№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Олар жаққан шырақ сөнбейді

Олар жаққан шырақ сөнбейді


Бүгінгі тіршілікті электр энергиясынсыз елестету мүмкін емес. Барлық заманауи технологияның тетігі электр тоғына тәуелді. Ал енді осы ғылымның жетістігін жеткізуде тәулік бойы жұмыс істейтін мекеменің тыныс-тіршілігі туралы не білеміз? Биыл Қызылорда электр тарату торабы, яғни, «КРЭК» мекемесіне – 60 жыл. Мереке аясында Жаңақорған электр торабының басшысы Нұржан Ахметовпен сұхбаттасып, сала қызметкерлерінің еңбегі туралы ой түйіндедік.


Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері елге қызмет жасап келе жатқан мекеменің еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, көп бөлігі көнерген жарық бағаналарын баптап, қысы-жазы демей қызмет өтінде жүрген сала мамандарының бейнеті елдің көз алдында өтіп жатыр. Мекеменің жалпы қызмет барысы жөнінде сала басшысымен сұхбатымыз төмендегіше тарқатылды.
– Асқаралы алпыс жылдық мерейтой аясында атқарылып жатқан іс-шаралар өте көп. Облыс бойынша мамандық аясында және спорттық жарыстар, байқаулар ұйымдастырылуда. Алдымен іс-шарамызды ауданды көгалдандырумен бастадық. Үлкен жолдың бойына тал егіп, кішігірім аймақты жасыл желекке айналдыруға тырысып бағуда­мыз. Бильборд ілініп, шағын футболдан қызметкер­лер арасында облыстық жарыс, монтерлардың біліктілігін тексеру тесті өтеді. Ауданаралық басқа да жарыстар жоспарлануда. Сондай-ақ экскурсия ұйымдастырылады. Яғни, жарық өндіруші қос мекеме, «СКЗ-U» және «СЭС» мекемесіне саяхат жасаймыз. Онда күннен энергия қалай алынады, қалай тарқатылады деген сауалдарға жауап табамыз. Қазіргі күні аудандағы аға буын сала ардагерлеріне құрмет көрсетіп, тақтайшасын ілуді бастадық.
– Сэс демекші, бұл электр өндіруші станцияның ауданға тиімділігі бар ма?
– Бұл жоба «Жасыл экономика» деген бағдарлама аясында жүзеге асты. Негізінен электр энергиясын өндіруде қуаттылығы өте керемет. Бұл құрылғы күннің бағытына қарай бой түзеп, батқанша өзіне керекті энергияны тартады. Осыдан шыққан энергия Шалқияның екі желісіне тікелей жалғаулы тұр. Шалқиядан артылғаны «KEGOC-тың» желісіне келіп қосылып, өндіріске еніп кетеді. Күндіз пайдасы өте зор. Түнде өз жүйесінде тұра береді. Осындай энергия өндіретін жүйе аймақ бойынша үш-ақ жерде бар. Облыс орталығында, Жалағашта және біздің ауданда. Жалпы алғанда, тиімділігі бар, алдағы уақытта да қажетімізге жаратамыз.
– Мерейтой аясында басқа қандай жоспарлар бар? Мекемедегі тіршілікті тарқата кетсеңіз.
– Қыркүйек айында облыстық монтерлардың жарысы болады. Оның ішінде өзіндің ережелері бар, мәселен, трансформаторларды, бағаналарды қауіпсіз жағдайда ауыстыру, тексеру және өзге де мамандыққа қатысты міндеттемелер кіреді. Жалпы мекемеде 72 қызметкер жұмыс жасайды, тағы 5 орын бос тұр. Оның ішінде, Қандөз бен Бесарық, Сунақата, Еңбек сынды ауылдарда кадр тапшы. Оның бір себебі, жалақы мәселесі. Бұйырса, жақын арада айлық көтеріледі деген жоспар бар. Қазір біздегі мамандардың көбі Жаңақорған аграрлы техникалық колледжінде білім алған жастар. Сонымен қатар өзге өңірлерде білім алған жоғары білікті мамандар да бар. Бізден мол тәжірибе алған мамандар өндіріс орындарына ауысып жатады. Мамандардың біліктілігін арттырып, дайын кадрлар шығатын тәжірибе алаңына айналғандаймыз.
