Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қатыгез бала қайдан шығады

Қатыгез бала қайдан шығады

Қазіргі қоғамдағы маңызды мәселенің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың көбеюі. Яғни өрендердің өрескел әрекеттерге бой алдырып, бір-бірін аяусыз соққыға жығып, бейәдеп қылық танытуы жиілеп кетті. Осы ретте «Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді құқықбұзушылыққа не итермелейді?», «Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс неге әлсіз?», «Жасөспірім құқығын кім қорғайды?», «Мұндайда кім жауапты, кім жазықты? деген заңды сауал төңірегінде ізденіп көрдік.

Күнделікті күнкөрістің қамымен жұмысбасты ата-ананың бала тәрбиесімен түпкілікті айналысуына мүмкіндік те аз. Кейде мұғалім мен мектеп инспекторының тәртіпсіз оқушының атаанасын мектепке шақырып келтіре алмайтын жағдайлар болып жатады. Міне, осындай келеңсіздіктердің салдарынан бұғанасы бекімеген жеткіншек бетімен жүріп-тұрып, көше «авторитеттерінің» қармағына ілініп қалатыны жасырын емес. Әлбетте, ең алдымен бала тәрбиесі үйдегі ата-анаға байланысты, одан соң мектеп пен қоршаған орта, қоғам жауапты. Әлеуметтік желіде жасырып-жаппай жарияланатын дәлел мен дәйектер жақ қарыстырып, жаға ұстатарлықтай. Ғаламтордың бетін ашып қалсаң бір-бірін аяусыз соққыға жығып, жұдырықтап жатқан жасөспірім қатыгездігі алдыңнан шыға келеді. Жақында ғана әлеуметтік желіде тараған балабақшадағы 5-6 жастағы бүлдіршіндердің жабылып бір баланы тепкілеп жатқан видеосы жұрттың жағасын ұстатты. Әлі ауыздарынан ана сүті кеуіп үлгермеген балақайлардың осыншалықты қатыгездікке қаймықпай баруының себебі неде?
Қазір елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыс белең алып тұр. Екі-үш жыл бұрынғыны қозғамай-ақ жылдың басынан бері болып жатқан жантүршігерлік оқиғалардың өзі осыған дәлел. Бір-бірін бопсалау, қорқыту, қорлық көрсету. Тіпті мұны видеоға түсіріп, көпшілікке таратқанын қайтерсіз. Яғни, бүгінде кемел келешектің иелері деп сенім артып отырған жасөспірімдер келеңсіздіктің «көкесін» көрсетуде. Олардың мұндай оғаш қылықтары қоғамды алаңдатып отыр. Тобыр болып жиналған мектеп оқушыларының қатыгездікке баруы қоғамдық резонанс тудырды. Жасөспірімдердің мектеп қабырғасында көргенсіз қылықтарға баруының соңы қылмысқа соқтырып отырғаны белгілі. Сонымен қатар қазір ұл балалар арасында мекендік бөлініс бар. Менің көшем, сенің көшең деп бөлінудің аяғы топтық төбелеске айналады. Бұрындары мұндай төбелестерде «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегендей, жалпақ жұртқа жария етпей, жәбірленуші тарап пен бұзақылар өзара келісімге келетін. Ал, қазір жұдырықтаудың соңы бітіспес жауыздыққа ұласып, желі арқылы тарап, қытгездікке қайрай түсуде.
                                      МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?
Аудандық аурухананың жасөспірімдер психологі Жаңабек Искаков былай дейді: – Бұл мәселе бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық іс әрекеттер өрендердің бұзақылықа бой алдыруы көбейіп жатыр. Балалардың отбасындағы ата-анамен қарым-қатынасы, мектепте сабаққа үлгермеушілік қоғам үшін қауіпті. Бұл мінез-құлық көбінесе отбасылық тәрбиенің қолайсыздығынан немесе шамадан тыс қаталдықтың әсерінен туындап жатады. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық істермен күресудің тиімді жолының бұл кәмелетке толмағандардың бос уақытын, мектептегі уақытын педагогикалық тұрғыдан оңтайлы ұйымдастыру дер едім. Тәрбиелеудің маңызды бөлігі – мұндай жасөспірімдерді жағымды әлеуметтік ортаға қосу қажет. Отбасындағы тәрбие жасөспірім өмірінде маңызды рөл атқарады. Жанұядағы оңтайлы тәрбие баланың бүкіл өміріне, өмірдегі мүмкіндіктеріне жол ашады. Сондықтан әрбір адам отбасында бала бойындағы ізгілік, мейірімділік, адамгергершілік қасиетін арттырып, дұрыс тәрбие бере білсе, жеткіншектердің қылмысқа бармайтыны сөзсіз. Осы ретте үйдегі ата-ана мен мектептегі ұстаздар өзара бірлесіп жұмыс жасаса, келешек жеткіншектердің болашағы жарқын болады деп санаймын.
