Вакцина дегеніміз не?

Вакцина дегеніміз бұл – белгілі бір инфекциялық аурудың қоздырғышы болып табылатын микроорганизмдерден, яғни бактерия, вирус және т.б. алынып, иммундық қасиетті арттырып, жұқпалы аурулардың алдын алу үшін адамдар мен жануарлар организміне егілетін препараттар.
Вакциналарды өндіру кезінде оларды қажетсіз және зиянды заттардан тазартып, тек аурудан қорғау үшін қажет нәрселерді ғана қалдырады. Осының нәтижесінде олар ауру тудыра алмайды, бірақ иммунитет қалыптастыруға қабілеті сақталады.
Ал вакцинация бұл вакциналар мен басқа да иммунобиологиялық препараттарды антиденелерді өндіру үшін адам ағзасына енгізу процедурасы, басқаша айтқанда инфекциялардан қорғаудың ең тиімді әдісі.
Вакцинациялардың арқасында қауіпті жұқпалы аурулардың, соның ішінде оба, тырысқақ, туберкулез, шешек, дифтерия, коклюш, сіреспе (столбняк) және т.б. кеңінен таралуы тоқтатылып, аурудың ағымы жеңілдетіліп, аурулардың санын азайтуға, ал кейбір ауруларды мүлдем жоюға мүмкіндік туды.
Қазіргі заманғы медицинада жұқпалы аурулардың алдын-алудың вакцинациядан гөрі тиімді құралы жоқ. Бүгінгі таңда вакцинация 20-дан астам қауіпті жұқпалы аурулардан қорғаудың жалғыз сенімді әдісі болып табылады.
Вакцинациясыз қазір әлемде қауіпті инфекциялардың эпидемиялары өршіп, елдер арасындағы көлік қатынастарының дамуына байланысты, бүкіл әлемге жүздеген жылдар бұрынғыға қарағанда анағұрлым тезірек таралатын еді.
Қазіргі күні Қазақстандағы қызылша ауруының кеңінен таралуындағы маңызды себептің бірі екпе алмаған балалар санының көбеюі, яғни ата-аналардың екпеден бас тартуы. Науқастардың арасындағы басым көпшілігі екпе алмаған балалар.
Ағза үшін жат нәрсе болғандықтан, кей кезде вакцина жергілікті немесе жалпы реакциялар тудыруы мүмкін.
Бірақ, бұл реакциялар сол аурудың асқынған жағдайы мен сол аурудың алып келуі мүмкін зардаптарына қарағанда өте сирек кездеседі.
Екпе алғаннан кейінгі реакциялар жеңіл түрде немесе өте тез өтеді. Елімізде халықты иммунизациялау кезінде, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өткен вакциналар ғана қолданылады.
Сонымен қатар, қолданыс алдында әрбір вакцина қажетті көптеген тексерістерден өтіп, қолданысқа ие болған кезден кейін де кезекті тексерістерден өтіп тұрады.
Вакцинациясыз біз өмірімізге қауіпті ауруларға шалдығу қаупіне ұшыраймыз. Екпе жасату бұл өзін де айналасындағыларды қорғауға мүмкіндік береді.
Кейбір адамдарға организмінің жеке ерекшеліктеріне байланысты, сонымен қатар жаңа туған нәрестелерге кез келген вакцинаны салуға болмайды. Оларды вакциналар арқылы алдын алуға болатын аурулардан қорғау айналасындағыларда вакциналардың болуына байланысты.
Өмірдегі ең бастысы - денсаулық екенін ұмытпайық.
Ауруды емдегеннен, оның алдын алған әлде қайда жеңіл екенін ұмытпайық!
Ж.Шайхысламов,
Бөлім басшысы