» » Бедеулік пен белсіздік: ұлттық трагедияның бір тармағы

Бедеулік пен белсіздік: ұлттық трагедияның бір тармағы


Жаһан жұртының басты мәселесінің бірі – белсіздік пен бедеулік болып отыр. Бұл – біздің де демографиялық трагедиямызға айналып үлгерді. Дерек көздеріне қарағанда, Қазақстанда 14 мың әйелге бедеу диагнозы қойылған. Ал, мыңнан аса еркек белсіз. Мұның салдарынан ажырасу факторы көбейді.

Расында, бала сүю – бақыттың үлкені. Дегенмен, кейінгі уақытта мыңдаған отбасы іңгәләған сәби үнін естуге зар болуда. Жыл өткен сайын бұл дерттің қауқары артып,  мәселесі күшейіп барады. Мәселен, 2000 жылдары елдегі бедеуліктің көрсеткіші 8-10 пайыз аралығында болса, қазір 16-17 пайызға көтерілген.
Жаппай ер азаматтардың денсаулығына нұқсан келтіріп отырған белсіздіктің мән-жайын дәрігердің өз аузынан естуді жөн көрдік. Аудандық орталық емхананың уролог дәрігері Ғалым Нәбиев саулымызға егжей-тегжейлі жауап берді. Оның айтуынша, адамның бала сүйе алмауы әйел мен бірге ер адамға да тікелей байланысты. Ер адамдар түрлі суықтау мен жұқпалы індеттерден ұрпақсыз қалып жатады. Дегенмен, ер азаматтар дәрігер тексерілуінен бас тартып, ауруын асқындырып алады екен.
– Бүгінде еркектердің белсіздігі әйелдердің бедеулігімен қатар тұр. Біздің ауданның өзінде еркектер арасында белсіздік дертіне ұшырағандар қатары көп. Бірақ олардың басым бөлігі дәрігерге қаралуды намыс көріп, саналы түрде емделуден бас тартып жатады. Осы себептен де олардың саны туралы нақты дерек жоқ. Тіпті, ер адамдадың 60 пайызы дәрігер қаралуынан бас тартады. Сондықтан, біз ерлі-зайыптыларды бірдей медициналық тексеруден өткіземіз, – дейді уролог дәрігер.
Дәрігердің сөзінше, бүгінде эректильді дисфункция дертіне шалдыққандар көп. Бұл ауру көбіне физиологиялық бұзылыстан, гипертония, қан диабеті, тік ішекке жасалған ота және т.б. салдарынан туындайды. Еркектің белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі түрлі қабынулар, яғни, аталық без бен қуық асты безінің қабынуы, жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді. Жалпы, елі-зайыптылар бала сүю мәселесін мейілінше 35 жасқа дейін шешіп алғаны жөн. Өйткені, жас ұлғайған сайын генетикалық өзгерістердің әсерінен ұрпақтың сапасы нашарлап, балалы болу мүмкіндігі азаяды.
Айта кетерлігі, ер адамдарда жасөспірім шақтан болатын варикоцеле дерті бар. Оны дер кезінде емдеп, ота жасамаса соңы бедеулікке соқтырды. Өйткені аталық безге қан бармағандықтан, қан айналу процесі өзгеріп, жыныс жолдарына әсер етеді. Сонымен қатар,  соңғы уақытта жыныстық жолмен жұғатын мерез, соз, хламидиоз, трихомониаз, микоплазма сияқты аурулар көбейіп кеткен. Бұлар да бедеулікке апарады. Ең сорақысы, бұл індеттер еш белгі бермей, ағзада ұзақ уақыт жүреді. Сондықтан, ер адамдарға да дәрігер тексерілуінен уақытылы өту өте маңызды.
Иә, ер адамдардың не себептен белсіздікке ұшырайтыны жайында біраз мәлімет бердік. Енді әйел адамдардың неліктен бедеу атанып жүргеніне тоқталсақ. Жоғарыда Қазақстанда 14 мың әйел «бедеу» диагнозын арқалап жүргенін атап өттік. Дәрігерлер оған экологиялық жағдайдың жыл санап нашарлап, тағамның құнарсыздануын алға тартуда. Дегенмен, көп жағдайда бедеулікке өмір салтын дұрыс ұстанбағандықтан ұшырайды. Яғни, ерте бастан жыныстық қатынасқа түсіп, жасанды түсік жасату және т.б. жағдайлар әсер етеді. Мәселен, бедеу әйелдедің 70-80 пайызы жасанды түсік жасатқан қыз-келіншектер екен.
– Әйел бедеулігі екі түрлі болады. Біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі – жүре пайда болған. Біріншісіне, жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелері мен оның жетілмей тууы басты себеп. Екіншісі – әр түлі аурулар мен салауатты өмір салтын ұстанбаудан туындайды. Оның ең бастысы – түсік жасату. Сонымен қоса, жатыр түтікшелерінің сырқаттары, эндометриоз, гормондық бұзылыстар сияқты көп факторлар бедеулікке әкеледі, – дейді аудандық орталық емхананың акушер-гинекологы Айгерім Абуова.
Айгерім Абуованың мәліметінше, ауданда бедеулік дертінен зардап шегіп жүрген 90-нан аса әйел бар. Олардың барлығы ем алу үстінде. Көбісінің бедеу болуына түсік жасату, денсаулығына салғырт қарау себеп болған. Десе де, өз кезегінде ем-домын қолданып, балалы болу бақытыны сезінгендер де бар.
Деректерге жүгінсек, бедеулік пен белсіздіктің белең алуына тамақтану үрдісінің өзгеруі мен экологиялық факторлар көп әсер етуде. Өйткені, тамақтардың табиғи құрамы өзгерген. Олардың құрамында түрлі бояғыштар мен дәм күшейткіштер, химиялық қоспалар көбейген. Сонымен қатар, қимыл-қозғалыстың аздығы, ұялы телефон, компьютер, микротолқынды пештер бедеулікті асқындыратын құрал. Сондықтан, ғалымдар ұялы телефонды қалтаға жақын ұстамауға, қуат көзі 5 пайыздан төмендегенде оны қолданбауға кеңес береді.
Р.S.: Ұлтқа трагедия ретінде жабысқан бұл індетпен күресу жолға қойылмаса «Мәңгілік ел» концепциясы баянды болмайтыны белгілі. Ендеше...

Айсұлу АЛДАНАЗАР
17 сәуір 2022 ж. 296 0