№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Төменарық төрге озды

Төменарық төрге озды


Әуесқойлар арасында шағын футболдан Қазақ­станның 12-ші чемпионатының Шым­кент қаласында өтті. Елдің әр өңірінен іріктелген 64 команда қатысып, кім мықтыны анықтады. Барлығы чемпион болуға үмітті болды. Өйткені жеңімпаз команда Әлем чемпионатында елдің намысын қорғайды. Былтыр Сыр елінде өткен ел біріншілігі биыл Шымқалада жалғасып, оған Жаңақорған ауданынан 2 команда жолдама алды. Екеуі де ауылдан құралған командалар. Соның бірі – Төменарық командасы.


Бір аптаға созылған дүбірлі додада кіл мықтылар бас қосты. Тіпті кәсіпқой деңгейдегі аяқ допшылар да турнирден табылды. Сондай деңгейі өте жоғары бәсекеде Төменарық тарландары топтық кезеңде топ жарып, жарысты жалғастырды.
Бірінші айналымда Қарағанды об­лысының үздіктері «Алаштан» 4:3 есебімен басым түсті. Екінші ойын алаң иелері «Дета групқа» қарсы өтті. Бұл команданың сапында кәсіби клубтарда доп тепкен шың шеберлер аз болмады. Сондықтан алаңдағанымыз рас. Біздің жігіттер барын салды. Алаңның әр тұсында допқа тала­сып, табандылық танытты. Нәтижесінде тоблодағы есеп – 4:1-ді көрсетті. Біздің жігіттер басым түсті.
Топтық кезеңдегі соңғы ойын Атырау облысының «Мақат» командасына қарсы өтті. Бұл команда турнирдің басты фаворитінің бірі. Мақаттық футбол­шы­лардың ойынын бірнеше турнирде көрдік. Олар футболды кәсіп еткен. Жүлде қоры қомақты турнирлерде жиі тұғырдан көрінетін. Кейде өзге облыстың атынан қатысып, ақылы ойнап береді. Төменарықтың футболшылары турнирге тегін келмегенін дәлелдеді. Тең деңгейде өнер көрсетті. Тек сәттілік жетіспеді. Есеп – 2:1.
Шыны керек, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылдық округінен футбол командасы құрылып, бұрын-соңды Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысқан емес. Жігіттер­дің жеңіске деген құлшынысы ауыл азаматтарын қуантып, рухтандырып, бе­реке-бірлігін арттыра түскені анық. Тек өкініштісі сол, келесі ойында Шымкент қаласының екінші командасы «Ақ қа­натпен» кездесіп, жолы болмады. Бірақ, бір ауылдан құралған команданың ойы­нына жарыс ұйымдастырушылар жоғары баға бергені рас. Негізінен «Ақ қанат» мегаполистің чемпионы, бірінші командасы деп айтуға болады.
Жарысқа баптаушы ретінде Рахымжан Асанбаев пен Нұржан Камалов команданы бастап барды. Команда капитаны Абай Айтжанов пен команда лидері Әбдіманап Байгенжеевтің ойынына лайықты баға беру қажет. «Қайсар» футбол клубының мектебін көрген Әли Шамсуддинұлы ше­берлігімен көзге түсуде. Әділжан Әбенов те өзінің талантын танытты. Әділжан Іскендір, Айдын Тілеухан, Сержан Кама­лов сынды жас ойыншылар тәжірибесін шыңдауда. Одан бөлек, Алматы, Шымкент қаласынан шақырылған ойыншылардың мақтауын асыру керек-ақ. Бұған арнайы тоқталатын боламыз.
– Бұл чемпионат ауыл спорты тарихында алтын әріппен жазылатыны анық. Бұдан кейін де биік мінберлерден көрінетін шығармыз, алайда, ғасырлық тарихы бар ауылымыз үшін бұл сәт тұңғыш төр болып тұр. Жігіттер барын салды, еш өкпеміз жоқ, жанкүйер болып жүрген бауырларымызға, демеу болған жерлестерімізге үлкен алғыс білдіреміз. Ізімізден өкшелеп келе жатқан жас буынға үлгі болатындай іс қалдыру алдыңғы толқынның басты міндеті. Біз осылай сара жолды салып бердік, бұйырса жеңісті күндеріміз әлі алдымызда, – деді команда ойыншысы Әбдіманап Айтжанұлы.
Айта кететіні, Әбдіманап еркін күрестен кешегі күнге дейін ұлттық құраманың сапында болып, ел абыройын асырған білікті балуан. Одан да басқа жігіттер жүргенін көрдік, басқа да спортта өнер көрсететін оғландар да кешегі чемпионатта барын салды. Міне, осындай азаматтар аладоп бәсекесінде төбе көрсетуі біздің елдегі футбол спортының бүгіні мен болашағының қандай екенін көрсетті. Бұл жарыс биік мақсат қойса, алынбайтын қамал жоқ дегенді дәлелдеді. Болмаса, ауылда доп теуіп жүрген жігіттерге Қазақстан чемпионатында доп тебу үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Олар бірлік, ауызбіршілік, татулық болған жерде жеңіс жақын екеніне көздері жетті. Жарысқа қатысуға демеушілік көрсеткен барша ауыл азаматтарына алғыс білдіреміз. Досболат Қасымбеков, Нұржан Камалов, Еламан Құдияров, Сырым Жолтаев, Ибадулла Жолдасов, Еркебұлан Садуақасов, Ар­ман Балтабай, сондай-ақ, Қасымбектің әулетінен өсіп-өнген Нұрдәулет, Нұрғали, Жандарбек, Бақдәулет белсендік танытып, шама-шарқы жеткенінше қаржылай қолдау көрсеткенін айту керек.
Сөйтіп, біздің Төменарық төрге озды. Жарайсыңдар, жігіттер!

Әлібек ТЕМІРБЕК
24 қыркүйек 2024 ж. 249 0