Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өзбекстаннан олжалы оралдық

Өзбекстаннан олжалы оралдық


Өзбекстанның Ферғана қаласында өткен көкпардан халықаралық турнирден Сыр еліне сүйінші жаңалық жетті. Өзбекстан Республикасының Президент кубогына арналған байрақты бәсекеде қазақ елінің атынан сынға түскен жаңақорғандық шабандоздар күміспен күптеліп, абыройымызды асырды. Дәстүрлі турнирге биыл 8 мемлекеттен командалар келіп, өзара бақ сынап, жүлде жолында барын салды. Қазақстанның намысын бұл жолы қорғау біздің балуандарға бұйырыпты. Ұлттық спортты ұлықтап, мерейімізді асырған №7 спорт мектебінің жігіттерін жерлестері құрмет төріне шығарып, аудан басшылығы арнайы құттықтады.


Былтыр бұл турнир Термез қаласында өтіп, ел абыройын алматылық «Алатау» командасы қорғап қайтқан болатын. Биыл бір ғана ауданның жігіттерінен құралған команда ақтық сынға дейін сүрінбей өтіп, тек шешуші сәтте ғана жеңісті уысынан шығарып алды. Бұл қазақ көкпарының болашағын көрсетеді. 15 жылға жуық уақыт Сыр ат спорты­ның еңсесін түсірмей, үздік үштікте жүретін Сламхан Боранбаев бастаған балуандарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.
– Биыл жоспар көп, межеміз айқын. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы додалардан бөлек, биыл Қызылорда қаласында ел чемпионаты өтеді. 20-30 сәуір аралығында өтетін ел біріншілігіне қызу дайындық үстіндеміз. Бұйырса, жеңіс тұғырынан көрініп, қыркүйек айында Астанада өтетін Халықаралық көшпенділер ойынына жолдама алуды мақсат етіп отырмыз. Барлығы уақыт еншісінде, ең бастысы, спортшыларға елдің демеуі күш береді, – деді команда жетекшісі Сламхан ағамыз.
Жеңімпаздарды аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбекұлы мен аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы арнайы қабылдап, ау­дан әкімінің «Алғыс хатын» табыс­тап, алдағы өтетін дүбірлі додаларда сәттілік тіледі. Аталған турнирге Қазақстан Республикасының атынан қатысқан Жаңақорған ауданының №7 спорт мектебінің команда құрамын­да Наурызқожа Әмзиев, Абылайхан Қалмағанбетұлы, Ақжан Ташжан, Ағайдар Даулет, Алмат Жүнісов, Медетбек Балғынбек, Лесбек Нұргелді, Қоқанбай Ерасыл, Сам Бақдаулет, Садуақас Данияр, Нұрлыбек Асқаров және Ерехан Нұржан өнер көрсетті.
Қанат Абылбеков пен Асылбек Әуезов баптаған білекті балуандардың бұл да бір биік белесі. Осы орайда, ат спортының бүгіні мен болашағына қысқаша тоқтала кетейік. Жалпы ат спортына көкпар, аударыспақ, теңге ілу мен жамбы ату кіреді. Төрт түрінен де тұғыр төрінен түскен емеспіз. Облыс құрамасы сапында түгелдей ауданның спортшылары өнер көрсетеді. Биылға дейін көкпардан үштікте, жамбы ату, теңге ілу мен аударыспақтан талай чемпион шығардық. Алдымен облыстың ат спортының жайын жүйелеп, түйінін тарқатып алсақ. Бұл жөнінде бас бапкер Сламхан ағамызбен тілдесіп, мәселенің мәйегін білуге тырыстық.
– 2007 жылы көкпар және аударыспақ спорты облыста алғаш құрылды. Енді ғана іргетасын қалаған аймақ командасы сол жылы Қызылордада өткен ел чемпионатында бақ сынады. Келесі жылы Оралда өткен ел біріншілігінде Сыр елінің шабандоздары керемет өнер көрсетіп, алтын тұғырдан көрінді. Одан кейін 2010 жылы Астанада өткен ересектер арасындағы чемпионатта да жүлдесіз оралмадық. Қоржында күміс болды, осылай жемісті жылдар жалғасып келеді.
– Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
– Шыны керек, ат спорты үлкен күш-жігерді, төзімділікті талап етеді. Әсіресе ат баптау ауыр жұмыс. Оның мехнаты бір бөлек. Негізгі мәселе ретінде атбегілер жағдайы көңілден шықпайды. Мемлекеттік деңгейде қамқорлық жоқтың қасы. Бізде ат баптаушыларға арнайы штат бөлінбеген, ипподромның инфрақұрылымы мүлде жоқ. Мал дәрігері дегенді білмейміз, айта берсек мәселе аз емес. Аймақ басшысына арнайы кіріп, осы мәселелерді талқылау көкейден шықпай жүр. Қазір жастар өсіп келеді, нәтижелері көңіл қуантады. Олардың болашағына қолдау керек қой.
– Аға жалпы ат спорты дейміз, ұлттық спорт деген де жарасады. Бұл спортта, бізді қандай болашақ күтіп тұр?
– Шыны керек, жастардың ат спортына қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Әсіресе, өзге аудандардың қарқыны жақсы. Енді мәселелер жоқ емес, оны айта-айта шаршадық. Нәтиже болып қалады деп үмітпен қарап келеміз. Дегенмен қолдаудың да барын айтпай кетуге болмас. Болашақта жастар бірінші кезекте көкпардан ел чемпионы атанатын күн күтіп тұр. Қаншама жылдың жемісі үздік үштіктен түсірмей келеді, күміс те, қола да бар қоржында, бұйырса алтынды алып келсек болды. Одан кейін, көшпенділер ойыны, әлем біріншілігі бар. Жастардан тек жеңіс күтуге болады. Өйткені ат спорты елімізде қатты қолға алынып жатыр.
Иә, Сламхан Боранбаев облыстық ат спорты тізгінін ұстаған 17 жылға жуық уақыт ішінде қаншама спорт шебері, қаншама ел чемпионы мен Әлем чемпионатының жүлдегерлері шықты. Сол аға буынның ізін жалғап, енді жастар өсіп келеді. Олардың бабы келісіп, бағы жанып тұрған шақ. Былтыр ел мерейін үстем еткен Ағаділден үлкен үміт күтетініміз рас. Міне, әзірге жастардың жігерлі жолы осылай биіктеп келеді. Биылғы жылдан күтеріміз көп.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
30 наурыз 2024 ж. 247 0