» » Ұстаз – ұлы есім

Ұстаз – ұлы есім


Ұлт ұстазы Ы.Алтынсарин атамыздың «Ұстазды алтын діңгекке балар едім» деген сөзінде терең мән-мағына жатқандай. Ұстаздық – тарихтағы ең ұлы істің бірі. Асылында, мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен ұлағатты ұстаз мәртебесі кез-келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Қай заманда болсын ұстазға құрмет жоғары. Ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Осы мақсатпен Исатай Әбдікәрімов атындағы №168 орта мектебінде ардагер ұстаз Әнипа Айтжанованы еске алуға арналған “Ұстаз – ұлы есім” атты тағзым кеші ұйымдастырылды.


Осы мектепте 33 жыл еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген Әнипа Досхожақызының өмір жолы мен ұстаздық өнегесі туралы осы кешті ұйымдастырушы Замира Сейдахметқызы сөз алып, жиынды ашып берді.
1988-2021 жыл­дар аралығында ма­тематика-инфор­матика пәнінен сабақ берген, өмірін ұстаздық жолға арнаған, сынып жетекшілік қызметін де атқарып, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатқан, оқушы­лар­ды республикалық, облыстық, аудан­дық олимпиадаларға, сайыстар­ға қа­тыстырып, көптеген жетістіктерге жет­кізген ұстаз ана Айтжанова Әнипа Дос­хожақызының арамыздан өткеніне үш жыл өтіпті.
Рухани кеште сөз алған мектеп директоры Насыр Тұрсынов пен кә­сіподақ ұйымының жетекшісі Мади­на Төлегенова әріптестің адамгершілік қасиеттерін сөз етіп, ұстаз ұлаға­тын еске алды. Мектеп оқушысы Қара­қат Мұхтархан ұстаздың өмірбаянын оқып, жүректегі сағыныш сезімін қозға­ды. Ұстаздар династиясын қалыптасты­рып, анасының ізін жалғаған Зинура Ерланқызы:
– Өмірінің 33 жылын ұстаздыққа арнаған асыл анамыздың білім сала­сындағы ізгі жолы көпке үлгі. Еске алу кешінде анамыз бен әкеміз жайлы түрлі естеліктерді тыңдап, көңіліміз толқып отыр. Елдің ықыласынан, жас өрендердің жанарынан сағыныш лебін сезініп, қадірін аттырған анама деген құрметім аспандай түскендей. Ауылға сыйлы болған әкеміз бен анамыздың шырағын сөндірмеу – перзенттік пары­зымыз. Біз әрқашан олардың өсиетіне адал боламыз, – деді ол.
Осы кеште мыңның жүрегіне жеткен «Әке, Ана» әнін тамылжытқан Әділет Талғатұлы, Әбетай Ербол, Аида Әріпханға елдің қошеметі артты.
Ұстазға деген елдің құрметі жүрегі­міз­ге жылулық сыйлады. Жабырқа­ған жүректің сырын ашып, ой түкпірін тереңнен қозғаған шараның тәрбиелік мәні зор болды.
Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Әр адам­ның жүрегіне ізгілік нұрын себе біл­ген мұғалімнің еңбегіне ешнәрсе тең келмейді. Сол нұрды жеткіншектің бойына дарыту үшін мұғалім қаншама тер төкті десеңізші. Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?!

Мақпал МАРҚАБАЙ

02 сәуір 2024 ж. 208 0