№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАРБЫЗ САУДАСЫ ҚЫЗЫП ТҰР:ҚАУІПСІЗДІГІНЕ КЕПІЛДІК БАР МА?

ҚАРБЫЗ САУДАСЫ ҚЫЗЫП ТҰР:ҚАУІПСІЗДІГІНЕ КЕПІЛДІК БАР МА?

Жаңақорған кентінің қай шетіне қарасаңыз да қарбыздың саудасы қызып тұр. Десе де, мезгілінен ерте піскен қауын-қарбыздың адам ағзасына қауіпті жағы басым емес пе? Жаз айында жедел-ішек инфекциясының өршуіне әсері жоқ па? Осыған жауап іздеп көрдік.
Мамандардың айтуынша, құрамында шамадан тыс нитраттар көп мөлшерде кездесетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің адам ағзасына зияны басым. Диқандар жерді өңдеуде, өсімдікті өсіріп-баптағанда улы химикаттарды шектен тыс қолданғанда адам ағзасына қауіпті бактериялар түзіледі. Бір анығы, құзырлы мекеменің қызметкерлері өз бетінше саудаға түскен қауын-қарбыздың жеуге жарамдылығын анықтау үшін тексеру жүргізе алмайды екен. Тұрғындардан шағым түскен күннің өзінде сауда орны немесе дүкен иелеріне тексеру жүргізілетіні туралы алдын ала ескерту жасайтын көрінеді. Бұл тұрғындардың тәуір тағам тұтынуға кедергісін келтіруде. Бұны бір деңіз. Екіншіден, кез келген жерде бақша дақылдарын сату заңсыз. Десе де, «жабайы сауда» етек жайып, көше қиылысы мен аялдамаларда қауын-қарбыз бен бақша өнімдерін сатып отырған жандарды жиі байқаймыз. Олар мемлекетке салық төлемейтіні де белгілі. Сонда бұлардың қоғам алдындағы жауапкершілігін қалай түсіндірмекпіз? Үшіншіден, ауданда жедел ішек инфекциясы өршіп тұрғаны көңілді күпті етеді. Аудандық жұқпалы аурулар бөлімінде науқастардың қарасы көбеюде. Биыл маусымда 52 науқас шағымданған. Айта кететіні, қауын-қарбыздан улану фактісі тіркелмепті. Дәрігерлердің айтуынша, жаз айында ерте піскен өнімнің сапалық құрамында мөлшерден тыс бактериялардың болуы ағзаны улауға әкеледі. Сондай-ақ, бақша дақылдарын әбден тазалап жуып пайдалану қажеттігін ескертеді. Жауапты мамандармен жүздесіп, қажет ақпаратты алғаннан соң, «Нұр» базарына барып, өнімдердің қандай жолмен саудаланып жатқанына назар аудардық.
Саудагерлердің айтуынша, мұндағы қауынқарбыз Түркістан мен Сарыағаш ауданынан келеді екен. Бұл базарда жүк көлігімен өнім саудалап тұрған алыпсатарлардың дені жергілікті тұрғындар. Бірі қауын-қарбызды Түркістан облысының Шардара ауданынан әкелсе, енді бірі Мақтарал ауданынан тасуда. Қауынның бір келісі 300 теңгеге бағаланса, қарбыздың келісі 65 теңгеден өткерілуде. Әңгелектің бір данасы 200-300 теңге тұрады. Десе де, олардың кейбірінде зертханалық қорытынды болғанымен, енді бірі мәлімет беруден жалтарып, «Біз тек саудагерміз, иесі кештеу келеді» деп қашқақтады. Бір анығы, сатып алған қауынға ешқандай түбіртек берілмейді. Беті аулақ, ол өнімдер жеуге жарамсыз болып, астан улансаңыз қалай дәлелдемекпіз? «Денсаулық – зор байлық» десеңіз, саудагерлердің қолында өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың баржоғына көз жеткізуі қажет екенін ескерткіміз келеді. Қауын-қарбыз аларда нені ескерген жөн? Бұл туралы аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы Жанар Айдосованың кеңесін тыңдаған едік. – Құрамында шамадан тыс нитраттар көп мөлшерде кездесетін ауылшаруашылық өнімдерінің адам ағзасына тигізер зияны көп. Сондықтан қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтау керек, – деп бастады әңгімесін.
Маманның пікірінше, біріншіден, қарбызды жемес бұрын сыртын жақсылап жуып, суық суға жарты сағатқа салып қою керек. Екіншіден, қарбыздың қабығының жанындағы мәйегін жемеңіз. Өйткені онда нитраттар ең көп мөлшерде жиналады. Үшіншіден, қарбыздың құрамында нитрат бар-жоғын тексеріңіз. Сол себепті жемес бұрын алдымен мәйегінен кесіп алып, бір стақан суға салып қойыңыз. Егер су лайланудың орнына қызғылт түске айналса, онда құрамында нитраттар көп екенін білдіреді. Төртіншіден, қарбыз немесе қауын сатып аларда сыртының сызатсыз, бүтін болуына назар аударыңыз. Себебі жемістерді тасымалдау кезінде жиі лақтырады. Ал қабығының жарығы арқылы бактериялар ішіне кіріп кетуі мүмкін. Ал ұрылған жерлері көбінесе қарбыздың мәйегінің қышқылдануына әкеледі. Бесіншіден, жеміс-жидектердің піскенін тексеру үшін ешқашан кесіп алмаңыз. Өйткені көп жағдайда лас пышақтар қолданылып, салдарынан жеміс мәйегіне ішек инфекцияларының қоздырғыштары түсіп, бактерия жұқтыру қаупі туындауы мүмкін. Алтыншыдан, жемісті келесі күнге қалдырмай бірден жеп қойыңыз. Егер қарбыз немесе қауын желінбей қалса, кесілген бөлігін тағамға арналған пленкамен жауып, тоңазытқышқа шикі азық-түліктен (мысалы, жұмыртқа, шикі ет) бөлек қою қажет.
Сонымен қатар жемістің мәйегін қабығына дейін жемеген дұрыс. Қарбыздағы нитраттар біркелкі бөлінбейді. Нигранттар қабығы мен жеміс сабағына көбірек жақын болады. Сондықтан балаларға жемістің ортасындағы мәйегін берген дұрыс. Сондай-ақ бақша дақылдарын ашық базарлардан сатып алудың қажеті жоқ. Сату нүктесі шатыр астында болуы керек. Онда қарбыз бен қауын биіктігі кемінде 20 сантиметр болатын арнайы түпқоймаларда сақталғаны жөн. Жол бойынан да сатып алмаңыз. Өйткені жиналғаннан кейін қарбыз «дем алуды» жалғастырады. Сондықтан автомобиль шығаратын газдарда кездесетін ауыр металдарды бойына тез жинайды.
ТҮЙІН: Біздікі қауын-қарбыз сатушылардың кәсібінен жік іздеп, жарық күнде жанжал шығару емес. Тұтынушылардың денсаулығына келер қауіп-қатердің алдын алып, абайлауға арағайын болу. Денсаулыққа қатерлі екенін біліп тұрып, құлқыныңызды құрықтай алмасаңыз кімге өкпе артасыз?

Мақпал МАРҚАБАЙ
01 шілде 2024 ж. 214 0