№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Достық баяны


Екеуінің бір-бірін кезіктіріп, көңілмен ұғысып, айрылмастай дос болғандарына алпыс бір жыл болыпты. Мұндай достық ілуде біреу ғана. Нағыз дос болатындар көп, көпшілігінің арасын уақыт алшақтатады, өмірдегі басқа да жағдайлар екіге бөледі. Ал бұл екеуінің осы кезге дейін бір ажырамай, өмір соқпағында қатар келе жатуына тағдыр-талайының ұқсастығы себеп.
Қос құрбының бірі – менің сынып жетекшім Зөре Төрениязова туралы жазу қашаннан ойымда бар еді. Соның сәті енді түсіп апайдың үйіне келдім. Апай менің қолыма мына фотосуретті – Гүлжан апай екеуінің студент кезінде түскен суретін ұстатты.


«Біздің Гүлжан екеуміздің достығымыз туралы жазсаң соның тағылымдық өнегесі мол болар. Бүгін дос боп, ертең ұмытып кететін жандар қаншама, қасиетті достықтың туын жықпай келе жатқанымызға жарты ғасырдан асты. Бұл өмірде тұрақтылық дегеннің өзі адамшылықтың ең асқар шыңы емес пе? Дос-жаранды, туыс-бауырды қалтқысыз бағалау деген азғантай өміріңнің қадіріне шын жетіп, алдымен қарақан басыңды қадірлеу деп түсінемін» деді.
Бүгінде жасы сексенге жақындап қалса да баяғы бізге тәлім беріп, таяқтап алса да ешкім қолынан алмайтын талапшыл мінезінен жаңылмағандығын жып-жинақы болмысы дәлелдеп нық отырған ұстазымның сүйегінің беріктігіне қызықтым. Тегінде кісіні қартайтпайтын қайсарлық, анау-мынауға мойынсұнбайтын мықтылық болса керек. Сондықтан да біздің апайымыз сол кездегі ең қатал директор Сәдірбай Сапарбаевтың сенімінен шыға білген. Ол кіісі апайға шын сенгендіктен мектептегі ең тезден шыққан тентек балалары көп жоғары класты осы кісінің қарамағына беріп отырған екен. Біздің класс та солардың бірі болдық па, тоғызыншыға келгенде бізге Зөре Төрениязованы жетекші етіп жіберді. Апайдың қаталдығынан гөрі қамқорлығы көп. Тіпті өз анамыздай алаң болып әрбірімізге жақын болып кетті. Апайдың бірінші талабы, бала сабақтан қалмауы керек. Егер қала қойсаң қасына класкомын ертіп алып, әлгі баланың үйіне барып ұйықтап жатқан жерінен оятып алып келеді. Сосын кімнің сабақтан қалуға дәрмені барсын. Мектеп бойынша атаманымыз біздің класта еді. Ондай тәуекелге бара алатын да сол. Белсендінің бірі ретінде әлгі оқушының үйіне мұғаліммен бірге менің де барғаным бар. Ешкім көрінбегесін апай өзі барып жұлқылап оятуға кірісті. Өзге біреу болса ұяттан жарылып кетер-ау, ол болса басын көрпеден бір шығарып «Кете берсеңізші, барамыз ғой артыңыздан» деп бұрқ етті. Осының-ақ айтқаны болсын деп апай әлгіге артық талап қоймайтын болды. Қайта мақтап-мадақтап, ұйымдастыру жұмысының бәрін мектепті ұстап тұрған сол баланың мойнына артып қойды. Тәрбиелеудің мұндай да тәсілі болады екен.
Ұстазымыздың бізден бұрын да тәрбиелеп ұшырған шәкірттері көптеп саналады. Солардың көбінен апайға хаттар келіп жататын. «Алтын медальға» ұсынылып, сол кездегі талап бойынша облыстық білім басқармасында орыс әдебиетінен шығарма жазып, төрттік алып қалса да білімін дәлелдеп, жоғары оқу орнында оқып жатқан Абдуллаеваның жолдаған «Ваша Альмира» деп қол қойған сағынышты хатын апай бізге де оқытты. Ақ қағаз беті шәкірт махаббатына тұнып тұр. Олай болса нағыз ұстаз болып, бала жүрегінен орын алу да екінің бірінің қолынан келмейтін өнер екен ғой.
