» » Дәрі-дәрмекті қаншалықты заңды жолмен жасалғанын тексеретін қосымша іске қосылды

Дәрі-дәрмекті қаншалықты заңды жолмен жасалғанын тексеретін қосымша іске қосылды



Тұтынушылар дүкеннен азық-түлік сатып алғанда тауардың сапасына, шыққан күніне мән береді. Ал дәрі алғанда оның қашан және қаншалықты заңды жолмен жасалғанына көңіл бөле бермейді. Енді оны «Нақты өнім» мобильдік қосымшасы арқылы тексеруге болады. Бар болғаны дәрілік заттағы белгіні сканерлейсіз. Ары қарай сізге препараттың қай күні, қай елде шыққаны құрамы, тіпті соңғы рет қай дәріханада сатылымда тұрғанына дейін көрсетіледі.

— Бұл жөнінде мен бірінші рет біліп тұрмын сіздерден. Негізі жақсы болды. Әсіресе ата-аналар үшін. Неге? Себебі біз витаминдер аламыз, дәрілер аламыз, — дейді Астана қаласының тұрғыны Аягөз Шойынбаева.

Бұл ретте ескеретіні — дәрілерді міндетті түрде таңбалау осы жылдың шілдесінен басталды. Сондықтан осы мерзімге дейін шығарылған препараттарда ақпарат не код болмауы мүмкін.

— 2022 жылдан бастап дәрілерге матрикс код енгізу басталды. Сол уақытта 90 дәрілік препарат анықталды. Биыл барлығына міндеттелді. Елге жеткізетін өндірушілер мен тасымалдаушылар таңба басады, — дейді Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жөніндегі жоба жетекшісі Анар Кәрібаева.

Таңба арқылы тексеру біріншіден — денсаулық кепілі. Екіншіден — тауардың қаншалықты заңды жолмен шыққанына және оған салық төленгеніне куә боласыз.

— Бізге, балабақша, мектеп, жол керек. Ал оның барлығы салықтың қаражатына салынады. Сондықтан бұл жерде тұтынушы өзінің ғана емес, мемлекеттің де мүддесін қорғайды, - дейді Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл департаментінің директоры Нұрлыбек Исабеков.

Қосымша арқылы тұтынушы «халықтық бақылау» жүргізе алады. Егер тауарда таңба болмаса немесе код жалған болып шықса шағымдана алады. Бағдарлама «Е-өтініш» платформасымен интеграцияланған. Бірден өтініш мемлекеттік органдарға түседі. Шағымды анонимді жазуға болады.
28 қазан 2024 ж. 266 0