Ардагер ұстаздар құрмет құшағында
Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Бүгін "Ардагерлерді ардақтайық" партиялық жобасы аясында Ұстаздық ұлы қызметті мінсіз атқарып, сан жылдар бойы зор сенім үдесінен шыға білген, бүгінде зейнет жасына жеткен ағарту саласындағы ұлағатты ұстаздарды "AMANAT" партиясы аудандық филиалы арнайы құттықтап, ерекше ықылас танытып, арнайы кездесу кешінің куәсі болды.
Әрбір адам болашағының бақытты, келешегінің кемел болуы үшін сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп, тәуелсіз еліміздің болашағы – өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде мұғалімнің орны ерекше. Өйткені, адам бойындағы ең асыл қасиеттерді жас ұрпақтың санасына дарытатын ұстаздар қауымы.
Осы мақсатта ұйымдастырылған әдемі кездесуде "AMANAT" партиясы аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов ардагер ұстаздарға зор ризашылығын мен ақжарма тілегін білдіріп, сый сияпатын табыстады.
– Бүгінгі жиын жүрекке жылу, көңілге қуаныш сыйлар, жас ұрпаққа тәрбиелік мәні зор кеш болып жатыр деп есептеймін. Себебі, ұлағатты ұстаздарымыздың адал еңбегін бағалау, адамгершілік ізгі қасиеттерін ардақтау біздің парызымыз. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, шәкіртінің бойына тәлім мен тәрбие, саналы білім сіңіре білген ұстаздың мерейі қашанда биік қой. Бұл кісілердің жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері мен парасат-пайымы бізге үлгі-өнеге. Біздің сіздерге деген алғысыз шексіз, – деп жүрекжарды тілегін білдірді.
«Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде төрдегі орын ұстаздыкі» деп ұлт зиялысы Мағжан Жұмабаев айтпақшы, білім парасатымен, қадір-қасиетімен елге үлгі, шәкірт санасына шамшырақ бола білген ардақты ұстаздар қандай құрметке де лайық!