№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Анажан аңсаған, арнадым ән саған...

Анажан аңсаған, арнадым ән саған...


Бұл күн жаһан жұртының ана алдында бас иіп, әйел қауымына құрмет көрсететін ұлық мерекесі. Ақжаулықты әжелерге, ардақты аналар мен аяулы аруларға, жайдарлы жеңгелер мен керім келіндерге құрметіміз әрқашан шексіз, олардың ортамызда жүрген әр күні біз үшін мейрам. Шұғылалы көктемнің шуақты күнімен келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін жыл сайын жоғары деңгейде атап өту мерейлі міндет. Осыған орай Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде «Әйел күннің шуағынан жаралған...» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.


Алдымен қонақтар мәдениет үйінде фоедегі фортепиано үніне құлақ түріп, кітап көрмесімен танысты. Арнайы естелікке суретке түсуге арналған орындықта кезекке тұрды. Салтанатты шара мың бұралған бимен басталып, әсем әуенмен жалғасты. Жігіттер көрермен залында отырған аналарына гүл шоқтарын табыс етсе, келіндер орамал тағып, бүлдіршіндер гүл шоқтарын тарту етті. Әдемі өрілген көріністен соң аудан әкімі Руслан Рүстемов құттықтауын жеткізді.
– Әлемдегі кез-келген ұлт алдымен ананы құрметтейді, ананың алдында басын иеді. Біздің қазақ халқы да әйел затының қадір-қасиетін жоғары бағалап, беделін биік қойған. Жер – ана, Отан – ана, тілдің өзін анаға теңеп, оның құдыретін осылай бағалады. Тіпті, Сырдария бойындағы киелі мекенді де Сыр – ана деп атауымыз тегін емес. Міне, біз ана ұғымын осындай мәртебелі еттік. Асыл дінімізде де «Анаңды Меккеге үш рет апарсаң да ақ сүтін ақтай алмайсың», «Жұмақ ананың табанының астында» деген киелі ұғым бар. Сондықтан қай қоғамда болмасын нәзік жандылардың орны – төр. Кешегі ел егемендігін алған алмағайып, тоқырау тұста азаматтарға тіреу болып, ала дорбасын арбалап, маңдай терін төгіп, елді осынау тығырықтан аналар алып шықты. Қазір де әйел қауымының қоғамдағы қызметі орасан. Мәселен, біздің ауданның білім саласының 73 пайызын, медицина саласының 85 пайызын, мемлекеттік қызметкерлердің 25 пайызын біздің қыз-келіншектер құрайды.
Қазақ қыздың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. Қыз өмірге келсе қуанып, шаңыраққа ырыс-береке кірді, қазына келді деп сүйіншілейді. Оларды отанның ұйытқысы, ары, ұяты деп биік қойды. Өйткені, қыз ертеңгі ана, ертеңгі елдің данасы. Сондықтан барша аруларды, аналарды, ақ самайлы әжелерді Әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! – деп аудан басшысы ыстық лебізін білдірді.
Одан әрі сан салада қызметте жүрген жандарға, ардагер еңбеккерлерге құрмет көрсетіп, алғысын білдірді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген мамандық иелерін марапат мінберіне көтерді. Азаматтық қорғау горнизоны қызметкерлерінің аналары «Офицердің анасы» медалімен марапатталды.
– Перзентіміздің ел үшін еңбек етіп, халықтың ұлы болып қызмет атқарып жүргені біздер үшін үлкен мәртебе. Елдік жолында еңбек ету бұл әрбір азаматтың асыл парызы, осы жолда жүрген ерлердің еңбегі де ескерусіз қалмайды. Ең бастысы, мемлекеттің келешегі, ертеңі жолында жұмыла жүк көтеріп жүрген ұл-қыздарымыз аман болсын. Осындай марапат биігіне көтеріп жатқан жандарға мың алғыс! – деді Сырғақыз Тұртанова.
Сондай-ақ, Күміс алқа иелері сахна төріне көтерілді. Сан салада еңбек етіп жүрген жандарға облыс әкімінің «Алғыс хаты» және аудан әкімінің «Құттықтау хаты» табыс етілді.
Ана көңілінің дархандығына, ана жүрегінің ізгілігіне тең келер құдірет жоқ. Ана алақанының жылылығынан асқан жылулық жоқ. Бойға қуат, көңілге шуақ дарытатын күш те ананың жүзінде, бір ауыз сөзінде, жүрегіндегі мейірбандықта жатыр. Бір сөзбен айтқанда, мына жарық дүниедегі ең күшті құдірет – ана мейірімі. Сондықтан оларға ілгері ізет, көшелі құрмет арта береді.
Көктеммен бірге келген мейрамға орай ұйымдастырылған кеш аудан өнер­паздарының концерттік бағдарла­масына жалғасты. Әуезді ән, мың бұралған бимен өріліп, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады. Сөз соңын өлең жолдарымен жалғап, біз де мейірім иелерін мерекемен құттықтағымыз келеді. Аналар, асыл жандар, Сіздер аман болыңыздар! Сіздерге мың алғыс!

Жер бетінің,
Жиған жақұт, жылуын,
Ана – өмір,
Ана – сенің ғұмырың.
Ел сыйлаған,
Ең бірінші анасын,
Сен де сыйла,
Биік болар тұғырың!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
06 наурыз 2022 ж. 388 0