Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ақтөбе, біз біргеміз!

Ақтөбе, біз біргеміз!


Етектен алған тасқын су бейқам жатқан Ақтөбе өңірінің де өзегіне қол салып, қалың елді әбігерге сап қойды. Өңірлерде арнасынан асып, тасыған қарғын су төңірегіндегі елді мекендер мен күре жолдарды шайып, халық тұрмысына аса зор шығын келтірді. Төтеннен төнген қауіптен қаншама үй-жай, дүние-мүлік су астында қалды. Қапелімде тұтқиылға тірелгендей дағдарған халықтың басым бөлігінің қолына іліккені құжаты ғана. Әп дегеннен-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек қорын жөнелту жұмысы басталып кетті. Үй-жайы мен бар дүниесі топан су астында қалған өңірге жаңақорғандықтар да көмек қолын созуда.
Аудан төңірегіндегі ірі өнеркәсіп орындары қатарында «СКЗ-U» мекемесі және «Жастар ресурстық орталығы», «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры «Ақтөбеге – көмек» акциясын қолдап, еріктілердің көмегін бір арнаға тоғыстырды.
Жерлестеріміз әлі де киім-кешек, көрпе-жастық, макарон өнімдері, тұз, қант, балалар тағамдарын жинауды жалғастырып келеді. Сонымен қатар сабын, сусабын, кір жуғыш ұнтақтар да жиналуда.


ЖАҢАҚОРҒАН ЖАСТАРЫ ЖАРАДЫ

– Ақтөбе қаласы тұрғындарының қиын жағ­дайға түскенін естіген соң бірден жәрдемдесуге бел будық. Ақтөбелік бауырлардың басына түскен ауыртпалығын жеңілдету – бәріміздің борышы­мыз. Осы бағытта тұрғындардан макарон, ұн, күн­бағыс майы, киімдер жиналды, – дейді жастар ресурстық орталығы директоры Наурызбай Орынбасаров.
Сәуір айының 3-і күні Жаңақорған ауданы­нан 4 газель автокөлігімен барлығы 20 тонна бола­тын азық-түлік, төсек-орын, киім кешек, дәрі-дәрі­мек, құрылысқа қажетті заттар жөнелтіл­ді. Қажет­ті гуманитарлық көмекті жинауға 50 волонтер жұмылдырылып, оның ішінде 20 ерікті Ақтөбе облысына барып келді. Осы сапарды бастап барған еріктілер қоғамы мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Данияр Досантаевпен сұқбаттасқан едік.

– «Көп түкірсе көл» демей ме дана халық. Ақтөбеліктердің ауыр халін жеңілдету мақсатында қолымыздан келгенде көмек беруге ниет етіп жатырмыз. Осындай бірлігіміздің арқасында төрт көлікті толтырып, ерікті жастарды жанымызға ертіп, Ақтөбе өңіріндегі ауыр халдегі ауылдардың жағдайын көзбен көріп келдік. Қиын-қыстау заманда ел бірлігін байқатып, қолдау берген барша жерлестерге алғыс айтамын, –дейді ол.

Айта кетейік, осы іске демеушілік жасаған «Береке», «Заңғар», «Айсара Ана», «Қарабура», «Ғани» дүкенінің иелері және басқа да жас кәсіпкерлер қол­дау берген еді. Сондай-ақ «Жаңақорған Газель жүргізушілері» ерікті жастары гуманитарлық көмекті тасымалдауға 4 көлік қызметін тегін ұсынды.

«ТҮРКІСТАН ТАКСИ» ДЕ
ТЫС ҚАЛМАДЫ

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, айтып келмейтін апатқа ұшыраған қауымның еңсесін көтеруге көпшілік ниет танытуда. Солардың қа­тарында Түркістан қаласы мен Жаңақорғанның арасын жол қылып, жолаушылар тасымалымен айналысып жүрген көлік жүргізушілері де бар. «Түрікстан такси» чатында бас қосқан бауыр­лар әрқайсысы бір күндік табысын жинады. Нақтырақ айтсақ, 25 көлік жүргізушісінің жылуын бір қолға жинаған Ақәділ Досымов жәрдемді бір ортаға бағыттады. Ел ағасы Мұратбек Бектеміров ақ батасын берді. Сөйтіп күрделі кезеңді бастан кешіріп жатқан Ақтөбе өңіріндегі, Торғай елді мекенінің халқына қаржылай жылу жөнелтілді.

– Ортақ чатта күнде әр түрлі тақырыпта әңгіме өрбитіні анық қой. Ақтөбенің жағдайын естіп қайырымдылық жасауды құптадық. Ақылдаса келе бір күндік табысымызды жинауға уағдаластық, – деп бастады сөзін көлік жүргізушісі Аппаз Темірхан.

«АMANAT» партиясының есігін қағып, қар­жылай қолдауын ұсынған бір топ жігіттердің бейнесі әлемжеліні шарлап кетті. Көпшілік кө­лік жүргізушілерінің бұл ісіне ризашылығын біл­діріп, ешкімнен тапсырма күтпей-ақ, өз жүрек қалауымен көмекке ұмтылған азаматтар ісі көпті таңқалдырды. Біз де жүрек жылуын аямаған ағайынның іс-әрекетіне сүйсініп, халық қызметінде жүрген азаматтар ісін көпке үлгі етуді мақсат еттік.

Мақпал МАРҚАБАЙ
13 сәуір 2024 ж. 246 0