Апайдың бітірушілері арасында «Алтын белгі» алған оқушылары аз болмапты. Өзінің айтуынша, үш полковник, бірнеше ғылым кандидаттары бар. Бүкіл ұстаздық өмір жолында он рет бітіруші сыныпты болашақ өмір жолына шығарып салған ұстаздың көз алдында солардың барлығы әлі бала кейіпте сақтаулы. Тіпті фамилияларына дейін ұмытпаған. «Жетпіс бесінші жылғы бітірушілерім арасында Қыдырбаев пен Оташева мектептің бір класын толық жабдықтап берді. Парта, сол кездегі техникалық құралдардың түрлерін табыстап, үлкен демеушілік жасады» деп мақтаса, таяуда қырық жылдық кездесулерін өткізіп, оқушылық кезеңге саяхат жасап, марқұм болған тоғыз сыныптасына ас беріп ұлағатты іс қылған сексен бірінші жылғы бітірушілері мен оларды баяғысынша ұйымдастырып жүрген Оразәлиев Тұрғанбек деген оқушысы туралы ерекше тоқталды. Бауырындағы әр баласының бойына бір жақсылықты жапсырып, бірінен бірін асыра дәріптеуге құштар ана пейілі қандай кең болса шәкірттерін де солардан кем көрмеген ұстаз жүрегі қандай кең,қандай жомарт еді десеңші.
Қыраш ауылында қырық екінші жылы дүниеге келген сәби майданға аттанып, қайтып оралмаған Мінайдар, Мәлік есімді екі ағасының да бейнесін көз алдына келтіре алмайды. Жылда Жеңіс мейрамын жұрт мәз-мейрам мерекелеп жатқанда қаяулы көңілі әбір-жәбір болып, қос ағасын жалмаған қанды соғысқа іштей лағынет айтып қалың мұңға берілетіні бар. Қыраш ауылынан ең бірінші «Алтын медальды» иеленген үшінші ағасы Әлайдар Ташкенттегі Орта Азия институтының ауыл шаруашылығы бөлімін үздік бітірген екен. Ғұмыры қысқа қайырылды. Отбасындағы қыз балалар арасында өжеттігінен танбай 4 сыныптан соң Бірлікке қатынап оқып, жетіншіден соң аудан орталығындағы №51 орта мектебінде білім алған өзі ары қарай Қызылордадағы Гоголь атындағы педагогикалық институтында химия-биология факультетіне оқуға түсіпті. Ауылдастары өз араларында би сайлап, айтқан сөзіне жүріп-тұрған, аузы дуалы кісі болған әкелері Төренияз да қыз баланы қолдан шығаруға мүдделі болмаса да кенжесі Зөресіне келгенде кеңдік танытқан тәрізді.
Ал енді сөз басында айтқандай Зөре мен Гүлжан апайдың достығы турасында аз-кем тоқталсақ деймін.
Екеуі институтта бір факультетте оқып, екінші курстан бастап жатақханадан бөлек шығып, пәтер жалдап бірге тұрыпты. Қызылордаға Алматыдан практикаға келген қыраштық хирург бауырын жақын тұтқан Зөре студент жігітті үйіне шақы­рып, осындай басқосуда Тайшыбек пен Гүлжанның бір-бірімен көңілі жарасып, өмірлік жұп болуына себеп болыпты. Зөре апайдың өзі қосүйеңкілік, жоғары білімді экономист Әбу Маханбетовпен бас қосып, қос құрбы Жаңақорғандағы №51, одан әрі №163 орта мектебінде қатар жүріп химия-биологиядан дәріс береді. Мектепке бірге барып, бірге қайтатын екеуінің мұңы да, жыры да бір. Отбасында аяқ-табағы араласқан аяулы құрбылар атанды. Қиналса бір-бірін демеді, Ұжымда бірінің иығындағы жүкті бірі жеңілдетуге тырысып, шуақты күндердің қызығын бірге өткерді. Кейіннен аудан орталығында жааңадан мектеп ашылып Гүлжан апай сонда ауысты да Зөре апай өзінің орнында қалып қойды. Зейнеткерлікке де екеуі бірге шықты. Үй-жайы көрші қонған қоңсылықтың пайдасы екеуі де шау тартып, адымымыз қысқарды десе де ара-қатынасты үзбей, бір-біріне барып-келіп тұруға әзірге жарап тұр. Алғаш бірі Қыраштан, бірі Төменарықтан келіп, бір-біріне жіпсіз байланып, бауыр басқан әлдеқандай тылсым күштің қуаты қос құрбыны қолтығынан демеп, күні бүгінге дейін бір қуанышты бір қуанышқа жалғап келеді. Сөйтсек, аппақ арманға толы жастық шақтың сәулесін сөндірмегенге дидарғайыптың өзі үлкен күш, оның өткеннің қымбат елесін қайта оралтумен семген тамырға нәр беріп, жұмбақ жаныңды жадыратар құдыретінің мәні сонда екен.
Маханбетов Әбу мен Мантаев Тайшыбектің жарлары – біздің қос ұстазымыз Зөре апай мен Гүлжан апайымыз тәрбиелеген перзенттер ағарту және медицина саласының үздіктері ретінде өңірімізге танымал. Бұл заңды да. Бүкіл өмірлерін, жастық жалындарын елдің баласының маңдайын ашуға арнаған қос құрбының баяғыда студент кезінде серттесіп, бір-біріне дем берген, жігерлендірген өмірлік мақсат-мұраттары да осы болатын. Үлгілі ұстаз болумен қатар өнегелі келін, үлгілі АНА атану, нағыз қазақтың қызына тән қадір-қасиеттің иесі атану – қандай бақыт!

Баян ҮСЕЙІНОВА
13 шілде 2021 ж. 983 0