Қаңғыбас иттерге қадағалау бар ма?
Бүгінде жеті қазынаның бірі саналған тазының қадірі кетіп, құты қашты. Себебі, үйсіз-күйсіз, көше кезген ит көп. Қаңғыбас иттер қараптан – қарап кісіге шауып, үрейді алып жүр. Әсіресе баласы үшін уайымдайтын ата-ана қарғыбауы жоқ салпаң құлақтың көбейіп бара жатқанына алаңдаулы.Осы мәселе төңірегінде бірнеше мекеменің есігін қақтық. Өйткені күн ұзарып, түн қысқарған уақытта қаңғыбас иттердің ойын баласына, қала берді кешкісін жұмыстан үйге қайтқан адамдарға қауіп төндірген жағдайлар аз кездеспей тұр.
Мақаланы жазуымызға кенттегі Ипподром аумағының тұрғыны Әсемгүл Амантаеваның редакциямызға атаулы тақырып төңірегінде шағымданып келгені де түрткі болды. – Мен Қадір Тағаев көшесінің тұрғынымын. Соңғы уақыттары айналамызда иттер көбейді. Тіпті тобырымен жүріп тынышымызды алады. Олардың жанынан бала түгілі өзіміз қорқа-қорқа өтеміз. Егер қолыңда азық-түлік, нан бар екенін байқаса қыр соңыңнан қалмайды. Сол үшін дүкенге баратын кезде жолдасымды немесе үлкен баламды қасыма ертіп алатын болдым. Бір апта бұрын көршіміздің 5-ші сынып оқитын қызын ит тістеп алды. Періштесі қаққан екен, дер кезінде адамдар көріп қалып, аман қалды. Әйтпесе, аш қасқырдай анталағандардың беті шошытты. Аудандық ветеринария бөліміне талай мәрте хабарластық. Алайда заңның осалдығы қолға тұсау болып отырғанын айтады. Өте өкінішті, бірақ бұлай қол қусырып қарап отыруға болмайды. Сондықтан көпке жариялап жалпының назарын бұрғым келеді, – деді ол.
Көше кезіп жүрген қаңғыбас иттердің арасында құтырған ит кездеспей қоймайды. Иесіз жүрген ит пен мысық әр жерді паналап, күл-қоқыстың арасында түрлі қалдықтармен қоректеніп, күн көреді. Осыдан кейін үй жануарының ағзасында түрлі жұқпалы аурулар туындайды. Соңғы уақытта бұралқы иттен зардап шеккендерді естіп, көріп жүрміз.
Ал қоғамда аталған мәселенің көтерілуінде шек жоқ, бірақ нақты іс жоқ. Біз де дереу қолға қалам алып, жауапты мекемелердің есігін қақтық. Себебі бұл мәселе аудан үшін өте өзекті. Осы тақырыпты талай мақалаға арқау етсек те, түйіні тарқаталмай тұр. Мән-жайды білмекке аудандық ветеринария бөлімі басшысы Марат Қазыбаевпен тілдестік:
– Жаңақорған ауданы бойынша ит-мысықтарға құтыру, эхинококкоз аурурларына қарсы жоспарға сәйкес екпе салынады. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап 35 ит тістеу жағдай орын алды. Жалпы, аудан бойынша 1325 ит тіркелген. Осы тұста айта кетейін, 2021 жылдың 30 желтоқсанында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойылып күшіне енді. Аталған заң талаптарына сәйкес қаңғыбас жануарларды аулау жүзеге асырылмайтыны көрсетілген. Сол себепті де, біз қаңбығас иттерді ұстап, арнайы қамай алмаймыз. Біз тек тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Қолымыздан келгенше әрбір үйге кіріп, мәселенің мәнісін байыппын жеткізіп, алдын алуға тырысамыз, – дейді сала басшысы.
Сонымен қатар, ветеринар маманның сөзінше, кезбе иттердің адамдарға шабуыл жасауының бірінші себебі − олардың шағылысатын кезіне тап болуы. Осы кезеңде иттер өздерінің қалыпты күйлерінен ауытқып, оқыс жағдайлар орын алуы әбден мүмкін. Екіншіден, көктемге қарай балалайтын уақыттарында көбейеді. Өйткені, олардың күшіктеп жатқан жеріне балалар ойнап барып қалады. Қасына барған балалардан күшіктерін қызғанып тістеп алуы мүмкін. Үшіншіден, көпшілік иттің иесі жоқ. Олар кез келген жерде, құрылыс маңында, ағаш-тақтай астында, қуыстарда жатады. Сондай жерлерде адамдар оларды абайсызда басып кетіп немесе басқа да жолдармен ызаландыруы мүмкін. Міне, осы себепті тосын жағдай орын алады екен.
