Туған жердің текті түлегі
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Еліміздің әлеуетін көтеруде, экономикасын ілгерілетуде негізгі бағытымыз – егін мен мал шаруашылығы. Ал шаруашылықтың табысы, алға дамуы, жалпы саланың өркениеті онда пайдаланылатын ғылымға тәуелді» деген болатын.
Осы орайда өз ауданымыздан шыққан ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒАның академигі, «ХХ ғасыр адамы» Илялетдинов Альфарид Низамуддинұлының 95 жылдығы құрметіне Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық кітапханада рухани танымдық кеш ұйымдастырылды. Шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамтыту бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов ашты.
– Жаңақорған өңірі текті тұлғаларды дүниеге келтірген қасиетті мекен. Өңірімізден шыққан Алаш арыстарының есімі көпке белгілі. Ата заңымыздың дүниеге келуіне қолтаңбасын қалдырған Сұлтан Сартаев ағамыздың орны оқшау тұр. Ауыл шаруашылығы ғылымына зор ізденісімен үлес қосып, интенсивті өнімділікке негіз қалаған белгілі ғалым Альфарид Низамеддинұлының 95 жылдығына орай аудандағы барлық мәдениет ошақтарында мәдени-танымдық шаралар өту жоспарланды. Туған жер түлектері өз жерімізден шыққан тұлғаларды жете танып, өнегесінен үлгі алып, жүрегіне орнықтырса деген тілек бар. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, соңына өшпес із қалдырған тарихи тұлға осындай құрметке лайық, – деді ол.
Аудандық білім бөлімі жанындағы «Ардагерлер ұйымы бірлестігінің» төрағасы Аллаберген Ахметов ұстаз-ғалымның тұтас өмірбаянын әңгімелеп, жанжақты ақпарат берді. Ол өзінің Жаңақорған кентінде тұрып жатқан Илялетдинов Альфаридтің қарындасы София апамыздың үйіне соғып ғалым туралы деректерді жинастырғанын айтты. Альфаридтің қызы Нейла осы шараға қатысуға уәде бергенімен қызмет бабына орай келе алмай отырғанын жеткізді. Нейла Альфаридқызы қазірде БҰҰ жанындағы Әйелдер құқын қорғау комитетінде қызмет атқарады. Женевада тұрады.
Шараға қатысушыларға Альфарид Низамуддинұлының ғылымға қосқан жаңалығы жөнінде толық ақпарат берген ол сөзін төмендегіше жалғады.
– Альфаридтің ата-анасы Низамуддин мен Ғаян Қазан қаласынан пойызға отырып Қазақстанды бетке алғанда бар болғаны жиырма жаста еді. Бесарық станциясынан түсіп қалып, ауыл шетіндегі үйге бас сұққан. Үй егелері Алтынбек қария оларды жатсынбай қабылдап, «учительміз» дегенде мұғалімге сусап отырған ел болып қуанды. Ол екеуі осы үйге тұрақтап ауыл мектебіне мұғалім болып орналасты. Міне, тұңғыштары Альфарид осы ауылда 1929 жылы дүниеге келді, – деді ол.
Низамуддин Илялетдинов кейін Жаңақорған орталығындағы №169 орта мектебіне мұғалім болып ауысады. Одан әрі сол мектептің директоры болды. Мектепті басқарған жылдары екі рет «Ленин» орденімен марапатталыпты. Оның есімі өзі басқарған мектепке берілгенін айтты. Аудан орталығындағы №169 Низамуддин Илялетдинов атындағы мектепті он бір жыл өзі де басқарған білікті басшы Аллаберген Ахметов одан әрі ғалымның өндіріске енгізген жаңалықтарына тоқталды.
– Альфарид Низамуддинұлы орта мектепті бітірген соң Мәскеудегі Ломоносов атындағы университеттің биология факультетіне оқуға түседі. Оны 1951 жылы үздік дипломмен бітіріп оқу орнының микробиология кафедрасына қызметке қалдырылады. 1954 жылы аспирантураны бітіріп кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1954-58 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының топырақтану ғылыми зерттеу институтында ғылыми қызметкер, 58 жылдан бастап Микробиология институтында директордың ғылыми істер жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Альфарид 1966 жылы «Минералды қосылыстарды биологиялық жолмен модернизациялау» тақырыбында докторлық диссертация қорғайды. Сол жылдан бастап, 1995 жылға дейін Микробиология және вирусология ғылыми зерттеу институтының директоры болды. Соның қабатында Алматы Ауыл шаруашылығы институты студенттеріне дәріс берді. Ол 1968 жылы профессор атағын алса, 1971 жылы «Ғылымға сіңірген қызметкер» төсбелгісімен марапатталды. Қазақ ССР ғылым Академиясының академигі «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанды.
Ғалымның ауылшаруашылығы ғылымына қосқан үлесіне келсек, органикалық заттарды минералдандыратын жергілікті топырақ микрофлорасының тіршілігіне қолайлы жағдай жасау қажеттігі туралы зерттеулері құнды саналады. Топырақ құнарлылығын қалыптастыру туралы еңбектері одақ көлеміне тарады. Ғалымныің бұл жаңалығы күріш алқабындағы өнімділікті 20 пайызға арттыруға мүмкіндік бергенін айтуға тиіспіз. Бұл ғылыми еңбегі 1988 жылы «Наука» баспасынан басылып шығады. Оның бұдан басқа мал азығындық сүрлемнің құрарлылығын арттыру мақсатында құрғақ бактериялы ашытқыны пайдаланып өндіріске ендіру тәжірибесі қолдау тапты. Ол сонымен қатар Қазақстан Ғылым Академиясы жанынан шығатын «Известия» журналының бас редакторы, Мәскеуде шығатын «Микробиология» журналының редколлегия мүшесі болады. Альфарид Низамуддинұлы басшы ретінде ұжымда шығармашылық атмосфераны сақтағаны және барынша ғылым адамына құрметпен қарай білген жоғары мәдениеттілігін әріптестерінің естеліктерінен көруге болады, – деді ол.
Ғалымның есімі тек біздің елде ғана емес әлемдік ғылыми ортада биік бағалануы да біз үшін мақтаныш. Жаңақорған топырағы ғалымдардан кенде емес.
Десек те Илялетдиновтер әулетінің кіндігін туған жердей үзбей, қарашаңырақтың шырағын маздатып отырған Софья Низамуддинқызының орны бір төбе екендігі де осы кеште айтылып, ұстаз-анаға құрмет көрсетілді. Шараны жүргізген кітапхана директоры Әсемкүл Тілеубергенова келесі кезекте ғалым-ұстазға арналған “Туған жердің текті тұлғасы” атты көрмені көп назарына ұсынды. Көрмеде 193 ғылыми зерттеулер, 20 авторлық еңбектің иесі Альфарид Низамуддинұлы туралы мерзімдік басылымда әр жылдары шыққан мақалалар мен кітаптар, энциклопедиялық деректер қойылыпты.
Баян ҮСЕЙІНОВА