№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚҰРАСТЫРҒЫШҚА ҚҰМАР

ҚҰРАСТЫРҒЫШҚА ҚҰМАР


Руслан алты жаста. Ол «Болашақ» бөбекжай балабақшасының тәрбиеленушісі. Оның өзге өрендерден басты ерекшелігі – «лего» құрастырғышқа құмар. Санаулы секундта бірнеше дүниені құрастырып, берілген тапсырманы оқ бойы озық орындайды. Әсіресе, уақытқа жарысып жаңа бұйымдарды жасағанды ұнатады. Мұны бізге балабақшадағы тәрбиешісі Ғалия Үсенова айтты.
«Жақсыны көрмекке» деп Руслан Жұмахметұлын редакцияға шақырттық. Құрастырғышын көтере келген балақайға ә-дегеннен бұйымтайды айттық. Үш минут уақыт беріп, ұялы телефонның сағатына үңілдік. Межелі уақыт біткенде балақайда бесінші бұйымын құрастырып бітті.
– Бұл не?
– Мұнара.
– Ал, мыналар?
– Шаян, машина, үй...
– Ой, жарайсың. Кім үйретті саған мұның бәрін?
– Өзім бұрыннан құрастырғышқа қызығамын...
Осылай, екеуара диалогтан кейін Русланнан өскенде кім болғысы келетінін сұрағанымда: «Өрт сөндіруші» деп жауап берді. Сондай-ақ тәрбиешісі балақайдың бұдан бөлек есепке де жүйрік екенін және ағылшын, орыс тілінде сандарды жақсы меңгергенін тілге тиек етті.
– Руслан Зеңгібек біздің балабақшадағы ең жүйрік және өте шапшаң қимылдайтын бала. Берілген тапсырманы тез қабылдайды. Жаттауды жылдам жаттайды. Ал, құрастырғыш ойыншығымен санаулы минутта сан түрлі нәрселерді жасайды. Жақында ғана, ата-аналар сайысында осы «лего» құрастырғыштан бірінші орын алып, отбасын озық шығарды. Сөйлемдерді де буынға бөліп оқып, сөзге сөйлем құрастыруға шебер. Бір сөзбен айтқанда, бірінші сыныпқа дайын. Ары қарай алып кету қабілеті мол, – деді тәрбиешісі Ғалия Үсенова.
Иә, биыл жаңа оқу жылында білім ордасының табалдырығын аттайтын Русланға мектептегі апайлары кубик құрастыруды үйретсе тіптен тамаша. Себебі, кубик құрастыру арқылы әлемге танымал болуға жол ашылады. Бұл бағытта республикалық жарыстар жиі болады елімізде. Айта кететіні, әзірге Қазақстанда он екі жасар Әлихан Ертұрсынға жететін рекордсмен болмай тұр. Ол кубик құрастырудан кез-келгенін шаң қаптырады. Қазақ баласы бұл өнерін әлемдік деңгейде дәлелдеп қойған. Әрі ТМД елдерінде рекорд орнатқан. Яғни, шашырап кеткен түстерді бір қатарға бас-аяғы 12 секундта тізіп берген. Сәтін салса, құрастырғышқа жаны құмар жаңақорғандық балақайға да жол көрсетіп, мектептен тыс үйірмелерде кубик құрастыруды үйретіп жіберсе, нұр үстіне нұр. Мұндайда дана қазақ «боламын деген баланың, бетін қақпа, белін бу» деген. Сол үшін ала жаздай спиннер айналдырғанша, болашағы бар ойын түрін меңгерген әлдеқайда абзал.
Түйіндей айтқанда, бүгінгі заманда интелектуалды және жеке даму мәселесі күн санап маңызды болуда. Себебі, біз сандық, жедел дәуірде өмір сүрудеміз. Әлем қарқынды түрде дамып жатыр. Бұл тұрғыда қоғам жаңа форматта ой өрбіте алатын, дамыған сыни көзқарасы бар адамдарға қажеттілікті тудыруда. Өз кезегінде мұндай маңызды мәселенің орнын кубик-рубик, басқатырғыш, құрастырғыш секілді зейін мен зердені дамытатын ойындар алмастырса ғанибет.
Әбдісамат ӘБДІШ.
02 маусым 2018 ж. 2 075 0