» » «ЖЕМҚОРЛЫҚ – ЕҢ ҚОРЛЫҚ»

«ЖЕМҚОРЛЫҚ – ЕҢ ҚОРЛЫҚ»

Еліміздің отыз жылда жеткен жетістігі мен бағындырған белесінің ізінде жақсы жайсаңдардың жақсы амалдары мен бейнеткеш бауырларымыздың есіл еңбегінің нәтижесі дер едім. Жалпақ тілмен сайтқанда, адал азаматтің жүгі ауыр болғанымен жемісі мол болып, өз отбасы мен Отанын алға сүйреп көшбасышылық етеді. Міне, осындай әділдікті жақтаған, ары мен абыройын биік ұстаған ұлы тұлғалар отыз жылда еліміздің көк Туын көкте желбіретіп, еңселі ел болуы жолында жалынды жылдарын сарп етті емес пе?! Десе де, еліміздің аяғына тұсау болып, етектен шалған жайттар да жоқ емес. Соның бірі – жемқорлық қамытын киген жерлестердің мәселесі тыйылмай тұрғаны жанымызға батады.

Жасыратыны жоқ, жемқорлық мәселесі қай салада болмасын қылаң беріп, елдің ортақ қазынасына қол салушылар қатары артып келеді. Әсіресе, білім саласындағы өзекті мәселеге тосқауыл болар дәрмен жоқтай. Барлығымызға белгілі, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Педагогтардың мәртебесін заңмен бекітуі   нәтижесінде ұстаз жалақысы төрт жылда 25 пайыздан көтеріліп, еңбекақы 100 пайызға өсті. Әйтсе де, «жалақыны жосықсыз жымқырып қалсам» деген ашкөздікке душар еткізгені қалай?
Өзгені сөз етпегенде, өзіміздің өңірде «Соңғы үш жылда өңірімізде білім беру ұйымдарына 530 млрд
теңге қаржы қаралды. Оның 330 млрд теңгесі еңбекақы қорына бағытталған. Мемлекеттің осыншалықты қолдауына нәтижелі білім сапасымен жауап беру орнына орта білім беру ұйымдарында бюджетті дұрыс жоспарламау, қызметкерлерге артық жалақы аудару, заңсыз жұмсау, тіпті қаржы жымқыру фактілері орын алған». Сондай-ақ, 2020- 2021 жылдар аралығындағы қаржы аударымдарына тексеру нәтижесінде орта білім ұйымдарының жауапты тұлғаларына қатысты 16 қылмыстық іс қозғалғаны, жолсыздықтарды анықтау
әлі де жалғасып отырғаны халыққа аян.

Статистикалық мәліметтерді сөйлете берсек, мектеп ішінде көрініс тауып отырған жайттар жаға ұстатарлық. Шындығында, қолына дипломын ұстаған жас мамандардың жұмысқа орналасуында да машақат жетерлік. «Мектепке мұғалім болу үшін 2 млн. теңге беріпті» деген қауесеттер де құлаққа түрпідей тиетіні ақиқат. Осындай парақор басшылардің бірең сараңы ғана істі болғанымен, мұндай былыққа батқандардың қаншасы арамызда жүргені беймәлім! Бұндай масқаралылыққа жол беріп жүрген баршамыз кінәлі секілдіміз?
«Ұстаздар сағат бөлер шақта бірлестік жетекшілеріне қымбат сыйлық ұсынады екен» дегенді де көп естиміз. Осы тақырыпта әлеуметтік желілерде жиі көтеріледі. Сыйлық үлестірмеген мұғалім сағаттан құр қалып, айлық-табыстан айрылатынын айтпаса да түсінікті. Бірлестік жетекшілерін майлап, басшысының аузын байлап алған пысықайлардың біліктілігі қандай? Мұндай сыбайластықтан соң, оқушылардың білім сапасы қалай болмақ?
Ал, ата-аналар неге мұғалімдерге жиі сыйлық жасайды? Жасыратыны жоқ, баласы мектепке барған ата-ананың ұялы телефонында ватсап желісінде «ақылдасу чаты» деген бір-бір чат табылады. Мереке күні қарсаңында осындай чаттарда «апайға сыйлыққа ақша жинаймыз» деген смс хабарламаларға толатыны бар. Алтын әшекей, қымбат сөмке, гүл, иіс сулар сатып алуға жанталасқан жандардың балалары көп ұзамай-ақ «өте жақсы» деген бағаға ілігіп тұрғанын білесіз. Ал, жағдайын айтып, ақша аудармаған ата-ананың баласы төмен бағадан арылмайтыны ащы да болса шындық. Бірақ бұл кәдуәлгі сыбайластық жемқорлық фактісінің белгіленген мөлшерінен әлдеқайда аз болғандықтан қарапайым халық тіс жара алмайды.
Осындай жағдайлардан арылмай тұрған қоғамға үн қатып, жемқорлықтың жолын тыю мақсатында президент Қасым-Жомарт Кемелұлы кешегі жолдауында: «Қандай да болмасын сый-сияпат жасау доғарылсын, мамандар арнайы конкурс арқылы қабылданатын болсын» деген жолдары қара халықтың пайдасына шешілгендей.
Сөзімді түйіндей келгенде, Әділетті Қазақстан әділетті мектептен басталады! Сондықтан әр баланың мөлдір болашағы үшін «бармақ басты, көз қысты» іс-әрекетінен толық арылып, зейіні мен дарынын шыңдау ортақ іс. Былықтардан бойды таза ұстап, әділет жолында күш біріктірсек ғана парасыз һәм пайдасыз істен арылатынымыз айқын.

Ерқанат ПАТЕНОВ

«Жаңақорған тынысы» газетінің газет таратушысы әрі тұрақты авторы
«Жас қалам» республикалық парталының үздік тілшісі.
Бірақатар республикалық мүшайра жеңімпазы
03 қараша 2023 ж. 1 422 0