№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қарттарым – асыл қазынам

Қарттарым – асыл қазынам


«Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» дегендей, елдің тыныштығын, азаматтың амандығын күнде тілеп отыратын, жатса-тұрса шүкіршілігінен танбай, жақсылыққа үмітін жалғайтын үлкендеріміздің өздері де алғаусыз көңіл, жылы сөз, пейілді ықыласқа аса зәру. Сондықтан қарияға құрмет тек бір күннің еншісі емес, оларға құрмет көрсетіп отырсақ та жарасады.


1 қазан – қарттар күнінде Манап Көкенов атындағы Мәдениет үйінің төрі мағыналы ғұмырын осы елдің еңсесін тіктеп, аяғынан нық тұрып кетуіне арнаған, бүгінде бір-бір оттың берекесіне айналып, ел тілегінің үстінде отырған апа-көкелеріміздің мейірлі жанарынан төгілген шуақпен шырайлана түскендей. Қысқа күнде қырық құбылған қатымыр уақыттан қажып жүргенде арқаңнан қағып, айдарыңнан жел естіріп, ағалық мейіріміне бөлейтін аяулы жандардың алдымызда аман жүргені қандай жақсы.
Атаулы күнге орайластырылған мәдени шарада сахна төріне көтеріліп, мерекелік лебізін жолдаған аудан әкімі Мажит Самитұлының құттықтау лебізі осындай мазмұнда өрбіді.
– Бүгінде ауданымызда 7000-ға жуық зейнет жасындағы қария бар. Оның ішінде 169 тыл ардагері, 144 «Батыр ана», 972 «Алтын алқа» иегері, 1912 Күміс алқа иегерлері бар. Сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететін 119 қарт есепте тұралы. Оларға 20-дан астам әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетеді.
Ардагерлеріміздің өткен өміріне зер салсақ, сынаққа толы тарихты таразылағандай боламыз. Олар сол сыннан сүрінбей өтті. Қандай ауыр күн туса да абыройға қылау жұқтырмай әзіз басының қадір-қасиетін асқақ ұстады. Аға буынның осынау ұстанымы мен үлгі-өнегесін келер толқынның біліп, тағылымынан тәжірибе түюі маңызды. Сондықтан да өткен күн тарихын түзген куәгерлермен кездесулер өткізіп, ақыл-ғибратын алып қалуда көптеген шаралар жоспарланған.
Ең бастысы, қарияларымызға мем­лекеттік деңгейде қамқорлық аясы кеңейіп келеді. Зейнетақының өсуі, ардагерлердің емделу мен тынығуына жағдай жасау, көп балалы аналарды дәріптеу, тыл және еңбек ардагерлеріне жеңілдіктер, әлеуметті қолдаулар соның дәлелі.
Өздері зейнетке шыққанымен қо­ғам өмірінен қол үзбей жанашырлық кеңесімен бөлісіп жүретін аға ұрпаққа біз әлі де арқа сүйейміз.
Осы бағытта ардагерлер мен ақсақалдар кеңесі, аналар ұйымы, жергілікті қауымдастық кеңестері құрамында бүгінде 300-ден аса аға-апаларымыз қоғам тынысын тікейте түсуге өз көмек-қолдауын көрсетіп келеді.
Әрдайым білім-білік пен жинаған өмір тәжірибелеріңізді қалқан тұ­тып, ізгілікті қоғамның қосын жегіп, жүрек жылуын жалау етіп аман­дық­та-саулықта жүре берулеріңізге тілектеспін, – деді аудан басшысы.
Одан әрі туған жеріміздің әлеуметтік және мәдени дамуында қажырлы қолтаңбасы бар бірнеше азаматты өз атынан Алғыс хатпен марапаттады.
Олардың қатарында облысы­мыздың Құрметті ардагерлері Мұзарап Махмұтов пен Әлібек Сүгірбаев, Жаңақорған ауданының Құрметті ардагері Шайдарбек Әшімов, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Әбутәліп Сүйіндіков, Теміржол саласының ар­дагері Бекболат Төребаев, Су шарауашылығы мекемесінің ардагері Әбсұлтан Жаппарұлы, еңбек ардагері Қалжан Нұрлыбаева, Мәдениет саласының қайраткері Зәуреш Шоманова, еңбек ардагері Әметқұл Жайсаңбаевтар құрмет мінберінен орын алды.
Мереке шырайы аудан мәдениет саласы өнерпаздарының концертіне жалғасты. Алдымен «Қариялар-қазынамыз» тақырыбында бейнесюжетке кезек берілді. Одан әрі сахнада «Ерке қыздар» биімен Балнұр би тобы өнер көрсетті. Құралай Әлиева «Жақсы адамдарым» әнімен, Айдарбек Молдабек «Менің әкем-ең жақсы адам» әнімен, Бақыткүл Тасқожаева «Жақсы адамдар азаймасын» әнімен көп көңілін шалқытса, Мейрамбек Мырзахметов өзінің әні «Жаңақорғанды» орындады.

Баян ҮСЕЙІНОВА
05 қазан 2024 ж. 131 0