Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қызылшаны қайтсек құрықтаймыз?

Қызылшаны қайтсек құрықтаймыз?


Биыл елде қызылша індеті белең алып тұр. Біздің ауданда да аталмыш инфекцияны жұқтырғандар саны азаймай отыр. Мәселен, өткен жылы осы дертпен 114 науқас тіркелсе, биылғы жылдың алғашқы 3 айында 99 тұрғын қызылшамен ауырған.


Қызылша – инфекциялық жұқпалы ауру. Бұл дерт негізінен балалар арасында жиі кездеседі. Бұл медицинада аса қауіпті инфекция болып есептеледі. Қызылша балалар арасында жиі кездесетін дерт болып саналғанымен оның жұғу көрсеткіші өте жоғары. Ауруға қарсы екпе алмаған ересектерге де жұғуы мүмкін.
– Биылғы 20 наурызға дейінгі мәліметке тоқталсақ, жыл басынан бері 99 адам осы дертке шалдыққан. Дәл қазірге уақытта 5 науқас стационардан ем алып жатса, 4 науқас үй жағдайында емделуде.
Індет жас талғамайды. Мәселен, осы науқастардың арасындағы ең жасы 3 айлық сәби болса, ең үлкені елуді еңсерген азамат болып отыр. Сондықтан тұрғындар бұл індетке бей-жай қарамай, балаларына екпені уақытылы алуы керек, – дейді аудандық емхананың меңгерушісі, дәрігер-эпидемиолог Асқан Отарбеков.
Дәрігердің сөзінің жаны бар. Екпелер уақытылы алыну шарт. Екпе алған адамда ауру жұққан жағдайдың өзінде жеңіл өтеді.
Аурудың алғашқы белгілеріне тоқталсақ, адамда әлсіздік пайда болып, дене қызуы көтеріледі. Бас ауырып, қабақтың ісуі байқалады. Құрғақ жөтел асқынып, тамаққа тәбеті болмай, 3-8 күн аралығында денеде бөрітпелер пайда болады. Вирус ауа тамшылары арқылы науқас адамнан тарайды. Вируспен бір ауырып жазылған адамда өмір бойы қызылшаға қарсы иммунитет қалыптасады. Мәселен, қызылшамен ауырған әйелден туған нәресте үш айға дейін бұл дертпен ауырмайды. Өйткені баланың организмінде анасынан берілген антитела уақытша сақталады.
Эпидемиологтың мәліметіне сүйенсек, қазір ауданда екпе салу қарқынды жүріп жатыр. 6 айдан бастап 18 жасқа дейінгі балалардың медициналық құжаттары қайта қаралып, екпе алынбай қалған балаларды шақыртып, екпе салу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, өткен жылдың қараша айынан қосымша жаппай иммунизация басталып, жоспарлы 6 айдан 10 айға дейінгі 1128 баланың 1094-не екпе салынған. Ал, 2 жас пен 4 жас аралығындағы 5500 бала толығымен екпе алған. Сонымен қатар 30 жасқа дейінгі 67 медицина қызметкері толықтай қызылшаға қарсы екпеден қайта өткен. Сондай-ақ уақытында белгілі бір себептермен егуден бас тартқан 448 бала қайта егуге жоспарланып, 613 бала екпе қабылдаған.
Айта кетейік, медицина қызметкерлері екпенің маңыздылығын тұрғындарға айтып, түсіндірме жұмыстарын жаппай жүргізсе де екпеден бас тартатындардың саны азаймай тұр. Бас тартқан азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнатылып, психологтар мен теологтар жұмыс жасауда. Демек, вакцина алу – қызылшаны құрықтаудың жалғыз жолы.

Жұлдыз Есенбаева
30 наурыз 2024 ж. 196 0