№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Талаптыға нұр жауар

Талаптыға нұр жауар

Ел келешегі кемелді болуы үшін қоғам мүшелерінің бәсекеге қабілеттігі басты маңызға ие. Осы тұрғыда ауданымыздағы үйірме мектептердің үлесі басым. Кент орталығындағы «Озат оқу орталығының» шәкірті, 2 сынып оқушысы Талғатбек Құлмұхаммед Түркияда өткен халықаралық пәндер олимпиадасына қатысып, бас жүлдені иеленіп қайтты. Біз Түркияның Сиден қаласында ментальды арифметикадан өткен сайыста жеңімпаз танылған Құлмұхамед білім алып жатқан «Озат оқу» орталығына арнайы бас сұғып, директоры Айдана Әбсаттарованы әңгімеге тарттық.
– Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән берген. «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» дегенде көкөрімнің көргенін істеп, көп өнеге алатынын меңзесе керек. Алаш қайраткерлері жасөспірімдерге арнап бірнеше кітап жазып, бала кезден сауатын шыңдауға баса мән берген еді. Біз де осы жолда ізденіп, тың қадамға барып отырмыз. Ал, мерейімізді асырған Талғатбектің ментальды арифметиканы бастағанына 2 жыл болды. Осы екі жыл ішінде есепке ерекше қабілетімен көзге түсіп, Түркістанда өткен олимпиадада оқ бойы озық шыққан ол кейін Қызылорда, Тараз, Көкшетау олимпиадаларына қатысып жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Осы жылы маусым айының 28 – ші жұлдызында Түркия мемлекетінде өткен халықаралық олимпиадада Ментальды арифметикадан үздік нәтиже көрсетіп бас жүлдені қанжығалады. Ментальды арифметикаға қолынан, жетектеп әкелген Күмісай әжесі болатын, ал ұстазы «Озат» оқу орталығының ментальды арифметика пәні мұғалімі Айнұр Алмасқызы, – деді ол.
Әлі ойын жасындағы өспірім болса да Талғатбектің білімге деген құштарлығы басым, мақсаты айқын. Бос уақытында есеп шығарып, түрлі кітап оқып, ағылшын және орыс тілін меңгеруге ынта қойған оқушының арманы асқақ. Айтар ойы мығым.
– Ата-анам әрдайым білімдінің болашағы жарқын деп айтып отырады. Мен де болашақта білімді, білікті маман болуды армандаймын, – дейді ол.
Болашағын баянды етуді мақсат тұтқан бүлдіршіннің талпынысы қатарластарына үлгі-өнеге екені даусыз. Осы талабынан жаңылмаса Талғатбек Құлмұхаммедті әлбетте биіктен көреріміз анық, «Талаптыға нұр жауар», – дегендей, жас талапкердің болашақта алар асуы биік, жолы ашық болуына тілекшіміз. ХХІ ғасыр білім ғылымның, озық техниканың алтын дәуірі. Алдағы уақытта осындай талантты жастардың дарынын шыңдап, білімін жетілдіре түсу міндеті тұр. Сонда ғана өркендеудің биік белесіне көтерілеріміз анық.

Әсел РЗАЕВА
16 шілде 2024 ж. 461 0