№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Дәстүрді дәріптеген аналар Түгіскеннің төрінде

Дәстүрді дәріптеген аналар Түгіскеннің төрінде

Республикалық «Қазақ аналары-дәстүрге жол» бірлестігі отбасылық құндылықтар, әйел-ананың отбасындағы, қоғамдағы рөлі, халықтық әдетғұрып, салт-дәстүріміз бен қазақ халқының қолданбалы өнерін насихаттауды көздейтін ұлттық жобаны қолға алып отыр. Жалпыұлттық мәдени бірлестік өңір-өңірде құрылып, жұмысын бастағалы ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды едәуір еңсе көтеріп, белгілі бір деңгейде тұғыр тіктегені қуантады. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезекті шарасы «Дәстүрге жол – Аққорған» аналар қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Түгіскен ауылында өтті.
Ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртуға бағытталған кеште аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы мен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Алтынай Мырқықызы сахна төріне шығып, ақжарма тілектерін жеткізді. Айтулы шарада Түгіскен ауылының домбырашылар ансамбілінің орындауында Құрманғазының күйі «Балбырауын» мен ауылдық клуб үйінің директоры Бақытгүл Тасқожаеваның «Түгіскен маршы» әндері орындалып жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ауылдық мәдениет үйінің ауласы ұлттық нақышта безендіріліп, қызкеліншектердің ұлттық стильде жасанған сән-салтанаты айналаға әсем көрік сыйлап, арнайы құрылған алтыбақан аясы қуаныш пен шаттықты еселеді. Ұлттық салт-дәстүріміздің уығы берік, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған құт мекенде ашық аспан астындағы көрме ұйымдастырылыпты. Көрермендер одан әрі ауылдық мәдениет үйінде өткен «Абысынажын» атты аудандық келіндер байқауын тамашалауға асықты. Халқымыз «Руыңды тәрбиелегің келсе ұлыңды, ұлтыңды тәрбиелегің келсе қызыңды тәрбиеле» дейді. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген де халық даналығы бар. Ұлттық салтдәстүрімізден түрлі көріністер көрсеткен ақ орамалы керемет жарасқан келіндердің өнері бірінен бірін дара етті. Бәрі шетінен өнерпаз. Бірі үкілі домбырамен әсем ән әуелетсе, бірі мың бұрала би билеп, көрермен көзайымы бола білді. Сайыстың келесі шарты – ситуациялық сұрақтарға жауап беріп, қарапайым өмірде тағлымды бойға сіңірген, сөз киесін ұғатын әдеміліктерімен көңілімізді жылытты. Ұмыт болып бара жатқан ескі салтдәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық құндылығымызды айқындай түсетін ғибраты мол, мазмұнды басқосуда келелі ой түйіп, өмірлік азық болар айшықты тәліммен қанаттандық. Көптің көңілінен орын алған шарада аппақ кимешекті әжелеріміз бен қос етек көйлек пен оюлы қамзол, үкілі тақия киген қызкеліншектердің өнер көрсеткені жиналған қауымды қуанышқа бөледі. Салт-санамыз бен тәлім-тәрбиені насихаттауды алға тартқан әсерлі шарада ұмыт болған «Абысын-ажын» дәстүрі ерекше сахналанып, жиналған қауымның қошеметіне ие болды.
Байқау қорытындысында Түгіскен ауылының «Атымтай ата» әулеті келіндері облыстық іріктеуден бас жүлде алып, қыркүйек айында өтетін республикалық сайысқа жолдама алды. Осылайша құндылықты ұлықтап, төл дәстүрді дәріптеу мақсатындағы жүзеге асқан шарадан ерекше әсермен тарқастық.

Жәмила ЕРМАХАН
23 шілде 2024 ж. 207 0