бірге, тақырыпқа сай әзірленген бейнеролик көрсетілді.
Шыны керек, соңғы кездері жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауданда түрлі мәдени, рухани және спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Әсіресе, спорттық турнирлер жиі төбе көрсетіп, жастардың әлеуеті анықталып жүргені қуантады. Бұл да болашаққа жарқын қадам басқанымыздың айқын көрінісі.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