№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ана – жанұя шуағы

Ана – жанұя шуағы


Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі, адам баласының алтын діңгегі. Әрбір некенің мызғымас берік болуы үшін ерлі-зайыптылар арасындағы ауызбіршіліктің алар орны ерекше. Татулықты ту етіп, шаңырақтағы ырыс пен ынтымақты еселеу жолында сіз-біз десіп, сыйластықта өмір сүріп келе жатқан жандар аз емес. Осындай үлгілі аналарды төрге оздырып, өнегелі кеш ұйымдастырған кенттегі «Арман» мәдениет үйінің рухани шарасына куә болған едік.


Ұлттық дәстүрімізде ананың аялы алақанынан асқан құдірет жоқ. «Жұмақ ананың табанының астында» деп астарлаған халық қашан да аяулы аналарды дәріптеп келеді. Үлгілі отбасының ұйытқысына айналған кент тұрғыны Бибісара Жұмабаева мен Қалдыгүл Дайрабаева рухани шараға ұл-қызын ерте келіп, өнегелі әңгіме өрбіт­ті. Сондай-ақ өмірдің ыстық-суығына бірге төзген жұбайымен, қуанышты күндер мен қиын сәттерде бір-біріне сүйеу болып өткізген шақтарды әсер­леп баяндап берді. «Отбасы іргесінің берік болуы ерлі-зайыптылар арасын­дағы сыйластық пен шыдамдылықта. Біреу айтқан қаңқу сөзге ермей, бір-біріне деген сенімділікті жоғалтпау шаңырақтың шаттығын еселей түседі»,- деген Қалдыгүл Тұрсынбайқызы өзі бала тәрбиесімен айналысып, жұбайы Мадияр Ахметовтің ел алдында абыройлы еңбек етуіне қам-қарекет еткенін сөз етті.
Иә, аудан жұртына есімі елеулі азаматтардың бірі Мадияр Ахметов білім беру саласының үздігі, оқу-ағарту ісінің ардагері. Шаңырағында 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, 20 шақты немеренің қызығын тойлаған күміс жұп деуге негіз бар.
«Қазақстанның үздік кітапханашысы» атағына ие Бибісара Жұмабаева әңгіме барасында өзінің жұбайы, еңбек ардаге­рі Нұридин Ахметовтің адамгершілік асыл қасиеттерін сөз ете келе, бала тәрбиесінде ұстанатын қағидасын айт­ты. Отбасында жеті перзент тәрбиелеп, өмірде өз орнын табуға күш-қайратын жұмсағанын әңгімелеп берді. «Баланың білім алғанын қатты қадағалаймын. Тәрбие тәртіптен басталады. Шүкір, ұлымыз ержетіп, қызымыз бойжетті. Қазір тек жетістіктерімен қуантуда»,– дейді ол.
Сұхбатты жүргізген «Арман» кенттік мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова орайлы сәтте қызықты сұрақтарын жолдап, тұшымды жауап алды. Кездесу соңында мәдениет үйі ұжымы кеш қонақтарына бағалы сыйлық тарту етті. Кеш соңында Жаңақорған кенті әкімі аппаратының маманы Алма Мамирова бірқатар аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапатын табыстады.
Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын алтын ұя. Даныш­панның да, ғалымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы үйде қаланған. Шаңырақтың бақыты – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке – отбасы­ның асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана – отбасының ұйытқысы, жы­луы, алтын қазығы. Сондықтан, келе­шек ұрпаққа дәстүр сабақтастығындай отбасы құндылықтарын насихаттау - ауадай қажет дүние.

Мақпал МАРҚАБАЙ


07 тамыз 2024 ж. 292 0