Аудан бойынша 13 қосалқы станция болса, бір 32-6 деп аталатын құрылғы бар. Кәдімгі электр желісін тарату құрылғысының 228 данасы бар, одан кейін 35 киловаттық электр желісінің 404 шақырымына, 10 киловаттық электр желісінің 476 шақырымына біздің ұжымның қызметкерлері қарайды. Күтімі, жай жөндеуі мен күрделі жөндеуі барлығы біздің құзырымызда. Техникалар жеткілікті, биыл жаңа бір көлікті сыйға алдық.
– Аудан бойынша барлық электр желілері ескірген. Трансформаторы, бағаналары мен сымдары істен шығудың алдында. Осы бойын­ша тарқата кетсеңіз.
– Жаңақорған ауданында 1960 жылдан бері электр желісі жұмыс жасап, халықты жарықпен қамтамасыз етіп келеді. Әйтсе де кенттегі және елді мекендердегі бағаналар ескірген. Біздің тарапымыздан жылына 2 рет техникалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жіті бақылануда. Оқшаулағыштарын тазалау, май құю, әуе желілерін ағаш бұтақтарынан тазалау және т.б жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. 2022 жылдан бастап облыс әкімінің қолдауымен кенттің модернизация­сы жүргізілуде. Бұл аудан орталығындағы электр желілері толықтай жаңарады деген сөз. Айта кететіні, аудан және аймақ басшысының ықпалымен елді мекендердегі желілер де жаңғыртылуда. Мәселен, былтырдан бері Еңбек, Келінтөбе, Қожакент ауылы жаңа желіге ауысуда. Биылғы жылы 9 ауылдың 4-еуі іске қосылады деген жоспар бар. Жалпы аудан бойынша барлық жарық жүйесі алдағы 2-3 жыл­дың ішінде толықтай жаңартылады деген негізгі жоспары­мыз бар. Тағы бір мәселе, біздің теңгерімімізде жоқ, бірақ біз қызмет жасайтын Шалқия кенті бар. Енді Шалқияның ішіндегі жарық жүйесін өзіміздің теңгерімімізге алуды жоспарлап отырмыз.
– Соңғы сауал болсын, мекеменің міндетін жүйелей кетсеңіз.
– Біздің негізгі міндетіміз – сапалы электр энергия­сын жеткізу және сол жеткізген энергияның килова­тын халықтан жинап, «Шиелі жарығы» мекемесіне өткі­зу. Жылдан-жылға аудан халқының саны өсіп, энергияны көбірек өндіруді талап етеді. Қазірдің өзінде 17 250 абонент бар. Оның ішінде, кәсіпкер­лік нысандар да бар. Бір айда 9 млн 600 киловатт энергияны тұтынады екенбіз. Қорыта айтқанда, бюджеттік мекеме болсын, жеке кәсіпкерлік нысандар болсын, біз тек сапалы қызмет көрсетуіміз керек. Олардан арыз-шағым түспейтіндей, осыған күні-түні қызмет жасап келеміз.
Қысқаша өзім туралы айта кететін болсам, мен бұл қызметке 1995 жылы келдім. 30 жылға жуық уақыт осы салада маңдай терімді төгіп келемін. 2013 жылы басшылыққа келіп, 2018 жылға дейін жұмыс жасадым. 3 жылға жуық уақыт Шиелі ауданында еңбек етіп, қайта ауданға келдім, – дейді ол.
Міне, күннің суығы мен аптап ыстығына қарамай табанынан тік тұрып еңбек ететін энергетиктер­дің жолы осылай жалғасып келеді. Самаладай жарқыраған жарықшамдардың артында жүздеген, мыңдаған энергетиктердiң еңбегi тұр. Сол еңбек еленіп, елден алғыс алып жатса құба-құп дейміз. Сөз соңында айтарымыз, барша мекеме ұжымының еңбегі жемісті болсын дейміз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
13 сәуір 2024 ж. 201 0