Аудандық ішкі істер бөлімінің жасөспірімдер инспекторы Жасұлан Досанов:
– Аудан көлемінде кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жиілеп бара жатқаны көпшілікті алаңдатып отыр. Жеткіншектер арасындағы алдын алу және болдырмау мақсатында ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жұмыс жүргізіп, үнемі бақылауда ұстап келеді. Ол үшін кешенді жоспар жасалған. Атап айтқанда, ең алдымен, білім беру ұйымдарында жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен кездесулер өткізіліп, балаларға ұрлық жасамау, құқық бұзушылыққа бармау түсіндіріледі. Мектептердегі бұзақы балалармен жеке жұмыс жүргізіліп, тәртіп, тәрбие мәселесі полиция инспекторы, мектеп басшылығы және ата-ананың қатысуымен үш тарап болып қаралады. Егер жасөспірімдер арасында қылмыс жасалса, оған қатысы бар жеткіншектер есепке алынады. Сондай-ақ, ата-анаға шара көріледі. Сонымен бірге жасөспірімдер қылмысын болдырмау бағытында мектеп мұғалімдерімен ұдайы түнгі рейдтер ұйымдастырылып отырады. Яғни, кәмелетке толмаған балалардың түнгі сағат 23.00-ден кейін жүрмеуі қатаң бақылауда болады. Ал оған жол бергендер болса тағы да ата-ана жауапты болып, шара көріледі. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБТК-нің 442 бабы 2 бөлігімен алдымен ескерту жасалады, содан кейін айыппұл салынады. Және де тағы айта кететін жәйт, жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмысты болдырмау, яғни кешкілік оқушылар мектептен шыққанда үйлеріне аман-есен жетуі үшін күнделікті полицияның кешенді күштерін қызметке тарату кезінде жеке құрамды аудан көлеміндегі жарықтандырылмаған көшелерді, бос қалған ғимараттарды тексеруге бағыттау басшылық тарапынан ерекше назарға алынған. Сонымен қатар, кейінгі кездері баланың қатыгез болуына бірден бір себеп – әлеуметтік желі екені сөзсіз. Әлеуметтік педагогтардың сөзіне сенсек, виртуалды ойындарға тәуелділік баланың 3-4 жасынан басталады. Оның алдын алып, ойын шырмауынан шығармасақ, баланың болашағы бұлыңғыр, келешегі құмар ойындарына салынып кетуі әбден мүмкін екен.
Бұл психолог мамандардың салмақты пайымы. Оған қоса, жергілікті балалар дәрігері Ұлжан Үрінбаеваның да өзіндік айтар ойы бар. – Бүгінгі таңдағы балалар арасындағы талма, ашушаңдық, жүйке жүйесінің әлсіздігіне осы компьютерлік ойынға тәуелділігі әсерін тигізуде. Сондықтан баланы барынша телефоннан алшақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстануға баулыған жөн. Әрине, технологияның дамыған заманында компьютер және ұялы телефонды мүлдем қолданбау мүмкін емес. Десе де, баланы белгіленген уақытқа үйрету қажет. Яғни мектеп жасындағы балаға 10-15 минуттан күндігіне 30 минут ойнау жеткілікті, – дейді балалар дәрігері. Оған қоса, дәрігер 3-4 жас аралығындағы балаларға мүлдем телефонға телміруге болмайтынын ескертті. Өйткені ой өрісі енді қалыптасып келе жатқан баланың психологиясы бұзылып, физикалық жағынан да артта қалады екен.
Байқасаңыздар, компьютерлік ойындардың дені атыс-шабыс, төбелес болғандықтан оны ойнаған бала бірде жеңеді, бірде жеңіледі. Жеңілген бала оны көтере алмай, ашуға булығып ортамен байланысын үзеді. Сонымен бала өзіне виртуалды әлем жасап, сондағы ойын кейіпкерлерімен достаса бастайды. Осы тұста, кент тұрғыны көп балалы ана Айнұр Әлібекқызының да айтары бар. – Бірде смартфоннан кішкентай екі ұлым ойын ойнап отырды. Күнделікті күйбең тіршілікпен аса мән бермедім. Қателеспесем, шаршы алаңға шығып, жекпе-жек сайысында қан-жоса қып төбелесіп жатқан. Кенет кішкентай ұлымның жылап жатқанын естіп, жүгіріп барсам, үлкен ұлым інісінің мойнынан қылқындырып жібермей жылатып жатыр. Аналық ақылымды айтып, қайта татуластырғандай болып, ұлымнан неге жылатқанын сұрадым. Сөйтсем, інісінің бір емес, бірнеше рет виртуалды төбелесте жеңіп кеткеніне қызғанып, ақысын шынайы өмірде қайтарған түрі екен. Шынында бұл ойланарлық, ой саларлық дүние, – дейді кент тұрғыны бізбен әңгімесінде. Расында мұндай баланың бойында мейірімділік, бауырмалдық сынды қасиеттер жоғалып, орнын өшпенділік, қатыгездік жаулап бала қоғамнан алшақтай бастайды. Біріншіден, бұл баланың психологиясын уласа, екіншіден физикалық дамуы жағынан тежеледі. Бұл көріністі смартфонға жақын әрбір отбасынан көруге болады. Сондықтанда баланы үнемі бақылауда ұстауға барынша уақыт бөлген абзал.
