» » Аудан оқушылары абырой биігінен көрінді

Аудан оқушылары абырой биігінен көрінді



2023 жылдың 17-23 маусым күндері Қарағанды облысы Спасск қаласында Астана қаласының 25 жылдығы мен әскери патриоттық тәрбие саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Айбын-2023» IX Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін сайысқа еліміздің 20 өңірінен 43 команда қатысып, 645 жасөспірім алты күн бойы сынға түсті. Тіпті, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекетінен әскери дайындығы мықты командалар қатысып, бақтарын сынады.


Осы тұста айта кетейік, «Сыр айбыны» құрама команданың ішінде Жаңақорған ауданынан
Төрехан Нұрфаттаh Өтегенұлы № 164 мектептің 11-сынып оқушысы, Шәрібек Саят Таңатбекұлы № 192 мектеп 11-сынып оқушысы және Сайдбаттал Мұхаммедхан Әбдіқадырұлы № 213 мектеп 11-сынып оқушылары облыстың абыройын биіктетіп, жастық күш-жігерлерін халықаралық додада көрсете білді.

«Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында сымдай тартылған сарбаздар әскери-қолданбалы спорт түрлерінен, плащ түріндегі жалпы әскери қорғаныс жинағы мен газқағарды уақытқа кию, әскерилендірілген эстафета және АК-74 автоматын толық емес шашу мен жинақтау сынды нормативтерді орындады. Сонымен бірге олар интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін де сынға салды.

Бір аптаға жалғасқан жарыста жыл сайын жүлделі орынды қанжығаларына байлайтын қызылордалық өрендер биыл да ұстаздарының мерейін өсіріп, командалық есепте «Сыр айбыны» құрама командасы І орынға ие болды.
25 маусым 2023 ж. 78 0