Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЛАЛАР ЖАЗЫ КӨҢІЛДІ БОЛСЫН ДЕСЕК...

БАЛАЛАР ЖАЗЫ КӨҢІЛДІ БОЛСЫН ДЕСЕК...


Оқу жылы аяқталуына санаулы күн қалды. Үш ай каникулды асыға күтіп жүрген оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері мемлекеттік қолдауға ие. Осы ретте балалар тынығу лагерьлерінің тыныс-тіршілігі жөнінде терең зерделеуді жөн көрдік.


«ТАУ САМАЛЫНЫҢ» ТЫНЫСЫ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Аудан көлемінде балалардың жазғы тыны­ғу мекемелері өз жұмысын бастамас бұрын жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бас­қарма мамандары мен аудандық прокуратура өкіл­дері бірнеше кемшілікті анықтап, тиісті ескертулер жасағанын айтады.
Нақтылап тоқталсақ, Құттықожа баурайынан қоныс тепкен, жарты ғасырдан астам уақыт жеткіншектердің құтты мекені болып келе жатқан «Тау самалы» тынығу лагері аумағында айнадай тазалықтың жоқтығын айтудың өзі ұят. Демалыс мекенінің корпустарының кейбірі толық жабдықталмаған, жатақханада жарық толықтай шешілмегені анықталған.
Ал лагерь басшысы Бағлан Момынханов бұл кемшілікті түзетіп жатқанын сөз етті.
– Балалардың жазғы демалысы жақсы өтуі үшін лагерь айналасы тазартылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жататын орын, арнайы корпустары мен асхана талапқа сай қамтылды. Ағаш бұталарының артық жерлері кесіліп, әктелді. Ойын алаңдары мен сахналық кешен дұрысталды. Балаларды қабылдауға әзірлік жасалуда, – деді ол.
Лагерь аймағын залалсыздандыру бойын­ша «Ұлттық сараптама орталығы» аудандық филиалымен келісім шарт жасалыпты.
Ашығын айту керек, мұндағы өзекті мәселе – бала дәрігерінің штаты қаралмаған. Тынығу жайында әрбір баланың жеке бас амандығы маңызды. Демалыс кешенінің бала жанынан табылуға тиіс дәрігермен қамтыл­мауы көңілге қонбайды. Осы мәселені түбегейлі шешуде аудандық емхана мен лагерь арасында жұмыс жүріп жатыр екен.
Айта кететіні, «Тау самалы» лагерінде өзекті мәселенің бірі – монша болатын. Мәселеге аудан басшылығы мән беріп, шешіп берді. Тағы бір жаңалық стритбол ойын алаңы да тынығушы қауымның уақыт өткізетін орнына айналды.
Биыл «Тау самалы» лагері маусым айының бірінен бастап әр он күн сайын 75 баладан қабылдайды. Лагерь жеті лекпен қабылдайты­нын ескерсек 525 баланың тынығуына мүмкіндігі бар. Оларға 7 тәрбиеші қызмет көрсетеді.
Жалпы 2024 жылы аудан бойынша 18 мың­нан аса оқушы жазғы сауықтыру шаралары­мен қамтылуы жоспарлануда. Оның – 15 370-і лагерьге барады. Аудан мектептерінде 1-20 маусым аралығында күндізгі тынығу лагері ұйымдастырылады. Бұл жөнінде аудандық білімі бөлімінің тәрбие істері жөніндегі бас инспекторы Мира Жандарбекова:
– Жылда жазғы тынығу лагеріне қатысты ата-аналардың арыз-шағымын қараймыз. Бірі тамақ құнарсыздығына шағымданса, бірі ұйымдастырушылық іске көңілі толмай жатады. Сол себепті биыл лагерьді таңдағанда келісім шартқа қол қоярда жан-жақты талқылап алғаны абзал. Ата-ана өз баласының жан-жақты жағдайына сергек қараса көп шағым да болмайды, – дейді.
Мектеп жанынан ұйымдастырылған тынығу лагерьлерінің дайындығын білу үшін аудан орталығында орналасқан №110 мектеп-лицейі директоры Фарида Ниязованы сөзге тарттық.
Оның айтуынша, 1-4 сыныптан 50 бала екі лек бойынша қамтылады. Оқушылардың әр күні қызықты өтуі үшін денешынықтыру, музыка және сурет пәнінің мұғалімдері қызықты жобалар әзірлеуде.
Айта кететіні, ауданда білім беру ұйымдары бойынша 2-8 сыныпта оқитын балалардың 2025-і міндетті оқу қоры есебінен және ірі кәсіпкерлер мен жергілікті әкімшіліктердің қолдауымен өзге өңірлердегі лагерьге жіберіледі екен.

