№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аға толқынның тағылымы қымбат

Аға толқынның тағылымы қымбат

«Елу жылда – ел жаңа» деп жатамыз. Ал алпыс жылда… Бүгін бас қосып, жүзбе-жүз дидарласуды ұйғарған апа-ағаларымыздың мектепті бітіргендеріне алпыс жыл болыпты. Сонда бұл кісілердің алды сексен жасты еңсерген болып тұр ғой.
Алпыс жылда бас қосу деген кездесе бермейтін оқиға, дегенмен оқушылық кезеңді еске алған аға-апаларымыз осы бір айтулы күні ерекше көңіл-күйге бөленіп, жүздерінен жадыраған ықыластың лебі есті.
Аудан орталығындағы №51 ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы орта мектебінде қатар оқып бітірген 25 ұл, 16 қыздың барлығы бірдей жоғары оқу орнында оқып, мамандық алуы шынында, таңданарлық жағдай. Жігіттер жағы түрлі салада еңбек етсе, қыздар бірыңғай мұғалімдікті тәмамдап, ұстаздық жолды жалғағанын білдік.
Өмір ғой, осы күні басқосуға жиналғандар араларында жарық дүниеден өтіп кеткен құрдастарының орны ойсырап тұр. Соңғы кезде саушылығы кемдігінен жүріп-тұруы қиындап келе алмай отырғандары да жоқ емес. Не керек, барынша үлбіреп киініп, бақанын қолына алып, бабымен жайғасқан апаларымыздың қатарының көптігіне тіл-көзіміз тасқа дедік. «Ал бізбен бірге оқыған балдардан бүгін үшеу-ақ келіп отыр» деп өкініш білдірген сыныптастарының ортасында теберіктей қатар түзеп отырған үш «баламен» жақынырақ тілдессек дедік. Оның бірі – Құрманбеков Тұрсынхан ағамыз. 1946 жылы дүниеге келген. Мектеп бтірген соң Алматы қаласындағы ауыл шаруашы­лығы институтының агрономия факультетіне оқуға түскен. Задария кеңшарында агроном, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном, Задария совхозының директоры, Жаңақорған поселкелік кеңестің төрағасы болған. Егемендік алғаннан кейінгі жылдары Қыркеңсе ауылының әкімі болған ол кісінің ерекше іскерлік қасиетіне, ел басқару тізгінімен қоса облыста тұңғыш рет ат спортын дамытуға екпін берген жаңашылдық идеяларына өзіміздің де куә болған жайымыз бар. Бұл кісі қазір Алматы қаласында тұрып жатыр екен. Бес перзентінен 12 немере сүйіп отырмын деді. Оның жанында отырған Әбиев Сардар ағамыз да Алматы ауыл шаруа­шы­лығы институтына түсіп, еңбек жолын ауылда агрономдықтан бастаған. Жас талап ғылым жолын таңдап аспирантурада оқып түсіп, Алматыдағы ботаника институтында лаборант болып қызметке орналасқан. Осы мекемеде талмай ізденіп еңбектену нәтижесінде институттың директорлығына дейін өсіпті. Қазірде Астана қаласында Гумилев атындағы ұлттық университетінде биология және геномика кафедрасының профессоры. Жұбайы Сәуле Асанқызы екеуі бес перзентінен немере-шөбере көріп отырған жайы бар.
Ал Сұлтанбек Тұрсын­ханов ағамыз орта мектептен соң үш жыл әскерде болғанын айтты. Ауылға оралған соң сол кездегі 23-партсьезд кеңшарында механизатор болған. Сексенінші жылдарға дейін Социалистік жарыстың бірнеше дүркін чемпионы болыпты. «Еңбек қызыл Ту» орденінің иегері. Зейнет жасына дейін он жыл кеңшарда кассир болып істеген. Қазір де ауылдық қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде ел өмірінен қол үзе қоймағанын айтты. Жары Аманова Әзиза екеуі 25 немере сүйіп отыр екен.
Сол кездегі сылқым арулар қатарында Дариха Әлібекова, Айымкүл Нәлтаева, Дариға Мәмбетова, Айсара, Бибіхадиша Ысқақова­лар, Бақтыгүл Пірматова, Сәпия Оңғарбае­ва, Құрбанай Көкеева сынды ұстаз­дарымыз – бір-бір тұлға. Әсілі ұстаз жүрек қартаймайды. Жастары біразға келсе де көңілдері сергек, жүзі жарқын аға-апаларымыз кезек-кезек ортаға шығып, жүректен шыққан тілектерін айтып, өлеңдерін оқыды, ән де шырқады. Өткенді еске түсіріп жанары қайта-қайта суланған ардагерлер өздеріне дәріс берген және сынып жетекшілері болған аяулы жандарды еске түсіріп есімдерін тізбелеп берді. Олар: Зікір Қошқаров, Хадиша Бая­зитова, Өтеген Увайдаев, Жүніс Үпенов, Қалжан Төрежанов, Арасат Фейзулдаев, Сәйпідін Әуелбеков, Ыдырыс Скендиров, Жұмабек Мұсабеков, тағы қаншама марқұм болған кісілердің рухын тебірентер дұға. Бұл басқосу жай көңіл көтеру емес, өткенге бір есеп беру сынды өнегесімен көңілді тербеді.
Бізге аға толқынның осындай тағылымы қымбат.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ

01 маусым 2024 ж. 168 0