№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Кітап көркем мінезділікке тәрбиелейді

Кітап көркем мінезділікке тәрбиелейді


Көркем әдебиетті көп оқыған тұлғаның табиғаты таза, көңілі кіршіксіз келеді. Жанарынан жылы леп, жүзінен жұмақтың нұры төгіліп тұрады. Осындай жанның бірі №286 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, қазақ тілі, әдебиетінің мұғалімі, бір әулеттің анасы Гүлнара Сабырханқызы Әлібековамен салиқалы сұхбат өрбітудің сәті түсті.


– Сіздің дәрісіңізді бойға сіңірген оқушылар үнемі үлкен жетістікке жетіп отырады. Мұның құпиясы неде?
– Мәлік Ғабдуллин «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деген сөзі нағыз ұстазға айтылған мінездеме секілді. Ұстаз болу жауапкершілігі мол жұмыс. Еңбек жолыма 30 жыл, соңғы 10 жылда оқу ісінің меңгерушісі қызметіндемін. Шәкірттеріме ұстазы ретінде де, жанашыр жақыны ретінде де дұрыс жол сілтеуге тырыстым. Әр баланың өмірде өз жолын таңдай білуіне ықпал етіп, бұғып жатқан қырларын ашуға талпындым. Баланың жетістігін көру үшін оны алдымен рухани білімге тәрбиелеуге баулимын. Осындай мақсаттардан кейін, оқушыларым бір-біріне үлгілі болуды көздейді.
– Сіз баулыған шәкірттер ҰБТ-да жоғары нәтижеге жетіп, таңдаулы оқу орнына түсіп, мектептің абыройын асқақтатуда. Дайындық қалай жүргізілді?
– Мектеп басшысы Ләззәт Нәлібаева біздің шығармашылық һәм рухани дамуымызға, терең ізденуімізге барлық жағдайды жасауда. Қосымша сабақтар ақысыз негізде жүргізілді. Жетістікке жету жолында аянбай тер төгуге тура келді. Үкілі үмітімді ақтаған мектеп түлектері жақсы нәтиже көрсетті. Өткен жылы мемлекеттік тілдерді дамытуға арналған гранттың иегері болып, облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасына ие болдым.
– Аудандық, облыстық мүшайраға және түрлі жарыстарға дайындаған оқушыларыңыз жүлдесіз қайтпайды екен. Жастардың талабын қалай шыңдайсыз?
– Мен сабақ барысында ақындық таланты бар оқушыны тез танимын. Өйткені ол оқушының өзіне тән мінезі болады. Арқаланып, сыныпқа сыймай шабыттанып отырады. Ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыту арқылы әрбір баланың әдебиетке құштарлығын оятамын. Сол себепті үнемі сабақ жоспарын ұйымдастыру кезеңінде «Поэзия минутына» уақыт бөлемін. Талантты жастарды бәйгеге қосқан тұлпардай бабын келтіремін. Жарысқа келер алдында шығарманы әбден жетілдіріп, електен өткізгендей саралап шығамыз.
– Ұжым алдында сыйлы болудың сыры неде?
– К.Ушинскийдің «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деген сөзі менің ұстанымыма айналды. Үнемі ізденіс үстінде жүремін. Қызметте де, өмірде де адал болуды парыз деп санаймын. Жоғары санаттағы ұстазбын. Атақ пен мансапқа құмартқан емеспін. Жалған сөйлеу мен сылтауратуды жаным сүймейді.
– Биылғы жылы шығармашылығыңызда қандай тың жаңалық бар?
– Биылғы оқу жылы мен үшін сәттілік сыйлады. Еселі еңбегіміз бағаланып, мектебіміз аудандағы «Үздік мектеп» атанып, бір миллион теңгелік сертифи­кат алдық. Мектеп басшысы Ләззат Машбекқызы директорлар арасындағы байқауда көшбасшы тұлға екенін дәлелдеді. Еңбегімізді бағалаған басшыға ризашылық көңілмен тарқастық. Ағымдағы жылы да талай істер нәтижесін беріп, мол жетістікке жетеміз деген үміттемін.
– Қандай ақынның шығармасы рухани дүниеңізге жақын? Жеке кітапхана сөреңізде қанша кітап бар?
– Жалпы, жас кезімнен көп кітап оқыдым. Оған өзіндік себеп бар. Әкем Сабырхан Әлібеков «Арыс ақиқаты» газетінің бас редакторы, анам Зәурекүл Оразбаева қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, ұйде бай кітапханамыз болды. Сол кітаптардың ішінен жаныма жақынын жата-жастана оқушы едім. Мұқағали Мақатаевтың көптеген өлеңдерін жатқа білемін. Өйткені шығармасы жүрегіме жақын. Менің сырласым да, досым да – «Жырлайды жүрек» кітабы! Жабырқаған көңілімді жұбатады. Кеңес кезінде білім алған жастың бірі болғаннан соң кітапты оқуды дағдыма айналдырғанмын. Сыр өңірінің жазушыларының жаңадан шыққан кітаптарын іздеп, тауып алып оқимын.
– Соңғы оқыған кітабыңыз?
– Дулат Исабековтың «Қарғын» романы. Өзіме, жігіттің махаббат пен сөзге адалдығы, қайсарлығы ұнады. Жалпы, жүректің шерін қозғайтын роман.