«ТАЛДЫСУДАҒЫ»
ТІРШІЛІК

Өткен жылы осы мекемеге аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқарма мамандары мен аудандық прокуратура өкілдері тексеру жүргізгенде қоқыс жәшігі қойылған аймақтың үш жақтама қоршалмағаны сын болған еді. Осы олқылықты қалпына келтіріп жатқан лагерь ұжымы биылғы жазғы тынығу жұмысына сақадай-сай екендіктерін айтты. Тау баурайында жасыл желекке көмкерілген тынығу лагерінде «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру» мекемесі талапкерлерді тестке дайындаудың соңғы апталығын өткізіп жатыр.
«Талдысу» лагері биылғы жазғы сауықтыру маусымына үлкен дайындықпен келіп отыр. Материалдық базасы жаңарып, техникалық қауіпсіздігі, санитарлық тазалығы ескерілген. Бүгінде лагерь аумағында балалар үшін 12 түрлі бағытта үйірме жұмыс жасайды. Алдағы уақытта робототехника, IT жобалар және шет тілдерін меңгеруге қызығушылық танытқан балаларға арналып қосымша үйірмелер ашу көзделуде. Сондай-ақ, лагерьдің басты ерекшелігі – балалардың табиғи қорықтарға саяхаттап, экскурсия жасауына жан-жақты жағдай жасалған.
«Талдысу» облыстық олимпиадалар қосымша білім беру орталығының директоры Елдос Жұмаділлаұлы:
– Оқушылардың тамаша табиғат аясында тынығуы үшін жылдар бойы легерьдің айналасын әсем гүлзарлар мен жасыл желекке айналдырып келеміз. Біздің лагерь тау етегінде болғандықтан ауасы таза, ерекше табиғатқа бай. Сондықтан болар, жылына кем дегенде жеті маусым бойы демалушылар үзілген емес, – дейді.
Орталықта баланың еркін тынығуына барлық жағдай жасалған. Жайлы жатын орыннан бастап, тамақтануы, демалысы, үйірмелер, мол қоры бар кітапхана, түрлі саяхаттық сапарлар, ауладағы аспанасты көрмелері әрбір оқушының танымдық көзін ашады, ерекше әсер сыйлайды. Бұл орайда, орталық директорының ұйымдастырушылық қабілеті, өрендерді жақсы істерге баулу мақсатындағы ізденістері, іскерлік шеберлігі нәтижесін беріп келеді.
Айта кетейік, мұндағы өзекті мәселе – уческелік полицейдің жоқтығы. Биыл 2100-ден аса бала қабылдауды жоспарлап отырған лагерьдің тәртібін күзету өзекті іс. Әр аймақтан жасақталған өрендердің арасында туындайтын қақтығыстардың алдын алу мұң болып тұр. Бұл мекемеде 13-ке жуық тәрбиеші маман қызмет еткенімен күндіз-түні кірпік қақпай тыныштық күзету мүмкін емес. Бұл туралы тәрбиеші Гүлжан Саттарова да қуаттады.
– Әр аймақтан келген балалардың бір ортаға ұйысуы қиынға соғатын кездер көп. Әр үйдің еркесінің ереже бұзып, кикілжіңге ұласатын кезі болады. Осындайда тәртіп сақшыларының көмегіне мұқтажбыз. Біздің қалауымыз, осы мәселе орынды шешім табуы керек, – деді ол.
Біз де шалғайдағы ағайынның талабын жасырмай, жауапты органнан жауап болар деген үміттеміз.
«Байкен-U», «СКЗ-U», «Қызылқұм» сияқты ірі кәсіпорындар және жеке кәсіпкерлер демеушілігі арқылы Түркістан облысындағы «Машат», «Адем», «Біргөлек», Қызылорда қаласындағы «ORDA», «Саяхат» лагерьлерінде демалушы балғындар саны артып келеді.
Қазақстан Республикасы Оқу ағарту министрлігімен жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын бірыңғай бағытта ұйымдастыру мақсатында әзірленетін тұжырымдамасын негізге алып, «Жайдарлы жаз» бағдарламасы шеңберінде аудандағы қосымша білім мекемелері жұмыс жасайтын болады. Әлшекей атындағы, Бесарық, Түгіскен балаларға арналған өнер мектебі және аудандық Оқушылар үйінде жазғы мезгілде «3D-модельдеу», «Робототехника» т.б 25 үйірме жұмыс жасап, онымен 720 бала қамтылады.

ТҮЙІН. Мектеп қабырғасындағы оқушыларға жазғы демалыс үшін лагерьге жолдама беріледі. Жолдамаға ие болғандар жолға шығып, жаңа ортаны жатсынбай қабылдауды үйренеді.
Лагерь – жаңа таныстықтың мекені, мәнді мәдениеттің ошағы, бірнеше білім ордасының оқушылары бас қосатын орта. Қызықты сәттердің ордасы, жаныңа жақын құрбы-дос тауып, емен-жарқын араласып, әзілдесіп, өнер жарыстырып, одан қалды қызықты ойындармен кеш батыру – лагерьдегі жазғы демалыстың жарқын кезеңдері. Түрлі тентектіктің, еркеліктің, ісмерліктің, шеберліктің көрініс табатын, жастықтың лебі есетін лагерьде көптеген қызықтың да, шырғалаң шыжықтың да орын алатыны сіз бен бізге мәлім. Сондықтан да әр баланың қауіпсізігін басты назарда болуы маңызды.

Мақпал МАРҚАБАЙ
21 мамыр 2024 ж. 241 0