№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Келінтөбеге 60 жыл

Келінтөбеге 60 жыл


Бұдан алпыс жыл бұрын малға қоныс, шаруаға жайлы қойнауына біртіндеп ел келіп қоныстанып, күнкөрісінің қазығын тіктеген, кейін келе қанатын кеңге жайған Келінтөбе ауылы ауданымыздағы халқы көп, келешегі де кемел тарихи мекен. Түгіскен массивінің игерілуіне байланысты Келінтөбе су арнасы қазылып, мемлекеттік деңгейде жоспарлы жұмыстардың жүйелі жүруі жергілікті жерді құтты қоныс еткен халықтың қарасын қалыңдатты. Қазірде елді мекенде 4 мыңға жуық тұрғын халық мал және егін шаруашылығынан басқа жеке кәсіптің заманауи трендтерімен өмір сапасын арттыруға талап етіп келеді. Шағын және орта бизнес саласында шаруасын дөңгелетіп отырған іскер азаматтар түрлі кәсіптің көзін тауып, ауыл халқының жұмыспен қамтылуына жағдай жасап отыр.


Сенбі күні Келінтөбе ауылының құрыл­ғанына 60 жыл толған мерейтойы кең көлемде аталып өтіп, шарада ауыл тұрғындарымен қатар осы өлкеде туып-өскен, қазір еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүрген ағайын бас қосты.
Мерекелік шараны ашқан аудан әкімі Мажит Самитұлы жылы лебізін білдірді:
– Құрметті ауыл тұрғындары! Биыл береке-бірлігі жарасқан Келінтөбенің қазығы қадалғанына 60 жыл толып отыр. 25 қазан – Республика күнімен орайлас келіп отырған атамекеннің алпыс жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтаймын.
Біздің ұлттық құндылықтарымыздың түп тамыры ауылдан басталады. Ауыл – халықтың тұрмыс салты, мәдениетіміз бен дәстүріміздің, рухани тіршілігіміздің қайнар көзі.
Оңтүстігінде Келінтөбе төбесі мен күн­шығысында Жыңғылдысай көлінің аумағына келіп қоныстанып, ежелгі аңыздың ізімен «Келінтөбе» атанған елді мекеннің бүгінде берекесі артып, үлгілі елді мекендердің біріне айналды. Осы қасиетті топырақтан қаншама таңдаулы, ел басқарған азаматтар шықты. Солардың қатарында қоғам қайраткері Қозтай Әбуов, Еңбек Қызыл Ту ордені иегерлері Керуенбай Ысқақов, Үміт Қарымсақова, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Сыйлығының лауреаты, ақын Есенғали Раушанов, Мәдениет қайраткері, сазгер Жалғас Кеңесов, жазушы Жанат Ахмадиевтер, бірі қазақ әдебиетіне, бірі ауыл шаруашылығы саласына айрықша қолтаңбасын қылдырып, өңірге ғана емес, елге танымал тұлғалар ретінде есте қалды.
Терең тарихы бар ауыл бүгінде ажарлы кейпімен, базарлы тұрмыс-тіршілігімен аудандағы алдыңғы қатарлы елді мекен қатарында саналады. Жыл сайын жаңа нысандар бой түзеп, кәсіпкерлік саласы да кеңінен қанат жаюда. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 101 миллион теңгеге 6 көше күрделі және орта жөндеуден өтті. Ауыл балалары қауіпсіз жүріп-тұру мақсатында Әуезов көшесі мен мектепке дейінгі аралықта жаяу жүргіншілер жолы салынды. Биыл үш көшені жарықтандыруға 71 миллион теңге, 25 көшенің электрлі желілік жүйесін қайта жаңғыртуға 410 млн теңге қаржы бөлінді. Оған қоса жаяу жүргіншілер жолын салуға 12 млн теңге, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына 35 млн теңге қаржы бөлінді. Тұрғындардың ауыз суды тұрақты пайдалануына жағдай жасау мақсатында 120 млн теңгеге су мұнарасы қайта жаңғыртудан өтті. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жоба құны 423 млн теңге болатын спорт кешені құрылысы жүргізілуде. Сәтін салса, келер жылы халық игілігіне берілетін болады. Осының барлығы Үкіметіміздің елдің тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қолдауының арқасында жүзеге асып отырғанын айта еткен орынды.
Бүгінгі шара ауылдың өткені мен бүгінін еске түсіріп қана қоймай, жақсымызды жарнамалап, келер күнге жарқын жоба түзетін ынтымақтың да кепілі. Құтты мекеннің берекесі артсын. Ортақ мүдде жолында еңбектеріңіздің тек жемісін көре беріңіздер, – деді аудан басшысы.
Келесі кезек марапаттау рәсіміне жалғасты. Аудан әкімінің Алғыс хаты және Келінтөбе ауылының 60 жылдық мерекелік медалімен Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Керімхан Егізбаев, Жаңақорған ауданы­ның «Құрметті азаматы», еңбек ардаге­рі Тұрдалы Қалдыбаев, еңбек ардагерлері Сұлтанбай Нұрханов марапатталды. Аудан әкімінің Алғыс хатына білім саласының ардагері Алтыбай Егембердиев, №192 орта мектебінің мұғалімі Сапура Бексұлтанова, «Құралай» балабақшасының дефектологы Ақсұлу Мұхамеджанова, «Жан Әділ» балабақшасының әдіскері Индира Бинияз­қызы, ауылдағы «Жастар қанатының» өкілі Тұрлыбек Орынбасаров, ауылдық емхана дәрігері Индира Жораханқызы, Келінтөбе ауылдық округі аппаратының маманы Мақсат Әлжігітов ие болды.
Шараның келесі бөлімінде ауылдың өсіп-өркендеуіне лайықты қолтаңбасы бар, көп жылдар шаруашылық жанындағы ғылыми-зерттеу институтында тер төгіп, «Ай-керім» жаңа сортты күріш дақылын жасап шығарған ғалым Керімхан Егізбаев ағамыз сөз алып, бұл атыраптың тамырына алғаш қан жүгірткен майталман тұлғаның еңбегіне айрықша тоқталды. Ол Раушан Әбенқожаев болатын.
– Ол өзі шаруа отбасынан шыққан білімпаз жас еді, Мәскеудің гидромелиорация институтын оқып бітіріп, туған жерге оралып, халықты жер шұқып, егін қазуға жұмылдырсам деген ізгі ниетінен танбады. Ол үшін қу медиен түзді суландыру талабын бірінші орынға қойды. Бойда бар білімін жұмсап, елді ұйыстырып канал қазу жұмысына қызу кірісті. Бір әттеген-айы, діттеген мақсаты соңына жете алмады.
Оның арманын туған жеріміздің түлегі Зұлпыхар Мұсаханов жалғастырып, осы қазылған су жүйелерінің ізімен жаңа жоспар түзіп, канал құрылысы қайта қолға алынды. Міне, осынау жанкешті еңбектің жемісі, бұл атырап мыңдардың ырзық пен несібесіне айналып, шаруашылық қазығын қаққан 64 - жылдан кешеге дейін сан қырлы агротехнологияның ғылыми сатыларында биік көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз, – деді ол.

