№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ЖЕМҚОРЛЫҚ – ЕҢ ҚОРЛЫҚ

ЖЕМҚОРЛЫҚ – ЕҢ ҚОРЛЫҚ


Еліміздің отыз жылда жеткен жетістігі мен бағындырған белесінің бәрі адал жандардың, бейнеткеш бауырларымыздың ерен еңбегінің нәтижесі дер едім. Жалпақ тілмен айтқанда, жауырынды азаматтың жүгі ауыр болғанымен жемісі мол болып, өз отбасы мен отанын алға сүйреп көшбасшылық етеді. Міне, осындай әділдікті жақтаған, ары мен абыройын биік ұстаған тұлғалар отыз үш жылда мемлекетіміздің көк Туын көкте желбіретіп, еңселі ел болуы жолында маңдай терін сарп етті. Десе де, еліміздің аяғына тұсау болып, етектен шалған жайттар да жоқ емес. Соның бірі – жемқорлық қамытын киген тоғышарлық мәселесі тыйылмай тұрғаны жанымызға батады.


Жасыратыны жоқ, жемқорлық мәселесі қай салада болсын қылаң беріп, елдің ортақ қазынасына қол салушылар қатары артып келеді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қыл­мыстар және осы тұрғыдағы құқық-бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық-бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.
Біз өте күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз, экономика­лық реформалар мен дағдарыс кезеңі, трансформация уақы­ты. Зерттеулерге сәйкес, жемқорлық – қоғамның негіздерін бұзады, дамуға қауіп төндіреді, мемлекеттік органдарға деген сенімділіктің төмендеуіне ықпал етеді және қоғамның экономикасы мен моралін бұзады. Бұл дертпен күресу әлемдік саясат, онымен күресу мемлекеттік міндет. Өйткені, елдің ертеңіне, баянды болашағы мен кемел келешегіне балта болып шабылатын шырмауықтан құтылу өте маңызды. Бір сөзбен айтқанда, сыбайлас жемқорлықтың үлкен кемшілігі, ол мемлекеттің экономикалық салаға зиян тигізіп, елдің және оның әрбір азаматының жалпы әл-ауқатын төмендетеді. Бұған қоса, мұның бәрі халықтың үкіметке деген сенімін жоғалтуы мүмкін.
Сөзімді түйіндей келгенде айтарым, Әділетті Қазақстан әділетті мектептен басталады! Сондықтан әр баланың мөлдір болашағы үшін «бармақ басты, көз қысты» іс-әрекеттерден толық арылып, зейіні мен дарынын шыңдау – ортақ іс. Былықтардан бойды таза ұстап, әділет жолында күш біріктірсек ғана парасыз һәм пайдасыз істен арылатынымыз айқын.

Кеңес Оразбеков,
Қандөз ауылдық округі әкімі

22 қыркүйек 2024 ж. 362 0