Бедеулік пен белсіздік белең алды. Неге?
Кейінгі кезде ұрпақты өрбіту жасындағы ұл-қыздарымыздың бедеулік пен белсіздікке шалдығуы белең алуда. Бұл қазақ ұлтының трагедиясы десек те болатындай. Өйткені әрбір шаңырақта кездесіп жатқан оқиға талай жас отбасылардың шаңырағын ортасына түсіріп жүргенін жасыра алмаймыз. Үмітін үкілеп, сабырмен сәбилі болуды күтіп жүргендер қаншама.
Сондай отбасының бірі – Нұрлан мен Гүлназ. Үйленгеніне он жылдан аса уақыт болса да бір-біріне деген шынайы сезімін суытпаған. Бірінің көңілін бірі демеп жүр. Қаралмаған дәрігері, алмаған емдері жоқ. Нәтиже болмаған соң бар үмітін сенімге жеңдіріп жауқазын өмірлерінің қысы мен жазын бірге өткізуде. Таңертеңнен қара кешке дейінгі жұмыс ғана алданыштары. Дерек көздері республика бойынша 14 мың әйелдің бедеу, мыңнан астам еркектің белсіз екенін мәлімдейді. Мамандар бұл Қазақстанның ғана емес, жер шарының ортақ мәселесі екенін айтады.
Бұл жаға ұстатарлық жәйт. Қаншама қыз-келіншек бала сүю бақытын көре алмай, бақыт күткен босағаның бесігі бос қалып, шаңырағының шайқалып жатқанын естудің өзі ауыр. Бірақ ащы да болса шындық.
Осындайда баласын далаға тастап кетіп жатқан қаракөздерімізді қайда қоясың. Сенген адамы орта жолда далаға тастап, бармақ тістеп қалған талайы осындай келеңсіздікке тап болып жас өмірі қор болып жүр…
Психологтар көп жәудір көздің әкесінен көрмеген жылуды, естімеген әдемі сөздерді көшедегі көк аттыдан естіп басы айналып қалатынын айтады. Осындайда қыз балаға әкесінің жылуының аса маңызды екенін айтқымыз келеді. Бұл бөлек тақырып.
Осы белсіздік пен бедеуліктің себебін анықтасақ. Дәрігерлер осыған дейін үйленген екі жас 2-3 жылға дейін балалы болмаса мұны қалыпты дейтін болса, бүгінде бір жыл бойы жүктілік пайда болмаса бедеулік болатынын айтып дабыл қағуда. Әйел бедеулігі екі түрлі. Алғашқысы туа біткен, екіншісі жүре пайда болған. Іштен туа біткен бедеулікке жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмеуі жатады. Кейінгісі саламатты өмір салтын ұстанбай, түрлі ауруларға жол беруден пайда болады, сондай-ақ алғашқы жүктілігіне түсік жасату басты себеп болып тұр.
Белгілі ғалым, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова өздеріне емделуге келген әйелдердің 80 пайызы кезінде түсік жасатқандар болып шыққанын мәлімдеген. Демек, жаратылыстың берген сыйынан саналы түрде бас тарту осындай қасіретке әкелетіні дәлелденген. Бұдан бөлек, жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі сырқаттар, түтікшелерінің бітелуі, жыныс мүшелерінің қабынуы, эндометриоз, етеккірдің бұзылуы, гармондық бұзылыстар, тағы көптеген факторлар бедеулікке алып келеді.
Бұған дейін балалы бола алмау тек әйелдедің мәселесі болып келсе, енді ер азаматтардың арасында белсіздік белең алып айналып барады. Бала өрбіту, өмірге ұрпақ әкелу тек нәзік жандылардың ғана проблемасы емес. Қаншама ер азамат мұны мойындағысы келмесе де шындық осы.
