Бюджет қаражатын тиімді пайдалану – маңызды
Ұлы ғұлама Аристотель «Мемлекеттің мақсаты – жоғарғы сапалы өмірге бірлескен іс-қимыл жасау» деген екен. Демек, мемлекеттің әл-ауқат деңгейі экономикалық механизмдердің айтарлықтай кемелдігіне, оның ішінде бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына байланысты. Осы мақсатта аудандық «Ордакент» ардагерлер, жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында «Бюджет қаражатын басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңеске Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті, Қызылорда облысы мемлекеттік сатып алу басқармасы және аудандық Қазынашылық басқарма өкілдері, аудандағы денсаулық, білім, мәдениет бөлімінің басшылары мен есепші мамандары, кент және ауылдық округ әкімдері мен есепші мамандары қатысты.
Семинар-кеңестің күн тәртібіне сәйкес облыстық тексеру комиссиясының бөлім басшысы Сәкен Қуанышұлы «Мемлекеттік аудитпен анықталған бұзушылықтар мен олардың алдын алу мәселесі», Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшылары Жеңіс Қалиев «Ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері» Сәдір Ержанұлы «Камералдық бақылау нәтижелері және мемлекеттік сатып алу саласындағы жиі кездесетін бұзушылықтар мен заңнамадағы өзгерістер», Жаңақорған ауданы бойынша қазынашылық басқармасының бас маманы, бас қазынашысы Ұлзира Жамурова «Мемлекеттік мекемелердің төлемдер жүргізу кезіндегі өзекті мәселелері», Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Әлия Зайнабдинқызы «Мемлекеттік сатып алудың өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, есепшілер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Тексеру комиссиясымен ұйымдастырылған семинар кеңестің негізгі мақсаты мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қаржылық бұзушылықтардың алдын-алу, қаржылық тәртіпті нығайту, бюджет қаражатын басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы модераторлық етіп, семинар-кеңестің маңыздылығына тоқталып, бюджет қаражатын басқару бойынша атқарылған жұмыс барысы талқыланды.
– Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының ұйытқы болуымен ауқымы кең кеңесте бас қосып отырмыз. Ауданда бюджет қаражатын тиімді басқаруға байланысты маңызды шаралар қабылдануда. Сала мамандары тексеру нәтижесін шығарып, мәселенің шешімін табуға қатысты ұсыныстарын ортаға салуға ауданымызға арнайы келіп отыр. Шын мәнінде, сала мамандары сан-сала бойынша жүзеге асырылған мәселелерді егжей-тегжейлі баяндайтын болады. Жалпы, семинар-кеңесті ұйымдастырудың негізгі мақсаты – мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қаржылық бұзушылықтардың алдын-алу, қаржылық тәртіпті нығайту және бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Одан кейін Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жоспарлау, талдау, есептілік және сапа бақылау бөлімінің басшысы Жеңіс Қалиев ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері туралы, жиі орын алатын бұзушылықтар мен оның себептері туралы баяндады.
– Департамент тарапынан 2023 жылдың 12 айында барлығы 102 аудиттік іс шара барысында, құқық бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде бюджет және заңнама бұзушылықтары 38 миллиард 625 миллион теңге. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнама бұзушылықтары 389 миллионның үстінде. Жалпы департамент мемлекет қаржысының белгіленген мақсатқа сәйкес жұмсалуына аудит жүргізеді, олардың басқа мақсатқа пайдалануының жолын дер кезінде кеседі, мемлекет есебінен тіршілік етудің кез келген көріністері мен сыбайлас жемқорлықтың түбіріне балта шабады, – деді ол.
Баяндаманы қорытындылай келе, мемлекеттік аудит объектілерін бюджет қаражатымен жұмыс жасау барысында бюджет заңнамасы талаптары мен принциптерін қатаң сақтауға шақырды.
Ал, Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің камералдық бақылау бөлімінің басшысы Сәдір Ержанұлы камералдық бақылау жұмыстары және мемлекеттік сатып алу бойынша жиі орын алатын заңбұзушылықтар туралы, олар бойынша заңнама талаптарындағы жауапкершіліктер туралы баяндама жасады. Баяндаманы қорытындылай келе, тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылар тарапынан мемлекеттік сатып алу заңнама талаптарын қатаң сақтауға, заңбұзушылыктарға жол бермеуге шаралар кабылдауға шақырды.
Сондай-ақ, ауданның бас қазынашысы Ұлзира Жамурова баяндама жасады.
