№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әжелер даналығын іздеп жүрмін

Әжелер даналығын іздеп жүрмін

Біз үшін әжелер ерекше тұлға, ал есейе келе оларды данадай көріп, тіпті күні бүгінге дейін асқақ болмысын ұмыта алмай жүргеніміз шындық. Әжелеріміз шетінен әңгімешіл, аңыз-әпсанадан сыр шертіп, ертегісіне еліктіріп өсірді. Тіпті, халық арасында әженің тәрбиесін көрген ұл мен қыз ақылды, инабатты болады деген де түсінік бар. Ал, бүгінгі әжелер қандай? Немересіне ертегі айта ма? Әлде заманауи әже принципін жалау етіп, «Әркім өз баласын өзі бақсын» деген ұстанымын ұлық тұтып жүр ме?
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десе де, немересі үшін жанын шүберекке түйіп, бар пейілін төккен бейнеткеш әжелерді аз кездестірмейміз. Сонымен қабат егде жасқа жетіп, ене атанса да келіндерінен қалыспай сән қуып, желігі басылмаған апаларымызды көргенде көз ұялатыны бар. Тіпті оны былай қойыңыз, шет елге шығып, жағажай жағалап, жартылай жалаңаштанған фотосуреттерін желіге жүктеуден арланбайтын әжелеріміз алақандай ауылда ел-жұрттың бетіне қалай қарайды? Әлі есімде. Жаймашуақ жаздың тамылжыған жылы түндерінде нағашы әжем екеуміз аспандағы жұлдыздарға саяхат жасайтынбыз. Жетіқарақшы, Темірқазық жұлдыздары жайлы баяндап, одан әрі Хорасан ата мен Сунақ ата басқа да киелі есімдер туралы айтқан аңыз әңгімелері күні кешегіндей санамда сайрап тұр. Әжемнің айтуынша Темірқазық жұлдызын қазақ бағдар ретінде пайдаланған. Ол түнгі аспанның ең жоғарғы биігінде орналасқан екен. Темірқазыққа Тәңір өзінің аттарын байлайды. Темірқазықтың қасындағы қос жарық жұлдыз Тәңірдің ақбоз тұлпарлары екен. Ақбозат пен Көкбозат арқанмен Темірқазыққа арқандаулы тұрады. Ал, Жетіқарақшы түнімен бұл екі атты ұрлаймыз деп торып, аттар қағулы тұрған қазықты айналып, күзетті алдырмай, таң атып кетеді. Жетіқарақшы ел арасында ұры, баукеспе болған, оларды халық соңынан түсіп қуғаннан кейін, жеті ұры аспанға жұлдыз болып кеткен. Алдыңғы төртеуі көшбасшылары, кейінгі үшеуі құйыршықтары, деуші еді жарықтық. Өз әжем мен бір жасқа жақындағанда өмірден озыпты. «Өзі ауырып отырса да әжең сені дамылсыз әндетіп тербететін», – дейді анам. Анамның осы бір ауыз сөзінен-ақ әжемнің маған деген өлшеусіз мейірімінің лебін сезінемін. Бейнесін көз алдыма елестете алмасам да кеудемді сағыныш кернейді. Біз үшін әжелер бейнесі тым биікте тұр. Бүгінгі балалар, ел ертеңі «заманауи» әжелері туралы не деп толғанар ?.. Ал, сіз ше, әжелер даналығын сағындыңыз ба?

Айсұлу АЛДАНАЗАР

23 шілде 2024 ж. 173 0