Бұл тұрғыда психолог маман Аида Айнақожаеваның да пікірін біліп, кеңесін тыңдадық.
– Жалпы қабырғасы қатпаған, әлемге көзқарасы толық қалыптасып үлгермеген бала компьютер арқылы қажетті ақпарат алып, ондағы ойындар арқылы зұлым және беймәлім әлемге араласуда. Компьютерлік ойындарға бағыныштылық халық ойлағаннан да қауіпті. Көптеген ата-аналар үшін ол ойындарға көмекшіқұтқарушы есебінде қарайды. Қосып береді де бала сағаттар бойына тыныш отырады, ешкімнің мазасын алмайды, көшеде жүрмейді. Осының себебінен бала ойын кезінде өзін «компьютер батыры» есебінде сезінеді де, сол «батырлықты» ешқандай ойсыз көшеде қайталайды. Компьютерлік ойындар баланың еңбекқорлық қасиетін жоғалтады, мақсатқа ұмтылуға еш тырыспайды. Компьютерге бағыныштылық достарын, ата-анасы, мектепті ауыстыруға итермелейді және бұл процесс балада тез қалыптасады, – дейді психолог маман.
Сонымен қатар осы құмар ойын тақырыбы аясында ауданның «Құм сахаба» мешітінің имамы Ержан Сейітжаппаров былай дейді:
– Қоғам өмірінде құмар ойынға салынып кеткен қаракөздерімізді көріп жүрміз. Талай адамның отбасын ойран қылған карта ойыны жастардың санасын улауда. Бірнеше күн тұрмастан картаны ойнайтын арамызда ойынпаз жандар жеткілікті. Қолындағы барынан айырылған олар харам дүниеге әуес. Ата-анасының айтқанына көнбеген өз бауырымыз жақсы жолмен жүруді қаламайды. Құмар ойынға шариғатта тыйым салынған. Соған қарамастан көпшілік харам істі жанына серік етеді. Ақырында өз әрекетінен жақсылық көрмеген кісіде өкініш пайда болатыны хақ. Отбасылық жанжал құмар ойынның кесірінен туындайды. Үйдің берекесін қашырған азарт дүниеден арылу оңай емес. Жас кезінен құмар ойынға бейімделген азаматты дұрыс жолға түсіру қиын. Құмар ойыннан аулақ болу керек, – дейді имам.
                                             ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Ел болашағы жастардың қолында дейміз. Алайда, жасөспірім жеткіншек жаза басып, қандай да бір қылмыс жасаса, заң тұрғысынан қалай жауапкершілікке тартылады. Қазақстан заңы бойынша 14 жасқа толмағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Олардың ата-аналары ғана белгілі бір дәрежеде жаза тартуы мүмкін. Өткен жылы бала құқықтары туралы заң баланы жәбірлеу (буллинг) туралы жаңа терминімен толыққанымен, он төрт жасқа толмағандарға қылмыстық жаза қарастырылмаған. Түсінікті болу үшін заң бабын толық келтірейік. Онда: «баланы жәбірлеу (буллинг) – қорлау сипатындағы жүйелі (екі және одан көп) әрекеттер, қудалау және (немесе) қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер, сол сияқты жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) телекоммуникация желілері және (немесе) онлайн-платформалар пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер (кибербуллинг) заңмен қудаланады» делінген. Бұл аз десеңіз, моббинг, троллинг, хейтинг, флейминг, секстинг, тағы да басқа терминдер қосылыпты. Әлбетте, бұлардың барлығы да баланың намысына тиіп, қорлау емес пе? Бірақ, біздегі заң бойынша қылмыстық жазалау тек 16 жастан қарастырылған.
P.S. Болашағы еркін де жарқын қоғамда өмір сүргіміз келсе, бесігімізді түзеп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән бергеніміз жөн.

Әсел Рзаева
23 сәуір 2024 ж. 101 0