«Өнегелі отбасы – қоғам байлығы»
Елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні мерекесі тойланады. Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты байлығы. Келешектің тәрбиелі қалыптасуында қазығы мықты отбасының орны бөлек. Біз мұны «Өнегелі отбасы – қоғам байлығы» атты аудандық әйелдер кеңесінің тағылымды іс-шарасынан ұғына түстік.
Отбасы күніне орай аудан әкімі Мұрат Тлеумбетов аудандағы үлгілі отбасылардың бірі – Құрманбековтер әулетін қабылдап, мерейлі мерекемен құттықтады.
– Сіздерді Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Шәркүл анамызбен 53 жыл отасып, өнегелі жұп «Алтын шаңырақ» иесісіздер. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауданымызда мәуелі бәйтерекке айналған өздеріңіздей үлкен әулеттің, шуақты шырайы, өзгелерге үлгі боларлықтай.
Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы биік, босағасы берік болсын! Осындай қуанышты күні баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, шынайы бақыт тілеймін, – деді аудан басшысы.
Салтанатты жиынға облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Ақмарал Маликова, әйелдер кеңесінің мүшелері арнайы қатысып, ізгі лебіздерін білдірді.
Жиын соңында аудан басшысы қос қарияға «Құттықтау» хаты мен сый-сияпатын табыстап, құрмет көрсетті. Айта кету керек, Құрманбеков Әлімхан еңбек ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, жұбайы Қалжанова Шәркүл 25 жыл ұстаздық қызмет атқарып зейнетке шыққан. Олар 53 жыл отасып, қазірде 5 баланы өмірге əкеліп, олардан 19 немере, 2 шөбере сүйіп, тəрбиелеп отырған мерейлі отбасы.
ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫЛАР МАРАПАТ МІНБЕРІНДЕ
Отбасы күніне орай салтанатты шара М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде жалғасты. Елу жылдан аса бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның дамуына сүбелі үлес қосқан берекелі отау иелеріне құрмет көрсетілд
Мерекелік шараны аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов ашты.
– «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Ата-ананың бір-біріне тату қарым-қатынасы, баланың бойына тәрбие болып қалыптасады. «Күн сайын отбасында бала көзінің алдында мінезқұлықтың сан алуан үлгілері өтіп жатады. Бала өмірінде өнегенің орны бөлек. Бүгінгі мерейлі мерекеде ақ отауын алтын отауға айналдырған отбасыларды марапат мінберіне көтеріп, мерейін асырудағы мақсатымыз, жас ұрпаққа өнегесі болса деген ниетіміз бар, Әр отбасына ынтымақ пен береке тілеймін, – деді ол.
Айтулы шарада Құрманбековтар әулеті, Оспановтар әулеті, Тәшімовтер әулеті, Көкеновтер әулеті, Муслимовтар әулеті, Нақышпановтар әулеті, Искаковтар әулеті, Базарбаевтар әулеті аудан әкімінің құттықтау хатымен марапатталды. Мерейлі отбасылар иелері алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихат депутаты, «Amanat» партиясы фракция мүшесі Ақмарал Маликова аудан жұртшылығын отбасы мерекесімен құттықтап, марапат иелеріне сый-сияпатын ұсынды.
Айтып өту керек, жаңадан жасақталған аудандық әйелдер кеңесінің алғашқы шарасы өнегелі отбасы тақырыбына арналып, жас буынға берер тәлім-тәрбиелік маңызы мол болды. Мұны шараға келген жас келін Ырыс Кемелбекқызы тарқатты: «Осы шараға қатысып, рухани күш алдым. Себебі, бір шаңырақ астында ұзақ жылдар бойы бақытты күн кешкен отбасының қарым-қатынастары, бірін-бірі қолдауы мені ойландырды. Мәдени шара жүрекке жетті. Шараны қолдаған аудан басшысына рақмет айтамыз», – деді толқынысын жасыра алмай.
ТҮЙІН СӨЗ. Қазақта «Ұл туса, ұрпағым өседі, қыз туса, ұлтым өседі», – деген ұлағатты сөз бар. Ұлы даламызда есімдері ел мақтанышына айналған ардақты аруларымыз аз емес. Әйел – әсемдік пен әдеміліктің, көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы болып табылады. Біздің халқымыздың «Даналардың өзі аналардан жаралады», – деген тәмсілі бекер айтылмаған.
Мақпал Марқабай