№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жемқорлық – ең қорлық

Жемқорлық – ең қорлық


Еліміздің отыз жылда жеткен жетістігі мен бағындырған белесінің бәрі адал жандардың бейнеткеш бауырларымыздың ерен еңбегінің нәтижесі дер едім. Жалпақ тілмен айтқанда, жауырынды азаматтың жүгі ауыр болғанымен жемісі мол болып, өз отбасы мен Отанын алға сүйреп көшбасшылық етеді. Міне, осындай әділдікті жақтаған, ары мен абыройын биік ұстаған ұлы тұлғалар отыз жылда еліміздің көк Туын көкте желбіретіп, еңселі ел болуы жолында маңдай терін сарп етті. Десе де, еліміздің аяғына тұсау болып, етектен шалған жайттар да жоқ емес. Соның бірі – жемқорлық қамытын киген тоғышарлық мәселесі тыйылмай тұрғаны жанымызға батады.


Жасыратыны жоқ, жемқорлық мә­селесі қай салада болсын қылаң беріп, елдің ортақ қазынасына қол салушы­лар қатары артып келеді. Әсіресе, елі­міз бойынша білім саласындағы өзекті мәселеге тосқауыл болар дәрмен жоқтай. Барлығымызға белгілі, ҚР Пре­зиденті Қасым-Жомарт Кемелұлының Педагогтардың мәртебесін заңмен бекітуі нәтижесінде ұстаз жалақысы төрт жылда 25 пайыздан көтеріліп, еңбекақы 100 пайызға өсті. Әйтсе де, заңсыздыққа барып, ұстаз жалақысы үстінен жосықсыз жымқырып қалсам деген ашкөздіктің көрініс беруі қалай?
Соңғы үш жылда өңірімізде білім беру ұйымдарына 530 млрд теңге қаржы қаралды. Оның 330 млрд теңгесі еңбекақы қорына бағытталған. Мемлекеттің осыншалықты қолдауына нәтижелі білім сапасымен жауап беру орнына орта білім беру ұйымдарын­да бюджетті дұрыс жоспарламау, қызметкерлерге артық жалақы аудару, заңсыз жұмсау, тіпті қаржы жымқыру фактілері орын алған. Сондай-ақ, 2020- 2021 жылдар аралығындағы қаржы аударымдарына тексеру нәтижесінде орта білім ұйымдарының жауапты тұлғаларына қатысты 16 қылмыстық іс қозғалғаны, жолсыздықтарды анықтау әлі де жалғасып отырғаны халыққа аян.


Статистикалық мәліметтерді сөйлете берсек, мектеп ішінде көрініс тауып отырған жайттар жаға ұстатарлық. Шындығында, қолына дипломын ұс­таған жас мамандардың жұмысқа орналасуында да машақат жетерлік. «Мектепке мұғалім болу үшін 2 млн. теңге беріпті» деген қауесеттер де құлаққа түрпідей тиетіні ақиқат. Осындай парақор басшылардың бірен-сараны ғана істі болғанымен, мұн­дай былыққа батқандардың қаншасы арамызда жүргені беймәлім. Бұндай масқаралылықтың орын алуына өзіміз де кінәлі секілдіміз.
«Ұстаздар сағат бөлер шақта бір­лестік жетекшілеріне қымбат сыйлық ұсынады екен» дегенді де көп естиміз. Осы тақырып әлеуметтік желілер­де жиі көтеріледі. Сыйлық үлестір­­ме­ген мұғалім сағаттан құр қалып, мол ай­лық-табыстан қағылады. Бірлес­тік жетекшілерін майлап, басшысының аузын байлап алған пысықайлардың біліктілігі қандай? Мұндай сыбайлас­тықтан соң оқушылардың білім сапасы қалай болмақ?
Ал, ата-аналар неге мұғалімдерге жиі сыйлық жасайды? Жасыратыны жоқ, баласы мектепке барған ата-ананың ұялы телефонында ватсап желісінде «ақылдасу чаты» деген топтар пайда болады. Мереке қарсаңында осындай чаттар «апайға сыйлыққа ақша жи­наймыз» деген смс хабарламаларға толатыны бар. Алтын әшекей, қымбат сөмке, гүл, иіссулар сатып алуға жанталасқан жандар баласына жақсы бағаны осылайша еншілетеміз деп дәмеленсе керек.
Осындай жағдайлардан арылмай тұрған қоғамға үн қатып, жемқорлық­тың жолын тыю мақсатында Прези­дент Қасым-Жомарт Кемелұлының ке­шегі жолдауында айтылған: «Қандай да болсын сый-сияпат жасау доға­рылсын, мамандар арнайы конкурс арқылы қабылданатын болсын» деген тапсырмасы қарапайым халықтың пай­дасына шешілгендей.
Сөзімді түйіндей келгенде айтарым, Әділетті Қазақстан әділетті мектептен басталады! Сондықтан әр баланың мөлдір болашағы үшін «бармақ басты, көз қысты» іс-әрекеттерден толық арылып, зейіні мен дарынын шыңдау ортақ іс. Былықтардан бойды таза ұстап, әділет жолында күш біріктірсек ғана парасыз һәм пайдасыз істен арылатынымыз айқын.

Ерқанат ПАТЕНОВ,
«Жаңақорған тынысы» газетінің тұрақты оқырманы

09 наурыз 2024 ж. 577 0