Үнемі ізденіс үстінде жүремін
Жетістікке жетуде Күлайхан Байтелиеваның біліктілігіне ешкім шүбә келтірмейді.
– Сіздің жетекшілік еткен сынып үнемі үлкен жетістікке жетіп отырады. Мұның құпиясы бар ма?
– Мәлік Ғабдуллин « Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деген сөзі нағыз ұстазға айтылған мінездеме секілді. Жалпы, сынып жетекшісі болу жауапкершілігі мол жұмыс. Еңбек жолым 35 жыл болғанымен, небары 5-6 сыныпқа жетекшілік еттім. Көз алдымда білімге құштар талай шәкірттер жүрді. Кей баланың отбасында түрлі жағдайлар болғанда, ұстазы ретінде де, жанашыр жақыны ретінде де дұрыс жол сілтеуге тырыстым. Әр баланың өмірде өз жолын таңдай білуіне ықпал етіп, бұғып жатқан қырларын ашуға талпындым. Баланың жетістігін көру үшін оны алдымен рухани білімге тәрбиелеуге баулимын. Сыныпты бұзылмас қамалдай берік болуын мақсат етемін. Осындай мақсаттардан кейін, оқушыларым бір-біріне үлгілі болуды көздейді.
– Сынып ҰБТ нәтижесі бойынша мектептің атын шығарды. Дайындық қалай жүргізілді?
– Мектеп басшысы бізден жоғары нәтижені талап етеді. Осы орайда 9-сыныптап бастап дайындықты бастадық. Уақытпен санаспай, болашақ стипендиаттарды даярлауға кірістік. Қосымша сабақтар ақысыз негізде жүргізілді. Себебі, оқушы жетістігі біздің де жетістігіміз! Жетістікке жету жолында аянбай тер төгуге тура келді. Үкілі үмітімді ақтаған сынып оқушылары бұрын мектеп тарихында болмаған нәтиже көрсетті. Меруерт Әбжаппар мен Әдина Әбілхайырова «Алтын белгі» иегері атанды. Қазақ тілі М.Нұрғалиева,Ә. Ермахан, А.Абілхайырова, К.Сапарбек секілді шәкірттер 25 балл жинады. Жалпы, қазақ тілі пәні бойынша ең төменгі көрсеткіш 18 баллды құрады. Қазақ тілінен мамандығына 3 талапкер грант жеңіп алды. Қазір барлығы жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Семей қаласына түскен түлектеріммен бірге барып, оқу орнымен, басшысымен танысып, жатақханаға орналастырып қайттым.
– Аудандық, обылыстық мүшайраға және түрлі жарыстарға дайындаған оқушыларыңыз жүлдесіз қайтпайды екен. Рас па?
– Мен сабақ барысында ақындық таланты бар оқушыны тез танимын. Өйткені ол оқушының өзіне тән мінезі болады. Арқаланып, сыныпқа сыймай шабыттанып отырады. Абай мен Мұқағалидан өзге де қазіргі заманғы ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыту арқылы әрбір баланың әдебиетке құштарлығын оятамын. Бәйгеге қосқан тұлпардай бабын келтіремін. Жарысқа келер алдында шығарманы әбден жетілдіріп, електен өткізгендей саралап шығамыз. Дайындығымыз 100 пайызға жетпеген жағдайда, сайысқа түсуден бас тартқан кезіміз де болады.
– Ұжым алдында сыйлы болудың сыры неде?
– К.Ушинский «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деген сөзі менің ұстанымыма айналды. Үнемі ізденіс үстінде жүремін. Қызметте де өмірде де адал болуды парыз деп санаймын. Кей жағдайда әділетсіздік көргенімде, еңсемді тік ұстап, сабырлық танытамын. Уақыт өзі-ақ, кімнің кім екенін айқындап береді. Жоғары санаттағы ұстазбын. Атақ пен мансапқа құмартқан емеспін. Содан болар, көкірегіме бір медаль тағып көрмеген екенмін. Өзім қызықпағаннандықтан ұмтылмаған да шығармын, бәлкім! Осындай қарапайымдылық пен адалдықтың арқасында ұжымға да, ауыл-аймаққа да сыйым кеткен емес.
– БАҚ құралдарында жетістіктеріңіз жайлы жиі мақала шығып тұрады. Биылғы жылы шығармашылығыңызда қандай тың жаңалық бар?
