№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

№86 (8797) 29

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жалған дәрі-дәрмектің жолын кеседі

Жалған дәрі-дәрмектің жолын кеседі


Биылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті таңбалау басталды. Үкіметтің қаулысымен міндетті таңбалауға жататын дәрілік заттардың тізімі белгілі болды. Ең әуелі өндірілген дәрілік заттар міндетті түрде таңбаланады. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, міндетті таңбалау көлеңкелі бизнестің алдын алып, жалған медициналық препараттар өндірісіне тұсау салады.


 Көлеңкелі бизнес пен түпнұсқа өнімнің жалған көшірмелерін жасау жағынан фармацевтика саласы да кенде емес. Мұндай заңсыздық, әсіресе COVID пандемиясы кезінде ушығып кетті. Ресми дерекке жүгінсек, 2020 жылы дәріханалардан тыс жерлерде қауіпсіздік лицензиялары мен сертификаттары жоқ дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды заңсыз сатуға қатысты 300- ден астам жағдай анықталған. Заңсыз айналымнан құны 230 млн теңгеден асатын 10 млн бума дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым тәркіленген.

 Ал былтыр Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитеті Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен бірге, 100 тонна көлемінде дайын өнім сақталған жалған дәрі-дәрмек жасайтын үлкен астыртын цехты анықтаған болатын. Міне, осындай заңсыздықты болдырмас үшін және халықты сапалы медициналық препараттармен қамтамасыз ету үшін елде дәрі-дәрмектерді міндетті таңбалау қолға алына бастады.

 Цифрлы таңбалаудың Қазақстандағы бірыңғай операторы – «Қазақте-леком» АҚ Цифрлы экономиканы дамыту орталығы. Оның бас директоры Бикеш Құрманғалиеваның айтуынша, дәрілік заттарды цифрлы таңбалау кезеңкезеңімен енгізіледі және бұл жоба фармацевтикалық саланы дамытуға жаңа серпін береді. «Цифрлы таңбалау көлеңкелі нарықпен күресуге бағытталған. Жоба елдегі дәрілік заттардың қозғалысын цифрландыруға, олардың қадағалануын қамтамасыз етуге, сол арқылы нарықты ашық етуге мүмкіндік береді», – дейді бас директор.

 Ал осы орталықтың «Дәрілік заттар» тауар тобы бойынша жоба жетекшісі Жанна Оспанованың айтуынша, дәрілік өнімдерді цифрлы таңбалау нарықты контрафактілік өнімдерден қорғайды, адал өндірушілерді қолдайды. Осылайша, республика бойынша дәрі-дәрмек айналымының сұр схемаларының алдын алуға септігін тигізеді. Сондайақ тауарларға таңбалау енгізу оларды қадағалауға мүмкіндік береді және өндіріс қуаты талданып, тауарлардың дистрибьюциясы реттеледі.

 Бүгінде дәрілік заттарды міндетті цифрлы таңбалау Ресей Федерациясында енгізіліп, АҚШ пен Еуроодақ, Түркия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Қытай, Италия, Аргентина елдерінде белсенді жүргізіліп жатыр. «Таңбалаудың арқасында тұтынушы да ұтады. Әрбір пациент немесе клиент Naqty Onim арнайы мобильді қосымшасының көмегімен тауардың түпнұсқалығын тексере алады және сатып алынған дәрі-дәрмектің сапасы туралы ақпарат ала алады», – деп түсіндірді Ж.Оспанова.

 KHIDI институтының мәліметінше, отандық дәрі-дәрмек өндірісі жалпы медициналық препараттар айналымының 17 пайызын құрайды. Импорт – 83 пайыз болса, фармацевтикалық нарықтың шамамен 12 пайызы – заңсыз айналымда. Сондықтан сарапшылар бұл мәселені цифрлы таңбалау арқылы шешу маңызды деп отыр. Қарағанды фармацевтикалық кешенінің өндіріс жөніндегі директоры Владимир Фоль мер дәрі-дәрмектерді таңбалау бойынша қанатқақты жобаның қатысушысы ретінде компания таңбалауды енгізуге дайын екенін жеткізді. «Қанатқақты жобаға қатысу барысында біз таңбалауға қатысты барлық негізгі мәселені зерттедік. Таңбалаудың басты артықшылығының бірі қоймаларда қанша дәрі-дәрмек қалғанын бақылай аламыз. Демек бірінші қажеттіліктегі дәрі-дәрмектер қорын дер кезінде анықтап, өндірісті дұрыс жоспарлауға қол жеткіземіз. Бұл өз кезегінде елдегі дәрілік өнімдердің жетіспеушілігінің алдын алатынына сеніміміз мол», – дейді жоба қатысушысы.

 Цифрлы экономиканы дамыту орталығының мәліметінше, дәрілік заттарды таңбалаудың қанатқақты жобасы 2019 жылдың 1 қыркүйегінен 2021 жылдың 31 шілдесіне дейін жүргізілді. Қазіргі таңда бірыңғай оператор нарықтың цифрлы таңбалауға дайындығы мәселесін пысықтап жатыр.

 Ал жақында Үкімет дәрілік заттарды таңбалауды бақылау таңбасының шекті құнын анықтап, Премьер Министр дәрілік заттарды таңбалау тарифін 2,4 теңге мөлшерінде белгілеу туралы қаулыға қол қойды. Белгілі болғандай, дәрі әлеуметтік маңызы бар өнім саналғандықтан оған ең төменгі тарифтік мөлшерлеме белгіленген. Үкімет белгілеген таңбалау құны – қазіргі уақытта өнім топтары арасындағы ең арзан цифрлы таңбалау тарифі көрінеді.

 Дәрі-дәрмектерді таңбалау және бақылау жобасына фармацевтика саласының 23 өкілі қатысқан. Олардың арасында өндірушілер, дистрибьюторлар, медициналық және дәріхана ұйымдары бар. Препараттардың 18 сауда атауы Data Matrix кодымен таңбаланды және оның бәрі өндірушіден немесе импорттаушыдан сатылымға түскенге дейінгі барлық қадағалану кезеңінен өтті, дейді орталық мамандары.
10 тамыз 2022 ж. 309 0