Ардагер ұстаздар құрмет құшағында
Ұстазсыз өмірдің тұтқасын ұстау мүмкін емес. Ұстаздық – ұлы қызметті мінсіз атқарып, сан жылдар бойы сенім үдесінен шыға білген, бүгінде зейнет жасына жеткен ағарту саласындағы ұлағатты ұстаздарды аудандық “AMANAT” партиясы арнайы құттықтап, ерекше ықылас танытып, арнайы кездесу ұйымдастырды.
Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде мұғалімнің орны ерекше. Өйткені, адам бойындағы ең асыл қасиеттерді жас ұрпақтың санасына дарытатын ұстаздар қауымы.
Осы мақсатта ұйымдастырылған әдемі кездесуде "AMANAT" партиясы аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов ардагер ұстаздарға ақжарма тілегін білдіріп, сый сияпатын табыстады.
– Бүгінгі жиын жүрекке жылу, көңілге қуаныш сыйлар, жас ұрпаққа тәрбиелік мәні зор кеш болып жатыр деп есептеймін. Себебі, ұлағатты ұстаздарымыздың адал еңбегін бағалау, адамгершілік ізгі қасиеттерін ардақтау – парыз. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, шәкірт бойына тәлім мен тәрбие сіңіре білген ұстаздың мерейі қашанда биік. Бұл кісілердің жүріс-тұрысы, ұстанымы мен парасат-пайымы бізге үлгі-өнеге. Біздің сіздерге деген алғысыз шексіз, – деді ол.
«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі деп ұлт зиялысы Мағжан Жұмабаев айтпақшы, білім парасатымен, қадір-қасиетімен елге үлгі, шәкірт санасына шамшырақ бола білген ардақты ұстаздар қандай құрметке де лайық!
Әсел РЗАЕВА