– Аудан деңгейінде барлық мемлекеттік мекемелерге бюджеттердің атқарылуына және кассалық қызмет көрсету қазынашылық басқармасының негізгі міндеті болып табылады. Оның ішінде 1 республикалық бюджеттен, 51 облыстық бюджеттен, 44 аудандық бюджеттен қаржыландырылады. Осы күнге дейін мемлекеттік мекемелер қазынашылықпен мемлекеттік мекеме арасындағы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану туралы келісімнің немесе ЭЦҚ кілттерінің қолданылу мерзімі өткен жағдайда ЭЦҚ пайдалану туралы келісімге қосымша келісімнің түпнұсқасын 3 данада қазынашылыққа ұсынатын. Бүгінгі күннен яғни 30 сәуірінен бастап бұл жойылды. Енді 2024 жылдың 30 сәуірінен бастап қазынашылық комитеті ақпараттық жүйесін пайдаланушылар үшін ұсынымдарды бекіту туралы ҚР ҚМ 2024 жылғы 11 сәуірдегі №201 бұйрығын басшылыққа алып ҚР Ұлттық куәландырушы орталығында әзірленеді. Электрондық цифрлық қолтаңбаны порталда өтінімді толтыру және құжаттар топтамасын ұсыну арқылы мемлекеттік корпорация арқылы не порталдың жеке кабинеті арқылы қашықтықтан сәйкестендіру арқылы өтінім береді. Негізі тіркеу куәлігінің қолдану мерзімі 3 жылды құрайды.
Есепті мерзімде 2024 жылдың 1 тоқсанында қабылданған мемлекеттік мекемелерден 11098 дана төлем құжаттары қабылданып, оның 10934 орындалса, 164 төлем құжаты дұрыс толтырылмауына байланысты орындаусыз кері қайтарылған. Осы аталған кемшіліктерді болдырмау мақсатында ҚР қаржы министрінің 2014 жылы 4 желтоқсан №540 бұйрығымен бекітілген «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесінде» көрсетілген талаптарды басшылыққа ала отырып, қатесіз жұмыс жасауға шақырамыз», – дейді.
Өз кезегінде мемлекеттік аудит, қазынашылық органдарының, мемлекеттік сатып алу саласының өкілдері баяндама жасады. Жалпы, сала мамандары келтірген мәліметке сүйенсек, былтыр тексеру комиссиясы 21 аудиторлық іс-шара бойынша 157 аудит объектісін тексерген. Оның ішінде, 60 үстеме тексеру бар. Аудитпен қамтылған қаражат 191,2 млрд теңгені құраған. Атап айтқанда, республикалық бюджет қаражаты – 35,8 млрд теңге, жергілікті бюджет қаражаты – 155,4 млрд теңге екені жан-жақты сараланған. Мемлекеттік аудит нәтижесімен, 37,7 млрд теңгенің бұзушылықтары анықталған. Қаржылық бұзушылықтар – 4,8 млрд теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаржысы, мемлекет активтері – 8,1 млрд теңге, тиімсіз жоспарлау – 24,8 млрд теңгені құрады. Тексеру барысында білім, денсаулық, аудандарға қарасты бөлімдер және басқа да бірнеше сала қамтылған. Орын алған заң бұзушылықтар бойынша сот, уәкілетті органдар қарауына 1114 әкімшілік материал жолданып, 313 тұлғаға 32,1 млн теңге әкімшілік айыппұл салынса, 753-іне «Ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылған. Орын алған бұзушылықтар мен кемшілікті жою бойынша 90 нұсқама қабылданып, тиісті мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға 207 тапсырма мен ұсынымдар берілген. Биыл 24 аудиторлық іс-шара бойынша 140 аудит объектісін қамту жоспарланыпты. Атап айтқанда, білім, денсаулық, спорт салаларын және квазимемлекеттік сектор субъектілерін тексеру жоспарға енгізілген.
Семинар-кеңесте Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқының сапалы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясындағы мәселелерді талқылауға және жергілікті атқарушы, уәкілетті және бақылау органдары тараптарынан мемлекеттік бюджет қаражатының тиімді және мақсатты пайдалануын қамтамасыз ету керектігі айтылды.
Сондай-ақ қаржы тәртібін нығайту, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру біздің мақсатымыз және әрбір бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы біздің қатаң бақылауымызда болатындығы айтылды. Одан бөлек, есепші мамандарды арнайы курстарда оқытып, біліктілігін арттырып отыру бойынша ұсыныс мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор басшыларына ұсынылды.
Жиын барысында хабарламашыларға сауалдар қойылып, жауап алынды. Бұл семинардың мақсаты – мемлекет қаржысының шығын болуына сенімді тосқауыл қою үшін жұмыстың формалары мен әдістерін алдағы уақытта ұдайы жетілдіріп отыруды көздейтінін тиісті сала мамандары дәлелдей түсті.
Әсел РЗАЕВА