– Сізді білетіндер тек кітапқа ғана емес, көркем мінезге де бай дейді…
– Сырт келбетің мен көркем мінезділік бір-бірімен қабысып жататын дүние. Жан-дүниесі сұлулыққа, имандылыққа, адамгершілік асыл қасиетке толы адамның жүзінен иман сәулесі төгіліп тұрады. Адамның мінезіне қарап, оның шыққан ортасын, достарының кім екенін аңғару қиын емес. Өз қыздарыма да, өзім сабақ беретін қыздарға да Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» шығармасындағы Ментайдың перзентіне жазған хатын оқытып, оның ғибратты сөздерін санасына құйдырып отырамын. Кітап көркем мінезділікке баулиды.
– Түнгі кітапханадан түйген ойыңыз қандай?
– Шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі жастардың кітап оқуға деген белсенділіктерін бәсеңдетіп тастағаны жасырын емес. Жастар ғана емес ересектер де еріншектік танытып, сылтауларын уақыттың тынысына сырғытып қоя салуда. Дегенмен, заманауи технологиялар дамыған сайын олардың ұтымды тұстарын кәдеге жарату ісі де қарастырылатыны белгілі. Түнгі кітапханада А.Сопбеков атындағы аудандық кітапхана ұжымы рухани шараларды қолға ала бастағаны көңілді қуантады.
Біздің мектеп ұжымы кешкі уақытта бос уақыттарын кітапханада өткізуді дағдыға айналдыра бастады. Меніңше, ұстаз үнемі ізденіс үстінде болса, шәкірттеріне жол көрсетер мықты мұғалім бола алады. Осы бағытта білім беруші тәлімгерлер білімін тереңдетіп, жаңа тақырыптар аясында ой қорытуға жол ашылды. Бұл біріншіден, технология дамыған заманда да білім бұлағы – кітап екенін жүрекпен сезіндіреді. Айталық, зерттеу нысанасына алған тақырып төңірегінде керек ақпараттар мен осы саладағы білікті ғалымдардың еңбегімен кітап-журналдан танысуға болады. Интернет желісінде жоқ тақырыптар кітапта тұр. Ізденімпаздарға арнайы жағдай жасауға бар қуатын арнап отырған Әсем Тілеубергенова бастаған кітапханашыларға ел атынан алғыс айтамын.
– Қарашаңырақтың түтінін түтеткен отана болумен қатар жауапкершілігі жоғары қызметті қатар алып жүру қиын емес пе?
– Бағыма орай, көрегенді, елге сыйлы отбасына келін болдым. Атамды (Әбдіхалық Әйтілеуов – автор) халық таниды. Көпшілік ақыл-кеңес сұрап, жиі келетін еді. Апам өте байсалды, ашық мінезді еді. Келін болып түскен күннен бастап менің арқа сүйер тірегім болды. Жұмыста беделді, сыйлы болуыма, ғылыми ізденуіме көмектерін аямады. Атам үнемі баспасөз бетінде жарық көрген шығармаларды талдап, маңызды ақпараттарды жинақтап, қиындыларын тігіп, «Гүлнар мынау сенің сабағыңа керек дүние» деп ұсынып отырады. Бұл мен үшін сый-құрметтің биігі. Жаңадан кітап шықса да, алдымен өзі оқып, сосын маған «мынау тәуір әңгіме екен» деп, оқып шығуымды қадағалайтын. Қайын енем мен атамды өз туған әке-шешемнен де артық көрдім. Себебі, үлкендердің ыстық ықыласына бөленіп, сол кісілердің нұсқаған жолымен жүріп, отбасы махаббатына кенелдім. Атам «шырағым, сен қарашаңырақтың иесісің. Үйге келгенді риза етсең, Алла несібеңді мол етеді. Үлкен-кішіге қамқор бол» деп тәрбие негізін сіңірді. Жолдасым Жомарт та №125 орта мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Менің жұмыс істеуіме еш қарсылық етпеді, керісінше алға талпынуымды қалады. Бір сөзбен айтқанда, көзі ашық, көкірек көзі ояу отбасына келін болып, әйел бақытына кенелдім.
– Отбасыңыз жөнінде тоқталсаңыз?
– Құдай нәсіп еткен бір ұл, үш қызды тәрбиелеп отырмын. Үлкен қызым Меруерт Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем тілдері университетінің магистрі, Перизат та ғылыми жолды таңдады. Кіші қызым Гүлжайна Абылай хан атында­ғы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем тіл­дері Университетінің ағылшын және француз тілін меңгерген. Ұлым да үздік оқушы болып, өмірде өз жолын тапты. Қыздарымның білімді, тәрбиелі инабатты болуы атамыздың ақыл-кеңесін көп тыңдағанынан болар. Әрбір сөзін ұмытпау үшін қойын дәптерге жазып, үнемі оқып, естеріне салып жүретіні есімізде. Атамыз ақылдың дариясы еді. Ата-әженің тәрбиесін көрген жан ұятты іске бармайды деп сенем.
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет! Әр күніңіз мерекеге толы болсын!

Мақпал ПАТЕНОВА
11 тамыз 2024 ж. 326 0