АҒАЙЫНҒА АЛҒЫСЫМЫЗ МОЛ

Алғаш осында бас қосып, мақсат пен ниет біріктірген елдің қалыптасу баспалдағына ой жіберіп қарағанда Адай ағайындардың табанды тауқыметін айтпай кетуге болмайды. Құлазып жатқан иен далаға алғаш келіп қоныстанып, отырықшы кәсіпке жаппай бет бұрып, шаруашылықтың негізгі қазығының тіктелуіне осы ағайынның енапат еңбегі мен талапты тіршілігі сеп болғаны тарих бетінде қатталып қалды. Бұл туралы Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», еңбек ардагері Тұрдалы Қалдыбаев арнайы тоқталып, елді мекенді алғаш басқарған азамат Жұмағали Атабаевтың ағайындарын жинап ел қылып, жалпақ жонды жазиралы алқапқа айналдырған өткен күн шежіресінен ой тербеді.
Келесі кезекте сөз алған еңбек ардагері Сұлтан Нұрханов, осы мекенде өсіп-өнген, қазірде Шардара ауданының «Құрметті азаматы» Сейсен Бақытжанұлының лебіздері де осы мазмұнда өрілді.
– Осы жерге бірінші болып көшіп келген ата-анамыз Сыр өңіріне туған бауырдай тамырын жайып, өркенін кеңге жайды. Малға жай алқапта төрт түлік өргізіп, мемлекетті ет пен сүтпен қамтамасыз етуге міндеттеме қабылдаған шаруашылықта жаңадан келген жас агроном маман Оразұлы Мінтан ағамыздың жеке бастамасымен 90 гектар жерге алма бау-бақша егуді қолға алуы ерлікпен тең еді. Сол кезде облыстық атқару комитетінің бастығы Шаймерденовтің алдында есеп берген Атабаев қарамағындағы шаруақор маманның бұл талабын қолдайтынын, өйткені бұл біріншіден, ауыл халқына қосымша жұмыс көзі, екіншіден, аудан орталығынан шалғайда жатқан халық жеміс-жидектен зәрулік көрмейді деген уәжімен басым түседі. Сөйтіп, алма бақтың өнімі облыс халқын қамтамасыз ететін жағдайға қол жеткізеді.
Бұл да болса туған елдің игілігі жолында еселі еңбегін аямаған ақкөз талаптың жемісті нәтижесін айқындаса керек, – деді ол.
Мерекелі күн аясында мейірі тасып, құшағы шаттық пен қуанышқа бөленген ауылдың мөлдір аспанын асқақ ән мен күмбірлі күйге толтырған өнер өкілдері қатарында осы ауылдың перзенті, бүгінде елімізге танымал болып жүрген әнші Балжан Бидаш сахна төрінен сәлем жолдаса, жас қанат Нұрислам Тілеуханның орындауы көп көңілін хош етті.
Бұл күні «Туған ел әуендері» облыстық фестивалі ұйымдастырылыпты. Сахна шымылдығын Шиелі ауданы отбасылық ансамблі түрді. Жүлдегерлер мен байқауға қатысқан барлық өнерпаздарға сый-сияпат табысталды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
29 қазан 2024 ж. 204 0