– Биылғы оқу жылы мен үшін сәтті басталды. Облыс әкімінің қабылдауында болып, салиқалы сұхбаттасудың реті келді. Осы кездесуден кейін түрлі жаңа идеялар туындап, жұмысыма жаңаша бағыт бергендей болды. Аудандық іс шарадан жүлделі орындар иеленіп жатырмыз. Ағымдағы жылда талай істер нәтижесін беріп, мол жетістікке жетеміз деген үміттемін.
– Ауылда «Күлекең қонақ күтудің шебері» дейді. Ас үйдегі апайдың артықшылығы қандай?
– «Қырықтың бірі – қыдырың» дегендей кісі жиі күтемін. Қонақтың көңілінен шығып, ризашылығы мен батасын алуға тырысамын. Ауылда самаурын қойып, қоюлап шай мен дәм ұсынамын. Интернеттен қарап, түрлі салаттар мен тәтті тоқаштар жасаймын. Келіндер «Мына салатыңыздың рецептін беріңізші» деп сұрап жатады. Қандай да ас әзірлегенде келетін қонақтың талғамы ескеремін. Сүйіспеншілікпен жасалған ас дәмді болады. Дастарханның сәнді, тағаммен үйлесімділік табуы үшін ыдыс-аяқтың да үйлесімді болғанын қалаймын. Ыдысқа аса мән беремін. Ас үйдегі жиһаздан бастап, барлық құралдар мен ыдыстың таза әрі сүйкімді болғанына мән беремін. «Ыдысына қарап асын ішетін» жанның бірімін десем болады.
– Қандай ақынның шығармасы рухани дүниеңізге жақын? Жеке кітапқорыңызда қанша кітап бар?
– Жалпы, жас кезімнен көп кітап оқыдым. Фаризаның көптеген өлеңдерін жатқа білемін. Өйткені шығармасы жүрегіме жақын. Менің сырласым да досым да – кітап! Мұңлы әрі мазмұнды өлеңдері жабырқаған көңілімді жұбатады. Қазіргі ақындардан Нәзира Бердалы секілді жас буынның шығармасы ұнайды. Негізі поэзия бағытында 80-нен аса кітап жинаппын. Одан өзге проза бойынша біршама кітаптар сөремде бар. Кеңес кезінде білім алған жастың бірі болғаннан соң кітапты оқуды дағдыма айналдырғанмын. Сыр өңірінің жазушыларының жаңадан шыққан кітаптарын іздеп, тауып алып оқимын. Қалқаман Сариннің өткір тілді шығармаларын оқығанда керемет күй кешемін. Мәнерлеп оқығанды жақсы көремін.
– Сізді білетіндер тек кітапқа ғана емес, көркем мінезге де бай дейді...
– Сырт келбетің мен көркем мінезділік бір-бірімен қабысып жататын дүние. Менің бір басымда түрлі мінезді аңғаруға болады. Көзіммен көріп тұрған кемшілікке көз жұмып қарай алмаймын. Турасын айтып, ұялтып тастайтын қасиетім бар. Менменсіген кісіні тәубесіне түсіретін, жабырқап тұрған жанды жұбататын, жоққа қол ұшын беретін кездерім де болады. Ауылда үлкен-кіші жөн сұрасып, сырын айтады. Сыр сақтай білемін. Осындай мінезіммен ортама сыйлы, халқыма қадірлі болып келемін.
– Қатарластарыңыз ғаламтор игілігін пайдалана бермейді! Зор жетістікке жеткен ұстаз ретінде компьютер құлағында ойнайтын шығарсыз?
– Заманауи техника құралдарын меңгеруге талпынамын. Үйде компьютер мен аудандық білім бөлімі берген ноутбугім бар. Интернетке қосылған. Ашық сабақ жоспары мен көрнекілікті желіден аламын. Жалпы ғаламтор жаңалықтарын оқимын. Алыста жүрген балаларыммен байланысып тұрамын. Үйде жалғыз болған соң іш пыстырмайтын ермекке айналды. Қол босай қалғанда интернетке кіремін. Компьютерде өз жұмыстарымды орындай аламын.
– Түлектеріңіз хабарласып тұра ма?
– Жыл сайын «Ұстаздар мерекесінде» ескерусіз қалмаймын. Ал хаттар мен сыйлықтар аламын. Көбісі ұялы телефонға қоңырау шалып, жағдайымды сұрап тұрады. Олар мені іздеген сайын мен де оларға ішім жылып, одан әрі жақсы көріп жатамын.
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет! Әр күніңіз мерекеге толы болсын!
Мақпал ПАТЕНОВА.
Мақпал ПАТЕНОВА.