Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әртараптандыру нарықты реттейді

Әртараптандыру нарықты реттейді


Қазір экономика саласын әртараптандыру бағытында кешенді шаралар қабылданып, нақты міндет пен меже айқындалуда. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін саласын әртараптандыру басты назарға алынды. Бұл Сыр өңірі диқандарына да тікелей байланысты. Нәпақасын жерден теріп отырған ауылдағы ағайынға суды үнемдеу технологиясын енгізу, күрішті азайту оңай шаруа емес, бірақ заман ағымы солай. Әртараптандыру, біріншіден, суды үнмедеуге, екіншіден, нарықты реттеуге үлкен мүмкіндік береді. Әйтпесе, базарымызды жаулаған өзге өңірдің тауарынан көз ашпай қаламыз. Импортталған тауардың құны екі есе қымбат болатыны да белгілі. Сондықтан әртараптандыруды жетілдіру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.


Алдымен ауданнан бастайық. 2-3 жылда аудан көлемінде егінді әратаптандыру жүйелі жолға қойылып келеді. Десе де, әлі де кенже қалған тұстарымыз жоқ емес. Мәселенің мән-жайын білу үшін аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің есігін қақтық.
– 2024 жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 400 гектар отбасылық егістіктер орналастырылды. Ауылдық округтер бөлінісінде 805 адам дайындалған егістік жерлермен қамтамасыз етілді. Жайылма, Ақүйік ауылдық округтерінде су үнемдегіш полиэтилен асты (подпленка) арқылы 611 гектарға бақша дақылдары егілсе, тамшылатып суару әдісімен Қыраш ауылдық округіне қарасты «Qaratau Fruits» шаруа қожалығында 30 гектарды құрайтын қарқынды алма бағы (интенсивный сад) биыл өз өнімін көрсетті. 2024 жылы 50 гектар классикалық алма бағы қосымша орналастырылып, күтімге алынды.
Аудан бойынша жаңбырлатып суару технологиясымен 30 гектар жоңышқа дақылдары, тамшылатып суарумен 25 гектар көкөніс, бақша дақылдары егілді, – деді бас агроном Дәурен Серікұлы.
Биыл алғаш рет егістіктерді әртараптандыруды ұлғайту бойынша жер асты суын пайдалануды жүзеге асырған Талап ауылдық округіне қарасты «Қалмен ата» шаруа қожалығы қарбыз дақылын 20 гектарға орналастырып, сапалы 700 тонна өнімді ерте мерзімде нарыққа шығара алды. Бұл да үлкен нәтиже.
Айта кететіні, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы 295 гектар жер жаңадан ашылып отбасылық егістіктерге берілсе, 2024 жылы оның көлемі 400 гектарға артты. Нәтижесінде ауылдық округтер бөлінісінде 805 адам дайындалған егістік жерлермен қамтамасыз етілетін болады. Әртараптандыру егістіктерін суаруға қажетті дизельді және электрлі су насостары жеткілікті деңгейде.
Мемлекет басшысы 2028 жылға қарай елде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін екі есе ұлғайту міндетін қойып отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда минералды тыңайтқыштарды енгізудің пайдасы зор екенін айту керек. Жалпы, ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды саланың бірі. Сондықтан бұл салаға қатысты мәселелер шешімін ерте табуы тиіс. Оның ішінде, су мәселесі де бар. Бір ауыл бүтіндей бір кәсіп, бір өніммен күнелтіп отырғаннан кейін егінші қауымға оңай болмайтыны анық. Мәселен, Сыр беткейдегі ауыл халқының басым көбі күріш шаруашылығына дем берсе, Жайылма жұрты қарбызбен қамбасын толтырып келеді. Қазақстандағы жалпы егіс алаңы 2024 жылы 23,8 млн гектарды құрады. Биылғы әртараптандыру жоспарына толық деңгейде қол жеткізілді дейді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров. Мәселен, бидай алаңы 450,3 мың гектарға қысқарды, майлы дақылдар 608 мың гектарға, қант қызылшасы 9,4 мың гектарға ұлғайтылды. Суды көп тартатын дақыл алаңдары: күріш 6,9 мың гектарға, мақта 16 мың гектарға азайтылды.
Ал Қызылорда облысында Жол картасын орындаудағы оң нәтижелер атап өтілді. Өңірде күріштің егіс алқаптарын азайту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша индикатор асыра орындалды. Облыс минералды тыңайтқыштарды енгізу бойынша жоспарды 100% орындаған. Саланы қолдау мақсатында шаруалар үшін биыл қаржыландыру арналары, оның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тарту есебінен барынша кеңейтілді. Қаржы институттарын тікелей субсидиялау және агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру мүмкіндіктері енгізілді.
Үкімет басшысы диқандарды жеңілдетілген қаржыландырумен қамтуды, оның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қамтуды 100%-ға дейін жеткізу қажеттігін атап өтті. Биыл көктемгі егіс жұмыстары мен ауыл шаруашылығы техникаларының лизингіне ауқымды қаражат бағытталды. Жеңіл шарттармен кредит беру көлемі бірінші рет 580 млрд теңгеге жеткізілді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 180 млрд теңгеден асып көрмеген. Қабылданған шаралар егіншілердің барлық қажетті агротехникалық іс-шараларды толық көлемде жүргізуіне мүмкіндік берді. Бұл ретте диқандар пайдаланатын элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 9%-ға дейін өсті. Енді ауданға келсек. Биылғы жылы Жаңақорғанда 36026 гектарға ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылды.
Бүгінде Шардара су қоймасына жоғарыдан түсіп жатқан су көлемінің аз болуына байланысты өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырмалы түрде алғанда су 2,0 млрд текшеметрге аз жиналған. Сәйкесінше вегетациялық кезеңде Сырдария өзені арқылы өңірімізге келетін су деңгейінің төмен болатындығы күтілуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, суды көп қажет ететін күріш дақылының көлемін қысқартып, облыс бойынша 78,0 мың гектарға, оның ішінде біздің ауданға 6 035 гектарға егу жоспары бекітілген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда әжептеуір аз екені көрініп тұр.
Егін шаруасын ширату, түрлендіріп, нарыққа жұмыс жасауды жетілдіру маңызды. Ауыспалы егістікті қолдау және оған жеңілдіктер әлі де жалғасын табады. Оны шаруалар ұтымды пайдаланып қалғаны абзал. Мамандардың пікірінше, ауыспалы егістің жемісі бір жылда көрінбеуі мүмкін, бірақ бұл тәсілдің әсері үлкен деседі. Бастысы, дәстүрлі бірізділіктен құтылуға жұмыс жасап, жақсы нәтижеге көшкен жөн. Бұл ойымызды қандөздік диқандар да құп көріп, бақша дақылдарының табысы тары өсіруден артық болмаса, кем емес екенін түсінді. Әртараптандыру жөнінде алдағы уақытта тереңірек зерделеп жазатын боламыз. Биылға мәселе шешіліп, диқандар егінін нарыққа жөнелтуде.

Әли ТЕМІРБЕК
15 қазан 2024 ж. 211 0