Аудандық емхана травмотологы Бағдат Бодықов аптасына 5-6 немесе 10 адамға дейін ит қапқаннан зардап шегушіні қабылдайтынын жасырмады. Жыл басынан бері 111 адам осындай жағдаймен келді. Олардың барлығына қажетті ем жасалды, арнайы вакцина да салынды. Ал, ветеринар мамандар тістеген итті он күнге қамаққа алып, жан-жақты зерттейді. Егер иттің жағдайы дұрыс болса, бізге саулығы жөнінде анықтама береді. Осы уақытқа дейін құтырған иттер болған емес. Көбінесе, көршісінің иті немесе қонаққа барғанда сол үйдің иті тістеп жатады. Дегенмен де, қаңғыбас ит тістеді деп келетіндер де аз емес. Бүгін Шалқиядан бір апа келді. Қажетті көмекті көрсеттік. Шыны керек, жағдай былтырғыдан көбеймесе азайған жоқ, – деді дәрігер.
Таяуда Ақтөбе қаласында 12 жастағы баланы бұралқы ит талап өлтірді. Оның алдында Алматы облысының Талғар ауданында баланы ит қапты. Балаға пластикалық операция жасатуға тура келген. Атырауда да ит талаған бала көбейген. Ақтөбедегі бала өлімінен кейін де тұрғындар жергілікті билікке наразылықтарын айтып жатыр. Несін жасырайық, әкімдік өкілдері тұрғындар жағында, бірақ жаңа заң итті құрықтауға қолбайлау болып тұр. Бұған халық болып ызалы. Ит-мысықтан зардап шеккен адамдардың саны жылдан-жылға көбеймесе, азаяр емес. 2021 жылы Қазақстанда қаңғыбас мысықтар мен иттерді аулауға және жоюға 1 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар құтырма ауруының алдын алу мақсатында 980 590 ит пен мысыққа екпе егілген дейді мамандар.
Алайда бүгінде сол миллиардтаған қаражатың нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Мыңдаған бұралқы ит, мысықтың көзі жойылды деген жалаң цифр мәселені шешіп тұрған жоқ. Жабайы хайуандармен күресті заңмен мықтап шегелеп, нақты шарамен қолға алу керек. Себебі оның артында адамның өмірі мен денсаулығы тұр. Сала мамандарының сөзінше, далада қаңғырып жүрген ит жыл өткен сайын көбеюде. Оның себебін мамандар қожайынның жауапсыздығынан көреді. Ал дамыған елдерде олармен күресу үшін арнайы ереже қабылданған. Мысалы, АҚШ-та қаңғыбас иттерді қадағалау қағидасы 1976 жылы жасалып қойған. Бұл ереже барлық штатқа ортақ. Қараусыз қалған кезкелген итті мамандар ұстап алып, арнайы белгіленген орынға жібереді. Тіпті полиция офицерлері де көмекке келеді мұндайда. Өйткені Америкада итті, жалпы жануарды қорлаған адам тергеуге ілінеді. Арнайы орынға жеткізілген итке қожайын қарастырылады. Ит асырау мәселесі де маңызды болып есептеледі. Германия – жануарларды қорғау туралы заң шығарған алғашқы мемлекет. Ол жақта «Жануарлар құқығы» қатаң бақыланады. Жануарларға жауапкершілікпен қарамаған адам жазаға тартылады, айыппұл арқалайды.
Ал, көршілес жатқан Ресей мемлекетінде қаңғыбас иттер қоғамға зиянын тигізбесе, еркін жүруге рұқсат берілген. Егер адамға шабуыл жасап, қандай да бір залалын келтірген жағдайда атып тастау шарасы қарастырылған. Сондай жолмен ғана қауіпті қаңғыбас иттердің санын азайтып отыр. Дұрыс, жер бетінде жаратылған жаны бар мақұлыққа да жанашырлық танытуымыз керек. Бірақ, төрт аяқтының амандығын ойлап шарасыз күй кешіп отырғанымыз көңілге қаяу салатыны ащы болса да шындық. Қанша ашынып, даурықсақ та қаңғыған итке шара қолданылмаудың сыры осы. Бұрынғыдай көше-көшені аралап, кезген иттерді ата салу жоқ енді. Басты сұрақ алдағы уақытта бос жүрген иттердің «бостандығын» шектей аламыз ба? Ал, олардың ең кемі тең жартысы күшіктесе, қауіп те екі есеге көбейгелі тұр. Итті аяймыз деп жүргенде адамдардың қауіпсіздігіне кім кепіл болады? Қаңғыбас иттер атылмаса, ұсталмаса, уақытша ұсталатын орны болмаса, ендігі көшеде жүруден қалармыз, бәлки? Қалғанын құзырлы органдарға қалдырайық.
Түйін: «Бұралқы итті аяймыз, ал адамдардың қауіпсіздігіне кім кепіл болады?» деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз. Десе де, егесіз иттің көбеюіне кейде тұрғындардың өздері де себепші. Үй жануарына жауапсыз қарап, қараусыз жіберетіндер көп. Ал оқыс оқиға орын алса, кінәліні іздейтініміз тағы бар. Сондықтан аудан тұрғындары асыраған итіне аса жауапкершілікпен қарап, үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бұзбағаны абзал. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», иттің мойнында қарғыбауы болып, адамдарға зиянын тигізіп жатса, егелері заң тарапынан кінәлі болып есептеледі.
Әсел РЗАЕВА