ЖАСТАР ЖЕТІСТІГІ – ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ҮНДЕЙДІ

Жастар – қоғамның болашағы әрі экономикамыздың негізгі қозғаушы күші. Еліміздің саясатына зер салып қарар болсақ, жастарға ерекше назар салып, олардың ілгері білім алуына, жүйелі жұмыс жасауына серпін беріп келеді. Жыл соңына таяған тұста аудан әкімдігінің мәжілісінде аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлының модераторлығымен НЕЕТ санатындағы жастардың мәселесі және «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мән-жайы талқыланды.
Жастарды қолдау мақсатында бірнеше бағдарламаның барын білеміз. Соның ішінде NEET жастарды қолдау 6 бағыт бойынша жүреді. Кәсіптік бағдарлау, кәсіби оқыту, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастарды әлеуметтендіру мен ұйымдастыру әдістемелік шаралары, «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Баршаға бірдей тегін техникалық және кәсіптік білім беру», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары осының жемісі.
Ал, аудандағы жағдай қалай? Өткен жылы аудандық жұмыспен қамту орталығында 2633 жас жұмыссыз ретінде тіркелсе, олардың 699 тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Әлбетте, бұл тіркеліп, ресми статус алғаны ғана. Еш жерде тіркеуде жоқ тұлғалар мен шетел асқандардың нақты санын айту мүмкін емес. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінде аудандағы жұмыссыздық деңгейі жылдан-жылға азайғаны айтылады. Ағымдағы жылы ауданымызда 301 жас «Жастар практикасына», 403-і қоғамдық жұмыс орындарына, 904 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға қатысса, оның – 167-і қайтарымсыз грантты иемденген. Ал қысқа мерзімдік курспен білім жетілдірген 8 жас жұмысқа орналасса, әлеуметтік жұмыс орындарына 25-і қамтылды.
Ашығын айту керек, аудандағы кәсіпкерліктің 60 пайызы отыздан аспаған жастарға тиесілі. Мұның өзі жастардың экономикадағы белсенділігін аңғартады. Мұны жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров та растады.
– NEET санатындағы жастарды анықтау мақсатында үйлерді аралау жұмыстарын жүргіздік. Арнайы әзірленген сауалнамаға 15-28 жас аралығындағы 17944 жастың 80,1% (14390 жас) ерікті түрде қамтылды. Бұл аудандар ішіндегі ең жоғары көрсеткіші. Сауалнаманың қорытындысына сәйкес NEET жастары 5,2%-ды (928 жас) құрайтыны анықталды. Өткен жылы 115 жас, жастар тәжірибесіне – 58 жас, тұрақты жұмыспен 21 жас қамтылды. Сондай-ақ жазғы маусымдық егістік жұмыстарына 207 жас тартылған. NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру бойынша «Білгеніңмен бөліс» жобасы аясында тігін, қолөнер курстарына 28 жас тартылды. NEET санатындағы 20 жасқа бүгінгі күні нарықта үлкен маңызға ие болып табылатын СММ дағдылары, Таргет, Мобилография бойынша кең көлемді ақпараттар беріліп, курстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Жастар ресурстық орталығы» КММ және аудандық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Мүмкіндіктер алаңы» шарасы өтіп, 14 жас «Жастар тәжірибесі» бойынша бос жұмыстарға жолданса, 25 жасқа «Бастау бизнес» бағдарламасына қатысу бойынша консультация берілді. Жыл көлемінде 15 жас «ЖанАрай» агроиндустриалды кешеніне экскурсияда болып, білікті кәсіпкерден тәжірибе алмасты. Сонымен қатар аталған категорияға жататын 7 жас «Перспективалық және инновациялық жобалар» байқауына қатысып, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетілді. Жұмыспен қамту орталығына тіркелгендерден бөлек, тіркелмеген жастар бар. Сол себепті үй-үйді аралап мәлімет жинақтаудамыз. Негізгі мақсат – жастардың әлеуметтік статусын анықтап, тізімін жасақтау, – дейді Наурызбай Ерікұлы.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасының іске асырылуы бойынша жүргізілген мониторинг жайлы аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі басшысынң орынбасары Ахметқали Қасқабаев тарқатты.
– Биыл «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 24 маманды қаржыландыруға республикалық бюджеттен 203 060,0 мың теңге қаржы қаралды. Қазан айында ауданға қажетті мамандықтар тізімі жарияланып, электронды өтініштер қабылданды. Сондай-ақ, аудан әкімінің қаулысымен 12 маманға тұрғын үй сатып алуы үшін бюджеттік кредит рәсімделсе, 17 маманға көтерме жәрдемақы берілуде,– дейді.
Жиында NEET санатындағы жастарды МӘМС жүйесіне енгізу жайы да сөз болды. Мәселең, күнделікті жалдамалы жұмыс жасап жүрген жастар белгілі мөлшерде жарна төлеп, тегін медициналық көмек алуы жолға қойылуда.
Жастар мәселесін тарқатқан жиында Жаңақорған кент әкімінің маманы Үміт Аптаева кенттегі кәмелетке толмаған балалардың жай-күйі мен жыл бойында атқарылған бұхаралық іс-шараларға тоқталды. Төменарық округінің жастар ісі жөніндегі маманы Мағжан Әзиз бен Көктөбе ауылының әкімі Боран Әбуов те мемлекеттік жастар саясатының орындалу барысын тарқатты.
Түйгеніміз, ауыл-аймаққа ең қажетті мамандықтарды меңгеріп, еліміздің өркендеуінде өз ізін қалдырамын деген мақсаты бар кез-келген жасқа жан-жақты қолдау тетігі қалыптасып келеді.
Тә, туған жерінің гүлденуіне жастық жалынын арнап жүрген жігерлі жастар қатарының артуы көңілімізді қуанышқа бөледі.
Мақпал МАРҚАБАЙ