Дәрігерге қаралып, емделіп енді «бәрі жақсы» деген талай әйелдердің азаматтары балалы болуға қауқарсыз болып жүр. «Жаңақорған шипажайы» ЖШС-нің уролог дәрігері Рысбек Тасжановтың айтуынша қазіргі таңдағы некелескен жұптардың балалы болмауына әйел қандай жауапты болса, ер азаматтар да сондай жауапкершілікті сезінуі тиіс екенін айтады.
– Бүгінде аталық ұрығы әлсіз еркектер көп. Десе де ер азаматтар тексерілуге келгенде құлықсыз. Көбіне әйелдер ғана қаралып, дәрігер жағалап кетеді. Ер азаматтар дәрігердің тексерілуіне келмейтінін баса айтуымыз керек. Олар ең соңғы жағдайда, амалсыздан келеді. Кейбір ер азаматтар тексерілгеннен кейін жүкті етуге жарамды ұрығының болмай шыққанын естіп жатады, –дейді.
Дәрігердің айтуынша ер азаматтардың белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі қабынулар, аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді екен. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанбай, тек компьютердің, телефонның алдында күн ұзақ отырып, қимыл-қозғалыстың аз болуынан да туындайды екен.
Иә, расымен адамның балалы болу қабілеті де, уақыты да шектеулі. Үйленгеннен кейін уақыт оздырмай дәрігерге қаралса шартты түрде болуы тиіс инфекциялардан уақытылы емделіп балалы болуға болады екен. Десе де ер азаматтарымыздың енжарлығынан көп жағдайда отбасының шырқы бұзылатыны, олар сонан соң ғана мәселеге мойын бұра бастайтыны рас. Негізі ер азамат та, әйелдер де 35 жасқа дейін дәрігерге қаралып, нақты диагноздары арқылы емделсе әрі қарай мүмкіндік бар. Ал 35 жастан кейін ұрықтың сапасы нашарлап кетеді екен. Бұл жайлы ауданаралық ауруханының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Ғалия Төребаева әйел-аналармен қоса ер-азаматтардың да денсаулығын көлеңкеде қалдырмау керектігімізді алға тартады.
– Балалы болмаудың ең басты мәселесі тамақ сапасына да тікелей байланысты. Қазір күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз табиғи құрамынан баяғыда алыстап кетті. Оның үстіне көбіміз фастфуд тағамдарына әуеспіз. Сосын адамзаттың бөлінбес бөлшегіне айналған микротолқынды пештер, компьютер, ұялы телефондар да бедеулікті асқындырып жіберген. Сосынғысы уақытылы дәрігерге қаралмай ұзақ жүру. Денсаулығына мән бермеу. Осы жағдайлар бедеулікке әкеліп соғатынын айтуымыз керек, – деді. Адам қимыл-қозғалысының азаюы бедеуліктің негізгі себебі екен. Бұрындары балалар еңбекпен есейсе, бүгінде телефонмен бірге өсіп жатыр. Ғалымдар жеткіншектерімізге жыныстық тәрбиені мектептерде қолға алу қажеттігін айтуда. Әр-түрлі аурулардың алдын алу жөнінде дәрістердің білім ошақтарында берілуі қажеттігін айтуда.
Иә, баланың ең алғашқы тәрбиесімен ата-на айналысса, кейінгі мектеп қабырғасында қаланады. Дұрыс тәрбие беру, талғамды тамақтану, өмір сүру салтының өзектілігі ұрпақ көбейтудің алғышарты. Бедеулік пен белсіздік қоғамды жайламас үшін де әркім өз денсаулығына жіті қарауы керек. Әлемде 50 миллионға жуық жан осы кеселге ұшырағанын дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы жариялауда. Десе де бұл емделмейтін ауру емес. Одан шығатын жол да бар. Сондықтан да бала сүю бақытына ие болу үшін қазақ айтпақшы «балалы үй базар» сынды болып тұратн қасіретті сейілту үшін қолдан келер шараларға жүгінуіміз керек-ақ.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА