» » Шабақ шығын болмасын

Шабақ шығын болмасын


Қазақта «теңге – тиыннан, ынтымақ – ұйымнан» деген мәтел бар. Мағынасына келсек, әрбір үлкен істің бастауындағы ниет бірлігіне саяды. Яғни тиыннан тау тұрғызып, мол табысқа кенелуге болады деген сөз. Мәселен, балықты көбейтуді мақсат еткен кәсіп иелері шабақ өсіруге аса мән беруге міндетті. Әсіресе, күріш суы тартылғанда қараусыз қалған майшабақтар аң-құсқа жем болып, құрт-құмырсқаның азығына айналғанын талай көз көрді. Сондықтан осы салаға жауапты мамандар көл иелері жаздың соңына қарай шабақты құтқару науқанына білек сыбана кіріседі. Биыл да «Балық шабақтарын құтқару акциясы – 2024» дәстүрлі жалғасуда.


Облыс әкімдігінің хатымен бекі­тілген «2024 жылға облыс көлеміндегі күріштік алқаптарда қалған ба­лық шабақтарын құтқару жұмыстары­ның іс-шаралар жоспарын» орындау мақсатында Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасарымен бекітілген жоспар аясында 700 000 дана ба­лық шабақтарын құтқару тапсырыл­ған. Кезекті шабақ құтқару шарасы барысында облыстан арнайы ма­мандар келіп, күріштіктерді аралап, көлдерге шабақ салу жұмыстарына қатысты.
Акцияға Арал-Сырдария облыс­­аралық бассейндік балық шаруа­шылығы инспекциясының бас ма­мандары Б.Белгібаев, Б.Балжанов, Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі аумақтық инспекциясы директорының орын­басары Е.Баязитов, ауданның ау­ыл шаруашылығы мен жер қаты­настары бөлімінің бас маманы Ж.Тұраповтар қатысып, дәстүрлі науқанға серпін берді. Сондай-ақ, табиғат пайдаланушылар арасынан «Кіржуған», «Қойлақы-Ата», «Имаш», «Жыңғылдысай», «Тынысбек», «Қал­ғандария-1», «Қалғандария-2», «Бас­пақ­көл» және «Мырзакөл» көлі­нің иелері де ортақмақсаттан тыс қалмады.
– Жыл сайын шабақ құтқару жұмысына жұмыла кірісіп, мүмкін­дігінше көл байлығының шығын болмауын қадағалаймыз. Биыл жұ­мыс берекелі ұйымдастырылып, құт­қарылған шабақтар келесі жыл­дың көктеміне дейін өсіп, кәсіптің керегесін кеңейтеді деген ниетіміз бар. Ең бастысы, табиғат байлығы талан-таражға түспей, көптің игілігіне жаратылуы керек, – деді «Кіржуған» көлінің иесі Н.Жұманов.
Арнайы топ «Р-11» каналы бой­ынан шабақ құтқаруға қатысып, Кіржуған көліне – 50 000 дана, Жыңғылдысай көліне – 60 000 дана, «Р-16» каналы бойынан Қойлақы-Атаға – 40 000 дана, Тынысбекке – 40 000 дана, Имаш көліне – 10 000 дана, Қалғандария-1-ге – 30 000 дана, Қалғандария-2-ге – 20 000 дана, Баспақкөлге – 15 000 дана, Мырзакөлге – 15 000 дана, барлығы 280 000 дана балық шабақтарын тиісті су айдындарына жөнелтті.
– Акцияны орындау барысында ағымдағы жылдың 12-13 тамыз күндері «Борықты» көлінің иесі және 3 жұмысшысы, 1 дана УАЗ техникасы, 1 дана су сорғыш насос қондырғысы, 3 дана шелек, 1 дана балық сақтайтын бөшке көмегімен Жаңақорған ауданының шипажайына баратын «Тұздыкөл» көліне құятын арнаның бөлектенген бөлігінен 60 мың дана (карас – 48 мың, сазан – 9 мың, тұқы – 3 мың) балық шабақта­ры құтқарылып, «Борықты» көліне жіберілді. Одан бөлек, Аққорған ауылдық округінде күріштік ал­қаптарын сумен қамтамасыз ететін «Р-11, Р-16» каналдарынан балық шабақтарын құтқару акциясы ұйым­дастырылды. Акцияға 6 техника, 20 адам, балық тасығыш систерна, бөшке, шелек, аулағыш торлар, өзге де құралдар қатыстырылды. Алда­ғы күндері акция Сунақата, Екпін­ді, Қыркеңсе, М.Нәлібаев, Өзгент, Жаңарық ауылдық округтерінде жалғасын табатын болады, – деді жауапты маман Жасұлан Тұрапов.
Шыны керек, шабақтың шығы­нын көргенде «әттеген-ай» деген ой келеді. Неге? Өйткені бізде балық шаруашылығы дами қойған жоқ. Шабақ деген дайын өнім ғой, соны өсіріп-өндірсек, не болмаса сол дайын күйде иігілігімізге идірсек деген ой ғой. Өткенде де айтқн болатынбыз, біздің күнделікті тіршілікте тұтынып жүрген майшабақ консервілері, ба­лық паштеттері немесе қазір кез-кел­ген дүкеннен табылатын кептіріл­ген майда балықтар біз әлгінде ғана атап өткен күріш алқабында күз кел­се қырылып қалатын шабақтардан жасалған. Оның дүкендегі орташа бағасы – 500-600 теңге. Көзге түскен консервідегі балықтардың басым бөлігі Орал өңірінде дайындалса, қалтадағы кептірілген балықтар Алматы облысынан шығарылады.
Осы жерде балық бизнесіне бет бұратындарға құлаққағыс болсын, балық шаруашылығын субсидиялау да әжептеуір көңілге демеу. «Балық шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау» 034 бағдарламасы бойынша бекіре, арқан және тұқы балықтарының түрлері мен олардың будандарын өсіру кезінде пайдаланылатын жемді сатып алуға жұмсалған шығыстардың 30%-ын, өзге де шығыстардың 50%-ын өтеу облыстық бюджеттен қаралатын қаражат арқылы жүргізіледі.
Биыл ауданда күріш өсіру межелі орындалды, өнім де көңіл қуантар­лық. Диқандар төккен термен еңбекті ақтады деп қуануда. Енді шабақтар шығын болмаса болғаны. Өйткені балық та табиғаттың бір байлығы, әрі табыс көзі. Тілін түсініп, істің көзін тапқан адамға балық бизнесі қыруар пайда әкеледі. Десе де Жаңақорғанда балық шаруашылығы аяғынан тік тұрып кете қойған жоқ.
Қорыта айтқанда, жасалынып жатқан игі іс – Сыр балығына деген қамқорлық. Табиғат сыйы – тіршілік иесін құтқару әрбір азамат алдындағы үлкен жауапкершілік. Табиғат өзі жүктеп отырған маңызды міндет дер едік. Сондықтан бұл тіршілік иесіне де мейірімділік танытқан абзал.

Әли ТЕМІРБЕК
21 қыркүйек 2024 ж. 631 0