№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Спорт – бақытқа бастар жол"

"Спорт – бақытқа бастар жол"


«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Адам баласы өзінің бүкіл өмірлік тарихында маңдайының терін ағызып еткен еңбектері мен дене қозғалыстары арқылы бойларындағы тұздар мен қалдықтарды шығарып, тазартып, тәнінің сауығуына жағдай жасап, кеселдің алдын алып отырған. Ал, қазір дене қозғалысы мен қол еңбегінің азаюы және өзімізге тән жалқаулығымыздан денемізді тазартуға шамамыз келмейтін болып барамыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша адам денсаулығының тек 8 -10 пайызы ғана денсаулық сақтау жүйесінің жұмысымен байланысты екен.

Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, денсаулықты жоғары дәрежеде ұстау үшін күніне 10 шақырым жол жүру керек екен. Жапондықтар сол көрсеткішті орындамаса, тыныш ұйықтай алмайтын сияқты. Қалтасындағы қадам өлшегіш тетігінің көрсеткіші белгіленген мөлшерге жетпесе, жұмыс соңында оны міндетті түрде жүгіріп орындауды әдетке айналдырған. Ал, біздер, дене тәрбиесін былай қойғанда, ішкен тағамымызды сіңіру үшін ептеп сергігіміз келмейді. Сөйтіп, «қанымыз тасыды, жүрегіміз ауырды» деп қыңқылдаймыз.

Спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді. Олимпиадалық қозғалыстың белсендi қайраткерi Пьер де Кубертен: «О, спорт! Сен – түгел ғаламсың» деп бекер тұжырым жасамағаны анық. Күніне кем дегенде 20 минут дене жаттығуымен шұғылданған адам өзін сергек, көңілді әрі өзіне сенімділігін арттыратыны анықталғаны белгілі. Ғалымдар АҚШ-тың Пенсильвания университетінің 200-ге жуық студентіне зерттеу жүргізген. Олар күніне 20 минуттан астам уақытын түрлі дене жаттығуларына арнаған. Ал сегіз күннен кейін қатысушылар өздерінің басынан өткеріп жүрген күйлерін жазып тапсырған. Нәтижесінде көбісі ұйқысыздықтан, әлсіздіктен құтылғанын мәлімдеген. Сонымен қатар, дәрігерлер қатысушылардың психикасында оң өзгерістер барын анықтаған. Студенттер болса, жаттығу жұмыстарынан кейін көңіл-күйлерінің көтеріліп, өздерін бақытты сезініп жүргендерін жеткізген. Дене жаттығулары адамның көңіл-күйін ғана көтеріп қоймайды, қанайналым жүйесін жақсартады. Сондықтан, балаларымыздың денсаулығын ойласақ, спортқа қарай бағыттайық   Әлбетте, ертеңгі күні дамыған, бәсекеге қабілетті елдер қатарынан көріну үшін халықтың денсаулы­ғын жақсартуымыз керек.

Өмірбек Райымбек Ерболұлы

Әуесқой спортшы






24 қазан 2024 ж. 146 0