№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бедеулiк белең алып барады

Бедеулiк белең алып барады

Табиғаттың заңдылығымен тұрмысқа шыққан әрбiр бойжеткен ана атанып, перзент сүйгiсi келедi. Алайда, соңғы уақыттары балалы бола алмай жүрген жұбайлар көбейді. Әсіресе, жастар жағы осы мәселеге жиі тап болуда. Оның бастауы бедеулік пен белсіздектен білінеді. Бұрын-соңды ата-әжелерiмiз елей бермейтiн, тiптi бiле де бермейтiн бедеулiк дертi неге белең алды? Біз осы төңірегінде тағы да толғанып, қалам тербеп көрген едік.
Мәлiметтерге сүйенсек, елiмiздегi әрбiр алтыншы отбасын бедеулiк дертi діңкелетіп тұр. Соның салдарынан арулардың тұрмысқа аяғы ауыр халде шығу да қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Әрі, оңтүстік өңірлерде жас келін жүкті болмайынша  жастардың тойын да кейінге ысырып қою дағдыға айналып келеді. Бұл қоғамның қасыреті.
Әйтсе де, «Ерлi-зайыптының сә­би сүйе алмауына не себеп болды екен?» деген сауал барлығымыздың да көкейiмiзде қылаң беретiнi сөзсiз. Ма­ман­дардың сөзiне сүйенсек, жастар арасында бедеулiктiң кеңiнен етек жаюының себебi – экологияға байла­нысты. Жыныстық қатынасқа ерте түсу­де бедеулікке әкеп тірейді. Жастықтың әрi тәжiрибесiздiктiң кесiрiнен әртүр­лi созылмалы жыныстық ауруларға шалдығып, соңында бедеулiкке ұшы­райды.
Ақиқатына келсек, ерлi-зайып­ты­лардың кейбiрiнде кездесетiн мұн­дай жағдайға екiнiң бiрi төзiмдiлiк танытып, шыдай бермесi анық. Әйтсе де, бiр қуантарлығы, балалы бола алмай жүрген талай жанның арманы бүгiнде орындалып жатқанын айтпасқа тағы болмас. Өйткенi, денеден тыс ұрықтандыру әдiсiнiң елiмiзде қолда­нылып жатқанына да бiраз жыл болды. Осы тұста ауданымыздағы бала аңсап жүрген қыз келіншектерге көмек болсын деген ниетте «Экомед» адам ұрпағын өрбiту емханасының ғылыми дирек­торы Салтанат Байқошқарова ханымға телефон арқылы хабарласып, көкейде жүрген сұрақтарға жауап алған едiк.
– Салтанат Берденқызы, шыны керек, бiздiң елде әлi де денеден тыс ұрықтандыруды, яғни эконы дұрыс қабылдай бермейтiндер бар. Осы әдiстiң қыр-қырын тарқатып айтып берiңiзшi.
– Осы мәселемен түбегейлi айна­лысып жүргенiме 25 жылдай болды. Сол уақыттан берi 5 мыңға жуық сәби өмiрге келдi. Ел арасында денеден тыс ұрықтандыру әдiсiмен туылған балалардың денсаулығына күмән туды­рып, сенiмсiздiкпен қарап жатады. Осы орайда айта кетейiн, табиғи жолмен туылған балалардың денсаулығы қан­дай болса, олардың да денсаулығын­да ешқандай айырмашылық болмай­ды. Ол ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бұл тәжiрибе тұңғыш рет XX ғасырдың алғашқы жартысында жан-жануарларға қолданылған болатын. Аталған сынақ мал шаруашылығының дамуына үл­кен жетiстiктер әкелдi. Ғалымдар бұ­дан кейiн оны адамдарға жасап көрдi. Англияда Эдвардс пен Стептоу есiмдi дәрiгерлер ерлi-зайыпты Джон Браун мен Луиз Браунның ұрықтарын арнайы түтiкшеге алып, оны кейiн әйелiнiң жатырына салды. Сөйтiп, 1978 жылы 25 тамызда Лесли Браун атты алғашқы сәби дүниеге келген. Содан берi бұл әдiс талай жанның шаңырағына қуаныш сыйлап келедi.
– Қарапайым халық арасында балалы бола алмай жүрген жұбайлар болса, бiрден әйелдi кiнәлап жатады. Осы қаншалықты дұрыс?
– Қазiргi күнi әйел ағзасында да, еркек ағзасында да түйткiл көп. Мәсе­лен, әйелдерде жатыр түтiктерiнiң бiтелуi, қабыну процестерiнен iшкi ағзасында анатомиялық өзгерiстердiң пайда болуы негiзгi себептерге жатады. Еркектерде де белсiздiк үлкен мәселеге айналып отыр. Қабыну процестерiнен ұрық жүретiн жолдар бiтелiп қалуы мүмкiн. Сондықтан, ең басты себеп – қабыну процестерi деп айтар едiм. Қазiр нағыз химиялық заттардың дүрiлде­ген заманы, ол тамаққа да қосылады. Дайын тағамдардың түрi әдемi, дәмi татымды болуы да мүмкiн. Бiрақ, ағзаға әкелер зияны да аз емес. Бiздi қорша­ған электромагниттiк толқындардың әсерiн тағы қосыңыз. Осының бәрi гор­мондық ауытқуларға әкеледi. Ерлi-зайыптылар бір-бірін айыптамас бұрын дәрiгерге көрiнiп, ем қабылдағандары жөн. Қайталап айтайын, бедеулiкке шалдыққан әйелдердiң 80 пайызға жуы­ғы кезiнде жасанды түсiк жасағандар. Алланың берген сыйын керi қайтарып, ендi қайтадан ала алмай жүргендер. Кейiн, кейiн деп жүрiп жүктiлiктен сақтанып бiзге келетiн әйелдердiң көбi 40 жастағылар. Бұл жаста көбiнесе ана­лық ұрық тапшылығының байқалатыны айдан анық.
– Еркектердiң арасындағы бедеулiк пен белсiздiктiң айырмасын айтып берсеңiз.
– Бедеулiк пен белсiздiк екi бөлек нәрсе. Айталық, белсiздiк деге­нi­мiз еркектiң жыныс қатынасына қабiлет­сiздiгi. Еркектердiң жыныс қатынасы­на түсе алмайтын, әйелiмен қосыла алмайтындары болады. Оны орысша «импотенция» деп атайды. Есiңiзде болсын, белсiз еркек мiндеттi түрде бедеу болмайды. Керiсiнше, белсiз ер­кектердiң көбiсiнiң ұрығы жақсы. Ал, еркектiң бедеулiгi екi түрге бөлiнедi: абсолюттi және салыстырмалы. Салыс­тырмалы дегенiмiз еркек ұрығы әлi де бар, бiрақ өте нашар, сапасы төмен. Абсолюттi ол табиғатынан ұрығы жоқ еркектер. Бұл, әрине, сирек кездеседi. Бедеу еркектердiң барлығын да белсiз деп айтуға келмейдi. Өйткенi, олардың жыныс қатынасына қабiлетi өте жоғары болады.
– Сұқбатыңызға үлкен рақмет!

Әсел РЗАЕВА
23 тамыз 2023 ж. 256 0